Accessibility links

Мәжіліс масс-медиа туралы даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Мәжіліс залы.
Мәжіліс залы.

Мәжіліс "Масс-медиа туралы" даулы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осыған дейін медиа қауымдастық өкілдері мен баспасөз құқығын қорғаушылар аталған құжат осы күйде қабылданса, елде сөз бостандығы шектеледі деп қауіптенген.

"Қазіргі заңнама ақпарат кеңістігінің даму қарқынына ілесіп үлгермей жатыр. Сондықтан уақыттың өзі мүлде жаңа заңды қабылдауды талап етті" деді мәжілісте баяндама жасаған ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева.

Министр заң жобасы "сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады" деді. Оның айтуынша, парламентке түскен бес ай ішінде жобаға қатысты 20-дан астам отырыс өтіп, министрлік, үкіметтік емес ұйымдар мен масс-медиа сарапшыларының қатысуымен 200-ден аса толықтырулар енгізілген.

Бұған дейін журналистер қауымдастығы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы істерге қатысты талап қою мерзімінің шектелмеуі БАҚ-ты қудалайтындарға ыңғайлы деп мәлімдеген. Баспасөз қорғаушылар бұл мерзімді материал жарияланғаннан кейін бір жыл деп шектеуді сұраған.

Бұған қоса, пресс-карта бойынша да шарттар да журналистерді алаңдатып отыр. Жобаға сәйкес, журналист мәртебесі баспасөз картасымен расталады. Бұл картаны министрлік жанындағы комиссия береді. Карта алу үшін журналистің кемі үш жыл еңбек тәжірибесі, журналистика немесе соған ұқсас салада жоғары білімі болуы шарт. Дипломы жоқ адамдар салада кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі керек. Баспасөз қорғау ұйымдары бұл цензура құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін деп санайды және оны алып тастауды талап еткен.

30 қарашада ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева екінші оқылымға дейін жобадағы даулы тұстар ескеріледі деп мәлімдеді.

Журналистер мен баспасөз ұйымдарының пікірінше, "құжат қабылданса, ақпарат құралдарына мемлекет бақылауы күшейеді". Бейсенбі күні министр мұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG