Accessibility links

"Куәгерлер сөзінен бас тартты". "Әуежай ісімен" сотталғандардың адвокаттары үкіммен келіспейді


"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша айыпталған Әйгерім Тілеужан (сол жақта) мен адвокаты Айнара Айдарханова сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде 2023 жыл.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу ісі" бойынша сотталған бес адамның адвокаттары сот кезінде айыпталушылардың кінәсіз екенін дәлелдейтін көп айғақтар ескерілмеді дейді.

Судья Мартбек Кәкімжанов оқыған үкімге сай, 38 жастағы кәсіби аудармашы, журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан "әуежайда тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға сотталды. Мамандығы мүғалім әрі белсенді Қалас Нұрпейісов, Алматының үш тұрғыны – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жанайдар Кәрменов 8 жылға түрме жазасына кесілді. Сот оларды "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "тонау", "көлікті айдап әкетті" деп айыптады. Сотталғандардың барлығы жазасын қауіпсіздігі орташа түрмеде өтеуге тиіс.

"Тоқаев сотталуы керек!" Әуежайды басып алу ісіндегі үкімге жұрт наразы болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:32 0:00

Бірақ сотталушылар мен оларды қорғаушылары бұл жазамен келіспейді. Олар "сот барысында көрсетілген видеоларда айыпталушылардың ешқайсысы қандай да бір оғаш әрекетке бармағаны нақты дәлелденгенін" айтады.

"АЙҒАҚТАР ЕСКЕРІЛМЕДІ"

Азаттық сот ісін ұдайы бақылаған сотталушылардың адвокаттардан, сотты қадағалаған құқық қорғаушыдан, депутаттан және әлеуметтанушыдан шулы үкім жайлы пікір сұрады.

Айнара Айдарханова, Әйгерім Тілеужанның адвокаты:

Бұл істе ең бастысы куәгерлердің айғақтары болды. 41 куәгердің 13-і Тілеужанның ісіне қатысты куәлік берді. Бірақ олардың ешқайсысы Әйгерім айыпты деп айтпады, Тілеужанды белсенді қатысушы ретінде тани алмады. Әйгерім өздеріне ешқандай бұйрық бермегенін айтты. Тіпті бір куәгер "мүлдем көрмедім" деді. Сонымен бірге Нұрлан Дәлібаев пен Қалас Нұрпейісов тергеушілердің "егер Тілеужанға қарсы куәлік етсе, процессуалдық келісімге келуге болатынын айтқанын" жеткізді. Яғни, барлық куәгер сотта өздерінің берген куәліктері жалған екенін айтса да, сот Әйгерім ТІлеужанға 4 жыл кесті.

Абзал Айдарханов, Қалас Нұрпейісовтің адвокаты:

Қалас 200-баптың 2-бөлімі, 3-тармағы бойынша айыпталды. Бұл тармақта көлікті өмірге не денсаулыққа қауіпті емес жағдайда күш қолдану арқылы алып кету жайлы жазылған. Бірақ видеода Қаластың күш қолданып жатқан әрекеті мүлде жоқ. Әуежай ауласында тұрған көлікке отырып жүріп кетеді. Иесі бес-он метр жерде қарап тұрады. Сот кезінде көлік иесі өзіне ешқандай қысымның, қорқытудың болмағанын айтты. Видеода да көрініп тұрды. Әрине, біреудің машинасына рұқсатсыз отырып, айдап кетті. Бірақ күш қолданбады ғой. Соны "күш қолданды" деп өтірік жала жапты. Үшіншіден, Қаластың әуежайды басып алу ісіне қатысты шақырылған 13 куәгер бәрін жоққа шығарды. Керісінше "Қалас ештеңені қиратпаңдар, бүлдірмеңдер деді" деп куәлік етті. Төртіншіден, "Қалас әуежайда қолын ары-бері сілтеп, бұйрық берді" дейді. Осы іске қатысты 130 видеожазбаны сараптамаға берген. Соның ішінде 47 видеода Қаластың қолын шошайтып, бұйрық бергені анықталмаған. Ал 50-ден астам видеожазба алыстан түсірілгендіктен ешқандай сараптама жасау мүмкін емес деп айтылды. Тек қалған жиырма шақты видеоға қатысты "басқару жасап жүруі мүмкін" дейді. Бірақ соған қарамастан Қалас та, Әйгерім де кінәлі деп танылды.

Шыңқуат Байжанов, Нұрлан Дәлібаев пен Ермұхамет Шилібаевтың адвокаты:

Менің қорғауымдағы Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев тағылған айыптың ең негізгісі – әуежайға шабуыл жасау (269-бап). Шабуыл жасау дегеніміз не? Ол – бір мекемені қарумен барып басып алу. Ал ең негізгі айғақ – әуежайдың ішінен түсірілген видеожазбалар. Бәрін көрдік, судьяда қарап отырды. Ол жерде ешқандай басып алу жоқ. Тек жиналып ғимаратқа кіріп, адамдармен сөйлесті де шығып кетті, болды. Ол жерде ешқандай шабуыл болған жоқ. Қылмыстық кодексте 269-1-бап ("Күзетілген объектіге заңсыз кіру") бар. Сол күні әуежайда күзет болмаған соң ондаған адамның әуежайға заңсыз кіруін осы баппен алмастыруға болар еді. Яғни, заңсыз кірді де, қайта шығып кетті. Сол бойынша Қаласқа бес жыл жаза тағайындап, амнистияға іліндіруге болар еді. Мен тіпті судьяға ғимартқа шабуыл жасау мен заңсыз кірудің айырмашылығын қағазға шығарып тұрып апарып бердім. Бірақ судья оған назар аудармады.

Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша айыпталған Қалас Нұрпейісов (сол жақта) пен Нұрлан Дәлібаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.
Алматы әуежайын "басып алу" ісі бойынша айыпталған Қалас Нұрпейісов (сол жақта) пен Нұрлан Дәлібаев (оң жақта) сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 11 шілде, 2023 жыл.

Ринат Рафхат, сотты бақылаған құқық қорғаушы:

Бұл жерде судья сотталушылардың кінәсіздігіне емес, оны айыптау жағына көп көңіл бөлді. Бейтараптылық таныта алмады. Мәселен, сотталушылардың қорғаушылары әуежайдағы видеоларды сот кезінде көрсетті, зерделеді. Видеода сотталушылардың бірде-бірі бір нәрсені қиратып, сындырып жатқанын дәлелдейтін көрініс жоқ. Тіпті сол видеоларда бас прокурор Берік Асылов айтқандай (Биыл қаңтарда Асылов Тілеужан мен Нұрпейісовті "діни экстремистік ұйымның екі мүшесі" деп атап, екеуін "Қаңтарда әуежайды басып алды" деп айыптаған - Ред.) діни экстремизммен айналысатын ұйымдардың атрибуттары жоқ, ұрандары айтылмады. Тағы бір нәрсе, Қалас Нұрпейісов жарыссөз кезінде өзіне тергеушілер тарапынан психологиялық қысымның қалай жасалғанын, кімдерге өтірік куәлік беруге үгіттегенін түгел баяндады. Ол Әйгерім Тілеужанға қарсы қалай жалған куәлік беруге көнгенін де айтты. Судьяға "Мен Әйгерімге берген куәлігімді өзгертемін" деп мәлімдеді. Бірақ мәлімдеме сот тарапынан ескерілген жоқ.

Абзал Құспан, заңгер, мәжіліс депутаты:

Тағайындалған жазаның қаншалық осы іс әрекетке сәйкестігіне [қарау керек]. Бұл тұрғыда істі қараған судья шамадан тыс жаза тағайындады-ау деген күмәнім бар. Неге? Судья қоғамда резонанс тудырған істерді қараған кезде бірінші кезекте гуманистік принципті негізге алу керек еді. Оған негіз де жоқ емес. Сотталып жатқан азаматтардың ішінде екеуі сырттай таныс. Әлеуметтік желі арқылы болсын, басқа да танитын азаматтар арқылы болсын білемін. Біреуі – журналист Әйгерім Тілеужанова, екіншісі – тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов. Екеуі бұрын-соңды экстремистік әрекеттермен көзге түспеген, қолымызда ондай ақпарат жоқ. Осындай азаматтар біреуіне 4 жыл, біреуіне 8 жыл тағайындайтындай қандай қажеттілік болды? Жалпы қоғамға қауіпті азаматтар қоғамнан аластатылады. "Бұл адамдар қоғамға қауіпті ме, жоқ па?" деген сұрақ басы ашық қалып отыр. "Енді не істей аламыз?" деген сұрақ туындайды. Ертең сот үкімі ашық түрде шығады. Менің білуімше, бұл сот – ашық сот. Сот үкімін оқып, нақты қандай дәлелге негізделгенін сараптап, алдағы болатын аппеляцияға жан-жақты дайындалуымыз керек деп есептеймін.

Серік Бейсембаев әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының жетекшісі:

Сот үкімнен соң желіде "режимнің күнінің аяқталуына тағы бір қадам жасалды" деп жаздым. Мысалы, саяси легитимділіктің негізі – адамдардың әділеттілікті сезінуі. Билік басында отырған адам әділеттілікті қамтамасыз ете алмаса, онда адамдар үшін бүл билік әділетсіз. Сәйкесінше билікті қолдайтын адамдардың саны бірден төмендейді. Биыл жыл басында "Қаңтар оқиғасына байланысты жасалған мемлекеттік тергеудің нәтижесіне сенесіз бе, сенбейсіз бе?" деген сауалнама жүргізгенімізде халықтың 60 пайыздан астамы "сенбеймін" деп жауап берген. Бұл зеттеуді репрезентивті сауалнама ретінде жасадық. Халықтың басым бөлігі мемлекеттік айтқанын қабылдамайтынын көрдік, "өтірік" деп қабылдайды. Осындай сот үкімдерінен соң, әрине, мұндай сенімсіздіктің деңгейі артатын болады.

АЛМАТЫ СОТЫ: АЙЫПТАРЫ ДӘЛЕЛДЕНДІ

Үкімнен соң Алматы қалалық соты видеомәлімдеме жасап, "бес адамның әрекеті куәгерлердің сөздерімен, экспертизалармен, видеокамерадағы жазбалармен дәлелденді" деп мәлімдеді. Соттың пайымдауынша, Тілеужан мен Нұрпейісов "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, соның салдарынан мүлікті бүлдіру, өртеу, көлікті айдап әкету әрекеттері болған". Сот Дәлібаев, Шилібаев және Кәрменов "әуежайдағы диспетчерлікті басып алып, ҰҚШҰ ұшағын қондырмау үшін қону жолағындағы жарықты өшіруді талап еткен" дейді.

Тергеу материалында "Нұрпейісов әуежай ішіндегі жаппай тәртіпсіздікпен шектелмей, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің келуіне жол бермеу үшін әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелік жабдыққа электр қуатын беретін "Қазаэронавигация" ғимаратын басып алмақ болған" деп те жазылған.

"Әуежайды басып алу ісі" бойынша сот үкіміне наразы жұрттың жолын бөгеп тұрған полиция. 11 шілде 2023 жыл.
"Әуежайды басып алу ісі" бойынша сот үкіміне наразы жұрттың жолын бөгеп тұрған полиция. 11 шілде 2023 жыл.

Қылмыстық іс бойынша жәбіренуші деп танылған Алматы халықаралық әуежайы, "Қазаэронавигация" мекемесі мен Qazaq Air, Air Astana, Fly Arystan және Scat әуе компаниялары үкімге қатысты ешқандай пікір білдірмеді.

Айыпталушылардың адвокаттары мен жақтастары сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия елдерінен 20 мың террорист келгенін айтып", елде ҰҚШҰ әскерін шақырған еді.

2022 жылы қаңтардың басында Жаңаөзендегі сұйылтылған газдың қымбаттауы ілік болған бейбіт наразылық кейін елдің басқа аймақтарында қолдау тапқан. Артынан бұл наразылық дүрбелеңге ұласып, қан төгілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында елде 238 адам қаза тапты. Ақорда "мемлекеттік төңкеріске талпыныс болды" деген. Сарапшылар Қаңтар оқиғасына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кланы мен президент Тоқаев арасындағы элитааралық тартыс себеп болды дейді. Назарбаев та, Тоқаев та мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG