Accessibility links

Денсаулық басқармасы Думан Мұхаммедкәрім жөнінде: Дәрігерлер консилиумы ауруханаға жатқызуға қажеттілік жоқ деп тапты


Думан Мұхаммедкәрім.
Думан Мұхаммедкәрім.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Талдықорғандағы тергеу изоляторында 1 қыркүйектен бері аштық жариялап жатқан журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы туралы Азаттық тілшісінің жазбаша сауалдарына жауап берді. Бұған дейін журналистің әкесі 7 қыркүйекте кездесуге барғанда ұлы әлсірегендіктен кездесуге шыға алмағанын айтып, денсаулығы нашарлағанына алаңдаған. Жақтастарының айтуынша, журналист "өзін дәрігерге қаратуды талап етіп отыр". Түрме әкімшілігі де, ҚАЖК да аштық акциясы туралы сұрақтарға жауап бермеді.

"Ол [Думан Мұхаммедкәрім] тергеу изоляторында. Денсаулығы орташа тұрақты. Медициналық тексерістен бас тартты. Мекеме әкімшілігіне шағымы жоқ" деп жазылған ҚАЖК-ның 8 қыркүйек кешке қарай Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында.

Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген ҚАЖК 8 қыркүйекте Думан Мұхаммедкәрім Талдықорғандағы көп салалы ауруханаға жеткізіліп, терапевт-дәрігерге қаратылғанын жазды.

"Дәрігерлер консилиумы оны жедел түрде ауруханаға жатқызуға қажеттілік жоқ деген қорытынды жасады" деп жазылған хабарламада.

Азаттық журналистің аштық акциясы туралы сұрақ қойған, бірақ хабарламада оған жауап жазылмаған.

Бір күн бұрын журналистің әкесі шамамен 230 шақырым жердегі Талдықорғандағы тергеу изоляторына барып, ұлына жолықпақ болған. Алайда ол ұлын көре алмай қайтқан. Ол журналист жеті күннен бері тек су ішіп отырғанын айтты.

– Ауырып жатырмын деді, кездесуге шықпады. Әлсіздік қой. Қамалғаннан бері бүйрегі ісіп ауырып жүр. Өткенде дәрігерлер барып, ауруханаға жатқызамыз деген, бірақ сөздерінен айнып қалды ма, ауыстырмай қойды. Дәрігерлер келмеген соң оларға наразылық ретінде аштық жариялады. Маған жағдайы бірқалыпты дейді... Бұл — таза азаптау. Атбасардағыдай ұрып-соқпаса да, осылай қинап жатыр, – деді журналистің әкесі Алмаз Тілепов 8 қыркүйекте таңертең Азаттыққа.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне ел аумағында тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG