Accessibility links

Қырғызстан соғысты сынайтын орыс әншілерінің концертін неге тыйды?


"Би-2" тобының Мәскеудегі концерті. Архив.
"Би-2" тобының Мәскеудегі концерті. Архив.

Қырғызстанда ресейлік рэпер Моргенштерннің концерті өтпей қалды. Ол 23 маусымда Бішкекте фестивальде өнер көрсетуі керек еді. Әншінің концертке шықпауына оған қарсы жасалған қоқан-лоқы мен Қырғызстанның мәдениет министрлігі және парламент депутаттарының қысымы себеп болған.

Рэпер Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, Дубайға көшіп кеткен. Соның алдында ғана Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин оған есірткі саудасымен айналысты деп айып тақты. 2022 жылғы 13 наурызда Моргенштерн "12" деген клип шығарып, соғыс туралы пікірін білдірді. Әнші бұл композициясында Путинді ашық сынамайды, бірақ әнде "дөкейлер қанды қырғынға жібереді" деген жол бар. 2022 жылы мамырда Ресейдің әділет министрлігі Моргенштернді "шетел агенті" деп таныды.

Қырғызстан маусым айы басталғалы үшінші рет Украинаға қарсы соғысты қолдамайтын ресейлік музыканттардың концертіне тыйым салып отыр. Осыған дейін "Порнофильмы" және "Би-2" топтары да Қырғызстанда концерт беретін орын таба алмаған еді. Олар Ресей билігі ұнатпайтын орындаушылар тізіміне енген. "Би-2" және "Порнофильмы" топтарынан бөлек, бұл тізімге Земфира, "Машина времени" және "Ногу Свело!" топтары кірген.

Қырғызстан неге Ресейде қудалауға ұшыраған әртістердің концертіне тыйым салып жатыр? Бұл сұраққа Настоящее Время эфирінде саясаттанушы Аида Алымбаева жауап берді.

Қырғыз азаматтары Бішкектегі концертте. Архив.
Қырғыз азаматтары Бішкектегі концертте. Архив.

– Неге Қырғызстан соғысқа қарсы ресейлік музыканттардың концертіне тыйым салып, Украинаға қарсы агрессияны сынайтын оқытушыларды жұмыстан шығарады?

– Қырғызстанда Ресей арнайы қызметінің ықпалы қашанда жоғары болған. Біздегі арнайы қызмет өкілдері ресейлік әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мысалы, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті терроризмге қарсы бөлімінде Ресей азаматтары жұмыс істейді. Совет одағынан бері солай келе жатыр. Қос мемлекет бір-бірімен ақпарат, компьютерлік бағдарлама алмасады. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетіне қажетті құрал-жабдықтарды Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) өндіреді. Барлық деңгейде тығыз әріптестік орнаған.

Концерттері өтпей қалған әртістерге келсек, әр жағдайды жеке қарастыру керек. "Би-2" тобы былтыр күзде концерт бергенін білемін, еш қиындық болмады. Биыл ұйымдастырушылармен келісіп үлгермеген. Бұған арнайы қызметтің ықпалы бар-жоғын білмеймін. Бірақ ұйымдастырушылар Қазақстандағы бас ұйымдастырушымен келіспе алмағанын айтып отыр.

Моргенштернге келсек, Қырғызстанда діншіл адам көп. Діни топтарға әншінің шығармашылығы ұнамайды. Сондықтан мұнда арнайы қызметке қарағанда, дін өкілдерінің ықпалы болғанға ұқсайды.

"Порнофильмы" тобы туралы айтсақ, бұл жерде күш құрылымдарының әсері болды деп ойлаймын.

Әр жағдайды жеке қарастыру керек дегенім сол. Бірақ Қырғызстанда ресейлік ақпарат құралдары жүргізіп жатқан пропагандадан бөлек, арнайы қызметтің де құзыреті кең.

Өзбекстан мен Қазақстанға қарағанда, Қырғызстан мен Тәжікстан сыртқы елдердің ықпалына бейім. Бұл мемлекеттер Мәскеуге тәуелді: Қырғызстанның миллионнан астам азаматы Ресейде жұмыс істейді. Бұл – Кремль үшін көрші мемлекеттердің ішкі саясатына ықпал ету құралдарының бірі.

– Толығырық түсіндіріп бере аласыз ба? Ресейде қырғыз мигрант көп. Федералды қауіпсіздік қызметінің соғысқа қарсы оқытушыларды жұмыстан шығарып, ресейлік музыканттардың концертіне тыйым салу туралы өтінішін орындамаса, қырғыз мигранттрына қауіп төне ме?

– Ресейдің Қырғызстанға мәдениет саласында ғана емес, басқа салаларда да ықпалы жоғары екенін көріп отырмыз. "Порнофильмы" тобы осындай ықпалдың құрбаны болған сияқты.

Мұнай өнімдері мен қорғаныс өнеркәсібі тауарларын Ресейден аламыз. Ресейдің айтқанын орындамасақ, Мәскеудің Қырғызстан билігіне әсер ету тетіктері бар. Олар нақты талап қояды. Мысалы, мигранттарға бақылауды күшейтеді. Сондықтан Қырғызстан үнемі Ресей билігінің дегенін орындайды. Ресейдің мемлекеттік арналарын да осы себептен өшіре алмай отырмыз. Жыл сайын Қырғызстанның арнайы қызметі 20 қызметкерін Ресейдегі федералды қауіпсіздік қызметінің академиясына оқуға жібереді. Қырғызстанның Ресейге экономикалық тәуелділігі басқа салаларда да Мәскеуге көп жеңілдік жасауға итермелейді.

– Қырғыз халқы Ресейдің бұл ықпалына қалай қарайды?

– Бұл бірінші кезекте, Қырғызстан элитасына ыңғайлы. Өйткені элитаның басты мақсаты – билікте қалу. Біздің элита экономикалық не мемлекеттік басқару реформасын жүргізбейді. Қырғызстан билігіне шетелден – Ресейден келетін белгілерге үн қатып отыру маңызды. Сондықтан Қырғызстанда Ресейдегідей "Шетел агенті" туралы заң қабылдануы мүмкін. Қазірдің өзінде ақпарат құралдарына қысым күшейіп жатыр. Бұл белгілердің ішкі және сыртқы алғышарттары бар. Экономикалық тұрғыдан Ресейге қатты тәуелді болғандықтан, біздің элита Ресейдің кез келген өтінішін қарсылықсыз орындайды.

– Қоғам ше?

– Қоғамға келсек, қандай ақпарат көзін пайдаланатынына байланысты. Халықтың негізгі бөлігі ресейлік арналарды қарайды. Сондықтан Қырғызстан халқының көбі Украинадағы соғысты қолдайды. Халықтың аз бөлігі Настоящее время, BBC, CNN сияқты басқа ақпарат құралдарын оқиды. Олар соғысқа қарсы. Өкінішке қарай, Ресей пропагандасының құрбаны болып, бұрмаланған ақпаратқа сенетіндер көп. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, билік ресейлік арналарға тыйым сала алмайды. Өйткені Қырғызстанға қысым күшейіп, мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Экономикалық тұрғыдан дұрыс дамымағандықтан, Ресейдің "сателлиті" болуға мәжбүрміз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG