Accessibility links

Жарылыс, босқындар және ереуіл. Таулы Қарабақтағы жағдайдың мән-жайы


Степанакерт (Ханкенді) – Аскеран күре жолындағы жанармай цистерналарының жарылысы. Таулы Қарабақ, 25 қыркүйек 2023 жыл.
Степанакерт (Ханкенді) – Аскеран күре жолындағы жанармай цистерналарының жарылысы. Таулы Қарабақ, 25 қыркүйек 2023 жыл.

Таулы Қарабақтың ұлты армян мыңдаған тұрғыны Арменияға бас сауғалады. Жағдайды жанармай қоймасындағы жарылыс ушықтырып отыр. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны 200-ден асады.

Қарабақтың жікшіл билігі жарылыстың Степанакерт (Ханкенді) – Аскеран күре жолында болғанын хабарлады. Оқиға орнында құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр. Жарылыстың себебі әлі белгісіз.

Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының адам құқығы жөніндегі уәкілі Гегам Степанян жанармай құюға кезекте тұрған 200-ден астам адам жарақат алғанын, көбі ауыр халде екенін хабарлады. Қаза тапқандар саны белгісіз. Оның сөзінше, жарылыс құрбандары Арменияға бара жатқан.

Жікшіл аймақтың билігі жарақат алғандарды әуе техникасы көмегімен көп адамды қабылдай алатын ауруханаларға жеткізу керек деді.

Оқиға Таулы Қарабақтағы мыңдаған армян бас сауғалап, Арменияға бара жатқан тұста болып отыр. Бұл көшке Әзербайжанның жікшіл аймақтағы әскерді жеңуі түрткі болған.

Армения үкіметі 25 қыркүйекте кешкі 5:00 уақытына дейін Таулы Қарабақтан 6650 босқын келгенін хабарлады. Таулы Қарабақтың де-фактор билігі жанармай бекеттері босқындарды жанармайды тегін беретінін мәлімдеді.

Шекарадан өткен босқындар Армения тіркеу орталығында кезекте тұр. Корнидзор селосына жақын шекара бекеті. 25 қыркүйек 2023 жыл.
Шекарадан өткен босқындар Армения тіркеу орталығында кезекте тұр. Корнидзор селосына жақын шекара бекеті. 25 қыркүйек 2023 жыл.

Ал Армения астанасы Ереванда елдің премьер-министрі Никол Пашинянның саясаты наразылық білдіріп, көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

25 қыркүйек күні Ереванға АҚШ билігінің лауазымды тұлғалары келді. Делегация ішінде АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) жетекшісі Саманта Пауэр мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия жөніндегі көмекшісі Йюри Ким бар.

"АҚШ Таулы Қарабақтағы гуманитарлық жағдай жөніндегі хабарларға қатты алаңдап, халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен коммерциялық тасымаулдаушыларға кедергісіз жұмыс істеуге жол ашуға шақырады" агенттік өз мәлімдемесінде.

Саманта Пауэр Пашинянға АҚШ президенті Джо Байденнің хатын табыстады. Онда Ақ үй басшысы Америка халқының Арменияға қолдауын жеткізді дейді лауазымды тұлғалар.

Армения үкіметінің мәлімдемесіне қарағанда, Пашинян Пауэрге: "Таулы Қарабақты армяндардан тазарту жалғасып жатқанынан хабардарсыз. Дәл қазір болып жатқан жағдай. Бұл – өте қайғылы факт" деп айтқан.

Босқындардың алғашқы легі Арменияға 24 қыркүйек күні келді. Жікшіл аймақтың басшылары Таулы Қарабақтағы 120 мың армян жуық арада түгел көшіп қалуы мүмкін екенін айтты. Олардың сөзінше, армяндар ресми Бакудің уәдесіне қарамастан Әзербайжан билігінің астында өмір сүргісі келмейді. Ресми Баку Таулы Қарабақтағы армяндардың құқығын қорғайтынын мәлімдеген.

"[Таулы Қарабақ] билігі орнында қалып, Арменияға барғысы келетін азаматтарды тасымалдау ісі аяқталғанша қызмет етеді" деді жікшіл республиканың билігі.

"Көлік кептелісінің салдарынан ауыр жарақат алғандарды тасымалдауы жұмысын ұйымдастыру мүмкін болмай тұр" деді олар.

Ереван көшесіндегі наразылық. 24 қыркүйек 2023 жыл.
Ереван көшесіндегі наразылық. 24 қыркүйек 2023 жыл.

Таулы Қарабақтан қашқан босқындарды қабылдап жатқан Арменияда өткен аптада ел үкіметіне қарсы наразылық жиындары өтті. Наразы жұрт Ереван көшелеріне шықты.

Полиция дерегіне сілтеген баспасөз құралдары 25 қыркүйекке дейін 200 наразы ұсталғанын хабарлады. Азаттықтың Еревандағы тілшілері наразылық әлі жалғасып жатқанын айтты.

Ереванда наразылық өршіп тұрғанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның одақтасы Әзербайжан басшысы Илхам Әлиев Әзербайжанның эксклавы Нахичеванда кездесіп, Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылады.

Ердоған Бакудың Таулы Қарабақтағы әскери операциясын жеңіске балап, аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға жол ашылды деді. Ол Әзербайжанның қимылын Түркия үшін "мақтаныш" деп атады.

Әлиев болса, Таулы Қарабақтағы армяндардың құқығын қорғауға уәде берді. Бірақ бұл сөз Арменияға қашқан босқындарға сенім ұялатпады.

Ердоған мен Әлиев Армения аумағы арқылы Әзербайжан мен Нахичеванды жалғайтын дәліз құру идеясын талқылады. Армения бұл жоспарға бұрыннан қарсы шығып келген. Бұл жоба жүзеге асса, Армения оппозициясының Пашинянға қысымы күшеймек.

2020 жылғы күзде алты апталық соғыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақтағы едәуір аймағын жікшіл армяндардан қайтарып алғалы Пашинянның саясаттағы жолы күрделене түсті. Ол соғыс Ресейдің бітімгер әскерін жіберуімен басылған.

Шиеленіс қыркүйектің ортасында Әзербайжан Таулы Қарабақта жаңа әскери қимылдарға көшкенде қайта басталды. Баку әскери қимылдың жеңіспен аяқталғанын, Таулы Қарабақты азат еткенін хабарлады.

Пашинян мен көптеген армян бұл жағдайға Арменияның қорғаушысы саналып кеткен Ресейді кінәлап, Мәскеу жіберген бітімгер әскер қызметін атқара алмады деді.

Армения – Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше. Бұл ұйымға НАТО-ға қарама-қарсы күш ретінде құрылған. Бірақ Таулы Қарабақтағы жағдайдан кейін Армения билігі ҰҚШҰ-дан түңіліп, жақында НАТО-мен әскери жаттығу өткізді. Бірақ әзірге Ереван ҰҚШҰ мүшелігінен шыққан жоқ.

25 қыркүйек күні АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэтью Миллер Таулы Қарабақтағы жағдай Мәскеуге "қауіпсіздік жөніндегі әріптес ретінде сенім артуға болмайтынын көрсетті" деді.

Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ үш жыл бұрынғы 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін өз бақылауына алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG