Accessibility links

"Мәселе өтемақыда емес". Ресейлік отбасы Украинада қаза тапқан жауынгердің мәйітін таба алмай жүр


Бахмут түбінде қаза тапқан Артем Пономаревтің мәйітін туыстары үш ай бойы таба алмай жүр.
Бахмут түбінде қаза тапқан Артем Пономаревтің мәйітін туыстары үш ай бойы таба алмай жүр.

Артем Пономаревтің жесірі мен енесі мамырда қаралы хабар алғаннан бері марқұмның мәйіті қайда жерленгенін іздеумен әлек. Олар өз ауылында дәл осылай жақынының сүйегін ала алмай отырған басқа отбасылармен біріккен.

23 мамыр күні кешкісін Ресейдің солтүстігіндегі ауылда тұратын Надежда 23 жастағы күйеубаласы Артем Пономаревтің Украинадағы соғыста қаза тапқанын естіген. Ертеңіне әскери комиссариат жас жігіттің қазасын растаған.

Әскери комиссариат Артемнің әйелі Полинаға күйінің қазасын осылай естірткен.
Әскери комиссариат Артемнің әйелі Полинаға күйінің қазасын осылай естірткен.

Жергілікті әскери комиссариат берген ақпаратқа қарағанда, Артем 14 мамырда Шығыс Украинадағы Бахмут қаласында қаза тапқан. Архангельск облысындағы 3500 халқы бар Шипицыно ауылына қаралы хабар жеткенімен, жауынгердің мәйіті келмеген. Аза тұтқан жақындары әлі күнге марқұмды жерлей алмай отыр.

Мамырдың соңында қара қағаз алғаннан кейін Артемнің енесі Надежда мен 2022 жылы шілдеде үйленген әйелі Полина мәйітханаларды аралап, туыстары мен достарының таныстарын ортаға салып, марқұмның мәйітін іздеуге кіріскен.

– Ауылдағы жігіттердің көбіне әскерге шақырту келді. Артемді Украинаға шығарып салған күні балаларын соғысқа аттандырып тұрған адамдар көп болды, – дейді Надежда.

Артемнің қазасынан кейін бірнеше айдан соң, Надежда мәйітті Бахмуттан Ресейге жібергенін білген. Марқұмның денесі Украинаның шығысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған үш ірі мәйітхананың бірінде болуы мүмкін.

Надежда адвокаттың көмегімен Артемнің қаза тапқандар тізімінде емес, із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұрғанын анықтаған. Адвокат бұл мәйіт жоғалып кетті дегенді білдіруі мүмкін дейді.

Артем мен Полинаның үйленген кездегі суреті.
Артем мен Полинаның үйленген кездегі суреті.

Артемнің денесі табылмайынша, Надежда мен Полина оны арулап жерлей алмайды, мемлекеттік өтемақыдан да үміт жоқ.

– Ақша үшін жанталасып жүрген жоқпын. Мәселе өтемақыда емес. Бастысы, ұлымды тауып, сүйегі бір жерде қурап жатпағанын білу, – дейді марқұмның енесі.

АРТЕМ

Артем – қазір тарап кеткен "Вагнер" тобының қатарында соғысып, Украинада қаза тауып, туыстарына денесі берілмеген көп жауынгердің бірі. Соледар мен Бахмутта болған шайқаста қаза тапқан жауынгерлердің мәйітін тану мүмкін болмады. Бұл олардың денесін туыстарына жеткізіп, мемлекеттен өтемақы тағайындау процесін ұзартып жіберді.

Соғыста қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Бірақ тамызда АҚШ-тың өкілетті тұлғалары Ресейдің әскери шығыны 300 мыңға жуықтады деп мәлімдеді. Олардың 120 мыңы қаза тауып, 180 мыңы жараланған. АҚШ шенеуніктерінің есебінше, екі жылға таяған соғыста 70 мыңға жуық украин жауынгері көз жұмған. Жараланғандар саны 100-120 мың аралығында.

Адам шығыны көбейген сайын, Кремль соғысқа жаңа күш тартудың небір әдісіне көшті. 2022 жылы қыркүйекте ішінара мобилизация аясында резервте тұрған 300 мың адам әскерге шақырылады деген хабар тарады. Бұл дүрбелең туғызып, ондаған мың ресейлік соғысқа барудан қашып, көрші мемлекеттерге қоныс аударды.

Содан бері Ресей үкіметі азаматтарды майданға баруға әртүрлі жеңілдіктермен, ақшалай сыйақылармен ынталандырып көрді. Мемлекет әскери тәжірибесі бар азаматтарға шақырту жібере бастады. Ресей президенті Владимир Путин 4 тамызда міндетті әскери қызмет жасын 27-ден 30-ға дейін көтерді. Бұл болашақта жалпыға ортақ мобилизацияға негіз болуы мүмкін деген болжам бар.

Артем Пономарев.
Артем Пономарев.

Ауылдағы басқа жігіттер сияқты Артем да мектеп бітіргеннен кейін әскерге барған. Әскери қызметін ерте аяқтап, үйіне оралған. Жасөспірім кезінде әкесі үйінен кетіп, анасы таңнан кешке дейін жұмыста болған Артем енесі Надежданы анасындай көрген.

2022 жылы қыркүйекте Артемді жергілікті әскери комиссариатқа шақырып, Украинаның шығысына жіберген.

Артемнің соғыста немен айналысқаны белгісіз. Надежда мен Полина Артемнің сөзінен оның Бахмутта алдыңғы шепте емес, қоршау салып, жер қазып жүргенін түсінген.

Отбасы Артемнің мәйітін табу үшін дәл өздеріндей жақынын іздеп жүрген басқа адамдарға қосылған. Telegram-дағы жазбалар, дәрігер, медбике болып істейтін арқасында марқұмның ықтимал орны белгілі болды.

Надежда мен Полина осы зерттеу барысында Артемнің мәйітін Ресейді қолдайтын сепаратистер қолындағы Луганскідегі мәйітханаға жеткізгенін білген. Ол жақтағылар Артемді Дондағы Ростов қаласындағы мәйітханаға апарған болуы керек деп жауап берген.

Надежда ол жаққа да хабарласқан. Олар Артемді таба алмаған. Бірақ Шипицынода туған, Артеммен бір жерде, бірдей уақытта қаза тапқан басқа жауынгер табылған. Оның мәйітін туыстарына жіберіп, жерлеген.

Надежда әскери комиссариатқа бар жиған-терген ақпаратын айтып бергенде, олар иығын қиқаң еткізіп отыра берген. Күткен көмегін ала алмаған ана жергілікті прокуратураға барып, жауаптарына көңілім толмады деген шағым жазған.

– "Мұның бәрін қайдан білесің?" деді де қойды. Қарап жатырмыз дейді, бірақ ештеңе істеп жатқан жоқ, – дейді Надежда.

"КҮТ ДЕДІ ҒОЙ, КҮТІҢІЗ!"

Надежда Дондағы Ростов қаласында Артемнің отрядындағы жауынгер табылса, күйеубалам да сол жерде болуы керек дейді. Ол былтыр "Вагнер" тобының жетекшісі, бір ай бұрын әуе апатынан көз жұмған Евгений Пригожиннің "Дондағы Ростов мәйітханасында мыңдаған жауынгер жатыр. Билік соғыстағы шығынын жасыру үшін олардың мәйітін туыстарына бермей отыр" деген сөзіне сенетінін айтады.

Отбасы адвокаттың көмегімен Дондағы Ростов мәйітханасында ДНҚ тест жүргізуді талап еткен. Бірақ Надежданың айтуынша, сараптама дұрыс жүргізілмеген. Мәйітхана тесті қағаз конвертке салып, қарапайым жеткізу қызметімен жіберген. Оның жеткізілу барысын қадағалау мүмкін емес. Отбасы тест қорытындысын алмаған.

Адвокат Архангельск облысының әскери комиссариатына отбасының атынан өтініш берген. Олар уақытылы жауап қайтаруға уәде берген. Бірақ 20 шілдеде жіберілген хатқа әлі жауап келген жоқ.

Надежда тағы тексеріп көргісі келген, бірақ әскери комиссарит көмектеспеген.

– "Сіздерге күт деді ғой, күтіңіздер" деп дөрекі сөйледі, – дейді Надежда.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG