Accessibility links

Рубльдің соңынан теңге де әлсіреді. Енді не күтіп тұр?


200 теңгелік монета мен 100 доллар.
200 теңгелік монета мен 100 доллар.

Мамыр айынан бері бағамы тұрақты болып келген теңге кейінгі екі күннің ішінде 3 пайызға жуық құнсызданды. Сарапшылар теңге Ресей рублінің ізінше құнсызданды десе, Ұлттық банк валюта бағамын нарық реттейді дейді. Бірақ ешкім де теңгенің әлсіреуін отандық өндірушілерді қолдаумен байланыстырмайды.

РЕСЕЙ РУБЛІНІҢ ІЗІМЕН

17 тамыз күні Қазақстан қор биржасында доллардың ең жоғары бағамы 466,93 теңгеге жетті. Сол күні Алматы қаласындағы ақша айырбастау орындарында доллар 469 теңгеге сатылып жатты. Бұл − теңгенің жыл басынан бергі ең төменгі құлдырау шегі. Валюта нарығындағы ахуал бар-жоғы екі күннің ішінде өзгеріп сала берді.

Апта басында ғана ақша айырбастау пунктерінде доллар 450 теңге тұрған, ал жергілікті ақпарат құралдарында сарапшылар теңге құлдырап жатқан рубльден "ажырады" деп жағымды болжамға толы сұхбаттар берген.

Ресей рублінің динамикасын бақылау – қазақстандықтар үшін үйреншікті іс. Рубльді қадағалап жүрген жұрт әдетте Еуразия экономика одағына кіретін солтүстік көршінің валютасын девальвациялаған соң, көп ұзамай теңге де құнсызданатынына көз жеткізген. Мысалы, былтыр Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеуге Батыс санкциялары енгізіліп, артынша доллар 120 рубльге дейін қымбаттады – ізінше теңге де әлсіреді (доллар бағамы 500 теңгеге дейін жеткен).

Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда рубльмен бірге теңге бағамы да құлдыраған. 2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласындағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы көрсетілген табло. Азаттық архивіндегі фото.
Ресей Украинаға соғыс ашқан күні Қазақстанда рубльмен бірге теңге бағамы да құлдыраған. 2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласындағы ақша айырбастау орындарының біріндегі валюта бағамы көрсетілген табло. Азаттық архивіндегі фото.

Ресейге импорт қысқарып, энерготасымалдағыштар бағасы өсіп, орталық банк валюталық реттеу шараларын қолға алған соң, рубль күшейді. Артынша теңге де нығайды.

Ал 2023 жылдың тамызы басында ұзаққа созылған Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар күшейген тұста рубль әлсірей бастады. Қазақстандықтардың көбі ақша айырбастау пунктеріндегі доллар бағамына мұқият көз тіге бастады. Бірақ теңге бағамы тұрақты болып қала берді. Рубль 4 теңгеге дейін төмендеді. Сарапшылар ұлттық валюта рубльге енді "байлаулы емес", елде девальвация болмайды деген жағымды болжам айтты.

Төрт жұмыс күні ішінде доллар 14 теңгеге жуық қымбаттады, ал рубль бағамы 5 теңгеге жетті (бір рубль үшін бес теңге – көп жыл бойы болған паритет).

ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ СОҚҚЫ

Рубль тамыз басынан құнсызданып, теңге бағамы өзгеріссіз тұрған тұста Қазақстан Ресейден импорттайтын тауар арзандап, бұл отандық өндірушілерге соққы болып тиді. Солтүстік көршіден экспортталатын ұн, күнбағыс майы, қарақұмық, сүт өнімдері, қант, басқа да азық-түлік түрлері отандық өнімнен арзан бағаға сатыла бастады. Әсіресе солтүстік көршімен шекаралас аудандарда Ресей тауарлары қаптап, жергілікті кәсіпкерлер демпингтен кейін шығынға бата бастаған.

"Фермадан қайта өңдеуге сүттің литрін 200-240 теңге арасына сатып алсақ, Ресейдің тетрапакеттегі дайын өнімі 180 теңгеден шығады. Олармен қалай бәсекелесеміз? Ресей тауарлары бұған дейін Ақтөбедегі сауда орындарында сатылса, енді көпқабатты үйлердің ауласына көлікпен әкеліп сатып жүр" дейді Ақтөбе облысы сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығының өкілі Сағынғазы Құрманәлин.

Ресей рублі құнсызданып жатыр. Бұл Қазақстанға қалай әсер етеді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Тамыздың басында азық-түлік өндірушілері баспасөз мәслихатын өткізіп, Ресейден келіп жатқан көлеңкелі импорт отандық өндірушілерге қауіп төндіретінін жеткізді. Рубль девальвациясынан кейін солтүстік көршіден ағылған анағұрлым арзан тауар нарықты жаулады. Қазақстанның қант, тамақ, қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, Еуразия экономика одағының талабы бойынша, Ресейден елге 250 мың тонна қант импортталуы керек, ал теміржол арқылы елге 283 мың тонна ақ қант жеткізілген, автокөлікпен қанша қант әкелінгені белгісіз.

Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтқан май, сүт өнімдері мен тауық етін өндірушілер Қазақстан премьер-министріне хат жолдап, қолдау көрсетуді сұрады.

Көп ұзамай теңге әлсіреді. Бірақ сарапшылардың ойынша, мұның артында Астананың отандық өндірушіні қолдау құлшынысы жатқан жоқ.

Теңге неліктен құнсызданды және тұтынушы кәрзіңкесіндегі шетел тауарының импортына тәуелді қазақстандықтарды не күтіп тұр? Азаттық мұны сарапшылардан сұрап көрді.

Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов
Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов

Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов теңге бағамының әлсіреуіне Ресей рублімен қатар басқа да факторлар әсер етті деп есептейді. Оның бірі − Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы апат батыстағы мұнай кен орындарын электр қуатынсыз қалдырды. Ал бұл бюджет кірісінің негізгі көзі − мұнай өндірісі қысқарады деген сөз. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев апат кесірінен Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісі жылдың аяғына дейін 1,5-2 миллион тоннаға дейін қысқаратынын айтты.

Қайырленов энергетика инфрақұрылымының жай-күйі, мемлекеттік басқару сапасы мен мемлекеттік бюджет табысының әрі-сәрі күйде болуы бюджет шығыны көбейеді деген қауіпті арттыра түседі дейді. Бұл да биліктің теңгені әлсіретуіне әсер ететін факторлар.

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетов теңгенің әлсіреуіне бірнеше себеп түрткі болды деп есептейді. Оның ойынша, валюта нарығына қатысушылар Ресей тауарлары арзандайды деп болжап, долларды сатып алып жатыр.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов
Қаржыгер Расул Рысмамбетов

Рысмамбетов теңгенің әлсіреуіне сыртқы қарызды жабуға тиіс ойыншылардың валютаны сатып алуы да түрткі болды дейді. Банктер мен ірі компаниялар теңге әлсірейді деп болжап, валютаны сатып ала бастады.

Тағы бір себеп – квазимемлекеттік сектор 2020 жылдан бері валютадағы табысының бір бөлігін сатуға міндеттелген. Алайда Рысмамбетов қазір квазимемлекеттік сектор өзі бұл ақшаны қажет ететіндіктен, нарыққа сататын валюта көлемі бұрынғыға қарағанда қысқарды дейді.

Азаттық Ұлттық банктің баспасөз қызметіне хабарласып, теңгенің құнсыздану себептері мен бас банктің валюта нарығына араласатынын-араласпайтынын сұрады. Баспасөз қызметінің өкілі Асан Қалиахмет "теңге еркін айналымда болғандықтан, валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты құбылып тұратынын" айтты.

"Әзірге драматизм бар ма, жоқ па, айта алмаймын. Былтыр 500-ден асқан кездер болды. Бұл нарыққа қатысушылардың әрекеті. Қанша валюта сатып алады, сатады, соған қарай құбылуы мүмкін" деді Қалиахмет.

Ұлттық банктің валюталық интервенция жасап, теңгенің айырбас бағамын реттеуге құқығы бар. Алайда бас банктің баспасөз қызметкері теңгенің айырбас бағамы белгілі бір мәнге жеткенде интервенция жасалады деген қағида жоқтығын айтты.

ТЕҢГЕНІ НЕ КҮТІП ТҰР?

Соғыс жағдайында Ресей рублі алдағы уақытта да құлдырай бермек. Ресей әскері Украинаға басып кіргелі Батыс елдері Мәскеуге санкция салып, мұнай мен газ алуды қысқартты. Кремль мұнай экспортын Қытай мен Үндістанға бұрып, енді бұл экспорт үшін доллар емес, юань, рупия мен рубль алады. Компаниялар мен халық қажет ететін еуро мен доллар тапшы. Мұндай жағдайда сарапшылар доллар бағамы 120, 130 рубльге дейін шарықтауы мүмкін деп болжайды.

Рубльдің екі жыл қатарынан құлдырау тенденциясы бұған дейін 2014-2015 жылдары байқалған. 2014 жылдың наурызында Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамы 36 рубль болса, 2015 жылдың ақпанында 66 рубльге бір-ақ жеткен.

Теңгенің құнсыздануы. Карикатура авторы − Ғалым Смағұлұлы.
Теңгенің құнсыздануы. Карикатура авторы − Ғалым Смағұлұлы.

Қазақстан 2015 жылдың тамызына дейін теңгені құнсыздандырмай, ұстап тұрған. Нәтижесінде қазақстандықтар Ресейге ағылып, арзан көлік, техника мен электрониканы жаппай сатып ала бастады.

Кейін 2015 жылдың 20 тамызында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 188 теңгеден 255 теңгеге ұшқан күні сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев теңге бағамын ұстап тұру үшін екі жыл ішінде 28 миллиард доллар жұмсалғанын мәлімдеген.

Қайырленов Ресей рублінің Қазақстан экономикасына әсері тап 2014-2015 жылдардағыдай болмайды деп топшылайды. Себебі санкция астында қалған Ресейге Батыстан бұрынғыдай көлік пен техника импортталмайды. Дегенмен рубльдің құлдырауы бәрібір отандық тамақ өндірісіне соққы болып тиеді. Ресейдің арзан өнімдерінің қаптауы азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, отандық өнімнің түбегейлі жойылуына әкелуі мүмкін.

"Ресей рублінің проблемалары енді басталды, теңгені рубльдің артынша девальвациялай алмаймыз. Сондықтан Ұлттық банк қазіргі кезде теңгенің күшеюі рубльдің қазіргі мәніне қалай әсер ететінін бағалағаны жөн болар еді" дейді Қайырленов.

Қазақстандық май, сүт өнімдері мен тауық етін өндірушілер елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтып, үкіметтен қолдау көрсетуін сұрады.
Қазақстандық май, сүт өнімдері мен тауық етін өндірушілер елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын айтып, үкіметтен қолдау көрсетуін сұрады.

Теңге девальвациясы шетелден келетін тауар бағасына әсер етіп, соның салдарынан инфляция шарықтайды. Бұдан онсыз да сатып алу қабілеті төмендеп жатқан халық зардап шегеді. Сондықтан үкімет теңгені ары қарай девальвацияламай, кәсіпорындарға көмек көрсетумен шектелуі мүмкін.

"Егер азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар зардап шексе, онда 30-50 мың адам жұмыс істеуі мүмкін. Екінші жағынан 20 миллионға жуық халықтың әл-ауқат мәселесі тұр. Олай болса үкімет 20 миллион халықтың тұрмысын нашарлатудан гөрі кәсіпорындарға қолдау көрсеткеніміз арзанға түседі деп шешуі ықтимал" дейді Қайырленов.

Halyk Finance инвестициялық-брокерлік компаниясы теңге екінші жарты жылдықта әлсіреп, доллар бағамы 475 теңге шамасында болады деп болжайды.

Сағынғазы Құрманәлин теңгенің әлсіреуі отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетін арттырмайды деп есептейді. Ресейде азық-түліктің үлкен қоры жиналған, теңгенің құбылуы тауардың өзіндік құны төмен Ресей өндірушілеріне айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан, оның ойынша, тауар өндірушілерін құтқаратын жалғыз шешім – Еуразия экономика одағынан шығу.

Еуразия экономика одағынан шығу мәселесін белсенділер мен Ресей нарығына шыға алмаған кәсіпкерлер көп көтергенмен, ахуал өзгермеді. Сарапшылар одақтан шығу мемлекеттің саяси ерік-жігеріне келіп тіреледі дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG