Accessibility links

HRW: Тәжікстанда оппозиционерлердің 50-ге жуық туысы қамалып, тергелген


Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы 28-29 қыркүйекте шетелдегі тәжік оппозициясының Берлиндегі қарсылық акциясынан кейін олардың Тәжікстандағы 50-ге жуық туысы қамауға алынғанын хабарлады.

"Кейбірін көп ұзамай босатқан, кейбірі әлі де қамауда отыр", - дейді 6 қазанда тараған ұйым мәлімдемесінде.

Тәжік оппозициясының белсенділері Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов Германияға барғанда қарсылық акциясын өткізген.

HRW мәлімдемесінде 30 қыркүйекте тәжік оппозициясының белсенділері Тәжікстан президентінің кортежіне жұмыртқа лақтырған соң Тәжікстанда белсенділердің 47 туысы қамауға алынғаны айтылған.

"Белсенділердің туыстарын жасы мен кәрісіне қарамай қамаған. Оларға қатыгездік жасап жатқаны туралы ақпарат түсіп жатыр", - дейді мәлімдемеде.

HRW Рахмон билігінің әрекетін Тәжікстанның халықаралық міндеттемесіне өрескел нұқсан келтіру деп санайды. Сол себепті Душанбе оппозиционерлердің туыстарын дереу босатуға тиіс деп есептейді.

Берлинде қарсылық акциясына шыққан тәжік белсенділері адам құқығын құрметтеуді, Тәжікстандағы туыстарына қысым жасамауды талап еткен.

Олар Тәжікстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне, Қызыл крест комитетіне, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, Душанбедегі батыс дипломаттарына өтініш жасап, Тәжікстан құқық қорғау органдарының озбырлығын тексеріп, баға беретін топ құруды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG