30 шілде – адам саудасына қарсы күрес күні. Атаулы дата қарсаңында Қарағандыда Үндістан азаматын ұрлап әкету ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл іс халықаралық дауға уласуы ықтимал. Жәбірленуші Қазақстан билігі істі жылы жауып тастағысы келеді дейді, ал полиция мұны жоққа шығарып отыр.
"ҚАЗАҚСТАНДА СОЛАЙ БОЛА БЕРЕ МЕ?!"
27 жастағы Үндістан азаматы Госвами Праффул Пури 8 айдан бері Қазақстанда кісі ұрлау құрбаны болғанын дәлелдей алмай келеді. Өзінің айтуынша, оны Өзбекстан азаматтары ұрлап әкетіп, ата-анасынан 200 мың доллар талап еткен.
Бұл қылмыс 2022 жылы қарашада болған. Госвами қашып құтылып, Қарағанды полициясына арыз берген. Полиция арызын тіркеп, "кісі ұрлау", "заңсыз бас бостандығынан айыру" және "бопсалау" фактілері бойынша іс қозғаған. Бірақ іс сотқа "кісі ұрлау" және "өзінше билік ету" баптары бойынша жеткен.
Жәбірленуші қазақстандық құқық қорғау органдары істің ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді жазалауға мүдделі емес дейді. Ол осыны айтып, ішкі істер министрлігіне, парламентке, сот әкімшілігіне, президент әкімшілігіне және Amanat партиясына хат жазған. Бірақ мемлекеттік органдар не хатты алдық деп қысқа қайырған, не мүлде жауап бермеген. Бас прокуратура шетел азаматының арызын облысқа жолдаған. Бірақ облыстан әлі хабар жоқ. Үндістанның Қазақстандағы елшілігі де көмектеспеген.
28 шілдеде Госвами президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіруге өтініш берді. Ол хатында психологиялық қысым көріп жатқанын айтып, президенттен істі жеке бақылауына алуды сұрады.
Даулы істі Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық қылмыстық соты қарап жатыр. Үндістан азаматы қылмыскерлерге бопсалау, заңсыз бас бостандығынан айыру, ұрып-соғу фактілері бойынша айып тағылмағанына наразы. Ол қылмыс түгел қамтылмағанын іс сотқа кеткенде бір-ақ білген.
– Не болып жатқанын түсінбедім. Не адамдарға бәрібір, не мұнда бір шикілік бар. Бөтен елде жалғыз жүргенімді көрген шығар. Маған қоқан-лоқы көрсетті, сондықтан полицияға арыздандым. Мені ұрлап әкеткендер ата-анама видео жіберді. Мені уайымдағаннан жақындарымның денсаулығы нашарлады. Жәбірленушімін, барлық дәлел, тіпті, мені еркімнен тыс ұстап, ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткенін растайтын видео да бар. Бірақ іс сотқа басқалай жетті. Қазақстанда солай бола бере ме?! – дейді Госвами Пури.
"ЕКІНШІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛҒЫМ КЕЛДІ"
Госвами Пури Қазақстанға 2022 жылы Раджастан штаты, Джодхпур провинциясынан келген. Визада Қазақстанға білім алу мақсатымен келгені жазылған. Госвамидің медицина саласы бойынша дипломы бар. Ол Қарағандыдағы жекеменшік "Казпотребсоюз" университетінен екінші жоғары білім алмақ болған. Халықаралық қатынастар факультетін таңдап, орыс тілінде оқып жүрген. Бірақ өзіне шабуыл жасалғаннан кейін сотқа сандалып, оқуын жалғастыра алмады.
Госвами Қарағандыда сонда тұратын Өзбекстан азаматымен танысқан. Біраз уақыттан кейін үнді азаматы жаңа танысынан 500 мың теңге қарыз алған. Ол оқуға ақша қажет болғанын, ата-анасы дер кезінде қажет соманы жібере алмағанын айтады.
– Ақшасын қайтардым. Бірақ олар (жаңа танысы мен оның достары – ред.) долларым барын көріп, қарызымның үстінен тағы ақша талап ете бастады. Қарыздың пайызын төлеу керек деді. Бас тарттым, өйткені олай келіспеген едік. Қоқан-лоқы көрсетті. Ешкімге ақша қарыз емеспін. Мені бопсалап, кейін ұрлап әкетті, – дейді жәбірленуші.
Госвами түнде өзін ұрлап әкеткен жігіттер ұйықтап жатқанда қашып кеткен.
– Басымнан, қабырғамнан ұрды. Қылмыскерлер ішіп алып, ұйықтап қалғанда қашуға бел будым. Оянып кетсе, өлтіретін шығар деп қорықтым. Жалаңаяқ, жеңіл киіммен қашып шықтым (ол кезде қарашаның соңы еді – ред.). Полицияға бәрін айтып бердім. Сегіз ай бойы іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермеді. Тергеуші бұл құжаттарды сот ғана қарай алады деп, ештеңе көрсетпеді, – деді жәбірленуші сотта сөйлеген сөзінде.
Госвамидің айтуынша, кісі ұрлаушылар оны Астана қаласында ұстаған. Қашып шыққаннан кейін амалдап Қарағандыға жетіп, жүргіншілерден көмек сұраған. Бір кісі су беріп, полиция шақырған. Полицияда ұзақ уақыт байлаулы болған аяқ-қолы ауырып тұрғанын айтқан.
Ол неге Астана полициясынан көмек сұрамаған? Госвами өзін қамауда ұстаған адамдардың бірі Астанадағы құқық қорғау органдарында істейтінін айтқан соң, ол жақта полицияға баруға қорықтым дейді.
Медициналық сараптама қорытындысында жәбірленушінің бетінде, қол-аяғы мен денесінде қанталаған жарақат іздері бары жазылған. Госвамиді ұрлап әкетіп, үйде ұстау, физикалық және моральдық зорлық көрсету фактілері болғанын қылмыскерлер түсірген видеолар да растайды.
Істі басында судья Шынар Іргебек қараған. Бірнеше сот отырысынан кейін жәбірленуші куәлік бере бастағанда судья істі қарауды үнді азаматының виза мерзімі аяқталатын күнге қалдырған. Госвамидің виза мерзімі сот процесі аяқталғанға дейін созылды. Бірақ мәселе шешілгенше іс басқа судья Арғын Құтышевке өтіп кеткен.
Сот процесі тамыз айында жалғасады.
ТЕРГЕУ НҰСҚАСЫ МЕН АЙЫПТАЛУШЫЛАР СӨЗІ
Азаттық тілшісі Қарағанды облыстық полиция департаментіне хат жолдап, "Жәбірленушіге іс материалдарымен танысуға неге рұқсат берілмеген?", "Айыптау қатарынан "бопсалау", "бас бостандығынан заңсыз айыру" фактілерін алып тастап, "өзінше билік ету" деген бап қосуға не себеп болды?" деп сұрады. Полиция департаменті басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров "Жиналған дәлелдерді ескеріп, Қылмыстық кодекстің 389-бабы 3-бөлімі (Өзінше билік ету), 125-бабы, 2-бөлімі (Кісі ұрлау) бойынша 5 азамат ұсталып, сот процесін бастау үшін іс прокуратураға жіберілді" деп қысқа қайырды. Полиция журналистердің басқа сұрақтарына жауап бермеді.
Айыпталушылар қатарында Өзбекстанның 5 азаматы бар. Бесеуі де қамауға алынған. Негізгі күдікті 41 жаста, оған "кісі ұрлады" және "өзінше билік етті" деген айып тағылған. Қалғандары – 27-35 жас аралығында, олар сыбайлас болғаны үшін жауапқа тартылмақ.
Сот орыс тілінде өтіп жатыр. Жәбірленушіге ағылшын тілін білетін, ал айыпталушыларға өзбекше сөйлейтін аудармашы берген. Үнді азаматы аудармашы сотта айтылған сөздерді дұрыс аудармайды деді.
Айыпталушылардың адвокаты істе процессуалды заңбұзушылықтар бар деп, соттан қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Айыптау тарабының дерегінше, тергеу кезінде жәбірленуші мен айыпталушылар жүзбе-жүз кездескенде қылмысты растайтын куәлік алынған.
Айыпталушылар Госвами бізге ақша қарыз дейді. Олар әзірге сотта куәлік берген жоқ. Прокурор да айыпталушылар жәбірленушіден қарызын қайтаруды талап еткен деп отыр. Ал үнді азаматы ешкімге қарызы жоғын, қылмыскерлер өзін бопсалап, пайызға "отырғызып", қалағанына қол жеткізе алмаған соң, ұрлап әкетіп, ақша талап еткенін айтады.
Тергеушілер басында 2022 жылдың қыркүйек-қараша айларында айыпталушылардың бірі жәбірленушіден 200 мың доллар сұрап, қоқан-лоқы көрсеткенін жазған. Айыптау тарабының дерегінше, істегі негізгі күдікті Госвамидің қарызын қайтармайтынын түсініп, оны ұрлап әкетіп, Қарағандыдан Астанаға апармақ болған. Қылмыстық ісіне басқаларды да тартқан.
Іс материалында Үндістан азаматы көліктің артына салғанда қарсылық білдіруге тырысқаны айтылған. Мұны бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар да растайды. Тергеуші қылмысқа қатысы бар делінген азаматтардың бірін "қылмыс пиғылынсыз, Госвамиге аяушылық білдіріп, аяғын жарақаттап алмасын деген ниетпен жүріп бара жатқан көлікке көтеріп салып, ішке заттарын лақтырып, есікті жапқан" деп сипаттайды.
Кісі ұрлаушылар сол күні кешкісін Госвамиді Астанаға жеткізген. Тергеу дерегінше, айыпталушылардың бірі психологиялық қысым көрсетіп, Госвамиден ақша талап етіп жатқанын видеоға түсіріп алған. Айыптау тарабының айтуынша, істегі басты күдікті жәбірленушіні кеудесінен, басынан ұрған. Аяқ-қолын байлап ұстаған.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ: ПРОКУРАТУРА МҰНДАЙ ІСТЕРДІ ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛУЫ КЕРЕК
Құқық қорғаушылар кісі ұрлау бабы бойынша қозғалған істер сотқа әзер жететінін, мұндай процестерді прокуратура жеке бақылауына алуы керегін айтады. Айыпталушылар көбіне жәбірленушімен келісімге келіп, жауапкершіліктен жалтарып кетеді.
– Тергеушілер мен соттар келісімге келуге мүдделі болмауы керек. Тараптардың келісімге келуі түрмедегі адамдардың санын азайтпайды. Керісінше, қандай қылмыс жасасаң да, сытылып кетуге болады деген түсінік қалыптастырады. Қылмыс жасаған адамдардың бір бөлігі жазасыз қалады. Кей баптар бойынша гуманизация керегі рас. Бірақ қазір келісімге келу барлық жерде жүріп жатыр. Судьялардың өзінен сотқа дейінгі келісімге келумен шешілетін істерді талап етеді, – дейді құқық қорғаушы Анна Рыль.
Оның пікірінше, адам саудасы, "заңсыз еңбекке жегу", "өзінше билік ету" сияқты қылмыстық істер бойынша келісімге келу мүмкіндігі болмауы керек. Сарапшы Қазақстандағы тергеу жүйесін жетілдіруді ұсынады. Рыльдің сөзінше, жүйенің өзі істі созбаққа салуға бағытталған.
– Көп жылдан бері тергеу шаралары баяу жүріп жатқанын байқап келе жатырмыз. Жылдам тергеу жүргізуге әртүрлі кедергілер бар. Бірінші кезекте, сот-медициналық сараптамасы. Денсаулыққа жеңіл жарақат жасалса да, сараптаманы кемі екі апта не бір ай күтеміз. Көгерген жерді сипаттап жазуға бір ай кете ме? – дейді Анна Рыль.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам саудасы туралы жаңа баяндамасында "Қазақстан үкіметі адам саудасын жою стандарттарын толық сақтап отырған жоқ, бірақ осы мақсатта біраз күш салып жатыр" делінген. Құжатта билік кейде адам саудасынан зардап шеккен шетел азаматтарын тиісті қорғаныс қызметімен қамтамасыз етпейтіні айтылады.
Мемлекеттік департамент баяндамасында Қазақстанға Қылмыстық кодекске толықтырулар енгізіп, "адам саудасына" халықаралық құқық талаптарына сай анықтама беру ұсынылған.
БҰҰ дерегінше, Орталық Азиядағы ірі мемлекет саналатын Қазақстанға көрші мемлекеттерден жұмыс іздеп келетін мигрант көп. Кейінгі екі-үш жылда Қазақстанда адам саудасы мен заңсыз еңбекке жегу фактілері жиілеп кеткен.
Биыл сәуірде "Адам саудасына қарсы күрес туралы" заң жобасы мәжіліске өтті. Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, жаңа заңда адам саудасы құрбандарының құқығы бекітіліп, қылмыс қаупін бағалау жүйесі енгізіліп, үкіметтік емес ұйымдар рөлі анықталады.
ПІКІРЛЕР