Accessibility links

"Ұрланған балалық шақ". Беларусьтегі саяси тұтқындардың балалары тірі жетім қалды


Андрей Шаренда әйелі Беларусьте қамауда отырғанда баласына қалыпты орта жасауға тырысатынын айтады. Суретте Андрей ұлы Стахты көтеріп тұр. 2017 жылы түскен.
Андрей Шаренда әйелі Беларусьте қамауда отырғанда баласына қалыпты орта жасауға тырысатынын айтады. Суретте Андрей ұлы Стахты көтеріп тұр. 2017 жылы түскен.

Белгілі құқық қорғау ұйымының дерегінше, Беларусьте кейінгі үш жылда болған қудалау мен қысым салдарынан 1500 азамат саяси тұтқын атанған. Көбінің балалары ата-ана қамқорлығынсыз қалып, тірі жетімнің күйін кешіп жүр.

Беларусьтің оппозициялық саясаткері Полина Шаренда-Панасюк 2021 жылы қаңтарда Брест қаласындағы үйінде болған. Аяқасты полиция келіп, есігін бұзып, 4 жасар ұлының көзінше қолына кісен салып, алып кеткен.

48 жастағы Полина полицияға шабуыл жасады және Беларусьтің диктатор президенті Александр Лукашенкоға тіл тигізді деген айыппен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол осы айдың басында бостандыққа шығуы керек еді. Бірақ билік оған жаңа айып тағып отыр. Енді белсенді тағы да белгісіз мерзімге түрмеде қалуы мүмкін.

Анасын көз алында ұстап әкеткеннен кейін 4 жасар Стахтың сөйлеу қабілеті бұзылған. Қазір Полинаның күйеуі Андрей Шаренда Литвада ұлын емдетіп жүр. Ол әйелі ұсталғаннан кейін балаларын алып, шетелге қашуға мәжбүр болған.

– Ұлым сөйлемей қалды. Тілдің кеш шығуы деген диагноз қойылды. Екі жыл емделдік. Вильнюсте тұрған бір жылда психолог пен логопед көмегімен бұл жағдайды еңсердік. Стах басқа балалармен бірдей мектепке барады. Бірақ ұлымның балалық шағын ұрлады, – дейді Андрей.

Андрей Шаренда әйелі Полина Шаренда-Панасюкпен бірге. 2017 жылғы сурет.
Андрей Шаренда әйелі Полина Шаренда-Панасюкпен бірге. 2017 жылғы сурет.

Полина – 2020 жылғы даулы президент сайлауынан кейін Александр Лукашенконың жеңісін мойындамай, наразылыққа шыққаны үшін түрмеге жабылған саяси тұтқындардың бірі.

Бұл жағдай тұтқындардың жақындарына ауыр тиіп, әсіресе, балаларға жан жарасын салып отыр. Психолог Наталья Станкевич ата-анасының бірі түрмеде отырған баланың жанында қолдайтын ересек адам болғаны маңызды дейді.

– Ересек адам өзі жыласа да, балаға "Анаңды ойлап, уайымдап отырмын. Кел, бірге хат жазайық" дей алатын болуы керек. Балаға 24/7 қайғырып, көз жасын көл етіп отыратын адам емес, рухы мықты кісі қажет, – дейді Станкевич.

Андрей Шаренда туған үйінен алыста жүрген Стах пен 14 жастағы үлкен ұлы Славомирге қалыпты өмір сыйлауға барын салып жатқанын айтады.

– Әйелімнің жағдайы әлдеқайда қиын екенін білемін. Полина көп азап шегіп жатыр. Сондықтан шағым айтып, еңсемді түсіруге, күйзеліске түсуге хақым жоқ, – дейді екі баланың әкесі.

Андрей балаларына анасының суретін көрсетіп отырады. Өзінің айтуынша, кенже ұлы анасын ұмыта бастаған.

"ӘКЕ, ӘКЕ, ПИК-А-БУ"

2021 жылы желтоқсанда Азаттықтың Беларусь қызметінің тілшісі Игорь Лосик жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, әлеуметтік араздық туғызды және өзге де заңға қайшы әрекеттер жасады деген айыппен 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Лосиктің әйелі Дарья күйеуі қамалғаннан кейін "Настоящее Время" басылымына берген сұхбатында кенже қызы Полинаның телефонын алып, "Әке, әке, пик-а-бу" дейтінін айтқан еді.

– Игорьдің суретін көрсетуді сұрайды. Ойыншық ыдыстарын әкеліп, әкесінің суретіне ойыншық тамақ береді, бірге доп ойнайды. Қызыма қарасам, жүрегім ауырады, – деген Дарья.

Игорь Лосик, әйелі Дарья Лосик және қызы Полина фотоколлажда.
Игорь Лосик, әйелі Дарья Лосик және қызы Полина фотоколлажда.

Қаңтарда Дарья Лосиктің өзі де экстремистік қызметке көмектесті деген айыппен екі жылға сотталды. АҚШ пен Еуроодақ Игорь және Дарья Лосиктің сотталғанын сынап, оларға қарсы қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеді.

Қазір түрмеде отырған ерлі-зайыптының кішкентай қызы ата-әжесінің қолында өсіп жатыр.

2022 жылы желтоқсанда беларусь журналисі ұсталғанда, оның жасөспірім ұлы Святослав балалар үйіне жіберілген. Бір айдан кейін Ларисаның Ресейде тұратын бұрынғы күйеуі құжат жинап, баланы қамқорлығына алған.

Өткен айда Гомель қаласында Щирякованың соты өткен. Бұған дейін журналистің туыстарына Святославты балалар үйінен алып кетуге рұқсат берілмеген.

Лариса Щирякова сотта.
Лариса Щирякова сотта.

Экстремистік қызметке көмектесті, Беларусьтің беделін түсірді деп айыпталған журналистің соты жабық режимде өтіп жатыр. Сот Щирякованы кінәлі деп тапса, жеті жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.

9 тамызда соңы жаппай наразылық пен қуғын-сүргінге ұласқан президент сайлауына үш жыл толғанда шетелге қашуға мәжбүр болған оппозиция басшысы Светлана Тихановская "Шындық – біздің жағымызда" деді.

Ол отандастарының Лукашенконың Беларусь халқын үміті, жақындары, еркіндігі, туған жері мен тәуелсіздігінен айыруға талпынысының алдында мұқалмас қайрат көрсеткенін мақтанышпен атап өтті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG