"ЖЫЛАНБАЕВ ІСІНДЕ ЭКСТРЕМИЗМ ТҮСІНІГІ ДҰРЫС ҚОЛДАНЫЛМАҒАН"
– Сот "Алға, Қазақстан!" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевқа "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрме жазасын кесті. Бұл сот процесі жайлы не дейсіз? Сіздің ойыңызша, "экстремизм" айыбы дәлелденді ме?
– Бізді бұл үкім мен соттың қалай өткені алаңдатады. Оған тағылған айыпты дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды байқамадық. Үкімнен бірнеше апта бұрын бұл істің саяси астары барын, Марат Жыланбаевты сот кезінде босату керегін айттық, оны қазір босату қажет.
Соттың жабық өткені, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері оған кіре алмағаны алаңдатады. Соттың соңғы отырыстарына келсек, үкім сот залында емес, онлайн оқылды. Бұл да алаңдатады, себебі қоғам өкілдері, оның адвокаттары үкімді сот залында ести алмады. Қазақстан билігі бұл сот процестерін неліктен шектеп, жабық етеді? Қазақстан билігін бұл істі қайта қарап, Жыланбаевты тез арада босатуға шақырамыз.
– Human Rights Watch өз мәлімдемесінде Жыланбаевтың ісін саяси астары бар деп танығанын айттыңыз. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында да саяси себеппен көп жылға сотталғандар аз болған жоқ. Мысалы, "Алға" тіркелмеген партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасынан кейін "әлеуметтік араздықты қоздырды" деген айыппен 7,5 жылға сотталды. Президент Қасым-Жомант Тоқаевтың билігі тұсында Жыланбаевтың ұзақ мерзімге сотталуы нені көрсетеді?
– Бұл процесте атап көрсететін бірнеше жайт бар. Оның бірі − экстремизм деген кең ауқымды түсінік дұрыс қолданылмаған. Бұл Назарбаев тұсынан жалғасып келе жатыр. Заңда экстремизмнің зорлық-зомбылыққа үйір және ондай әрекеттерді қолданбайтын түрлерінің ара-жігі ажыратылмаған.
Бұл істе ешқандай зорлық-зомбылық әрекеті немесе ондайдың пропагандасы жоқ. Заңға сүйеніп айтарымыз, бұл ретте экстремизм бойынша айыптау негізсіз. Бұл Тоқаев тұсында биліктің экстремизмге байланысты тым ауқымды айыптауды қолданатын стратегиясын көрсетеді.
Екіншіден, бұл істер бойынша сот үкімдері қатаңдап бара жатқаны алаңдатады. Билік он жыл бұрын да оппозициялық партияларды қудалайтын, сол іс-әрекет Тоқаевтың тұсында да жалғасып жатыр. Бірнеше партияның қызметіне тыйым салынды, ал Жыланбаевтың ["Алға, Қазақстан!"] партиясы тіркеле алмады. Ол партиясын тіркеуге тырысып, талай рет талпынғанымен (бастамашыл топ жақында партия Әділет министрлігіне партияны тіркеу жөніндегі 21-өтінішін тапсырды – автор), барлығында берген өтінішті кері қайтарды. Осылайша үкімет кез келген оппозициялық партияның құрылуына қарсы.
Дегенмен бұрын оппозициялық партияларға қатысы бар адамдарға салыстырмалы түрде жеңіл жаза кесілетін. 2021 жылы тыйым салынған экстремистік партия мүшелері жайлы есеп дайындадық, олардың негізінен бостандығы шектелген еді. Бұл түрме жазасы емес, бірақ олар үйден басқа жерде емін-еркін жүре алмайтын.
Олардан айырмасы, Марат Жыланбаев жеті жылға сотталды. Осылайша Тоқаев билігінің оппозициялық партияларға қатысты ұстанымы қандай екенін көріп отырмыз. Қазақстан билігін бейбіт және зорлық-зомбылыққа шақырмайтын оппозицияның ұйымдасуына мүмкіндік беруге шақырамыз. Үкімет халықаралық міндеттемесіне сәйкес, сөз бостандығы мен бейбіт жиналу құқығына кепілдік берілгенін қаперге алуы керек, бұл оппозициялық партиялар сол негізгі құқығын пайдалана алуы қажет.
"ҚАЗАҚСТАН РЕПРЕССИВТІ БОЛЫП БАРА ЖАТЫР"
– Президент Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев тұсында кетуі мүмкін олқылықтарды түзеу үшін "жаңа әрі әділетті Қазақстан" құруға уәде берген. Қазақстан қазір саяси бәсекеге қаншалық ашық?
– Саяси бәсеке мен оған ашықтыққа дәлел аз. Жыланбаев биыл наурызда парламент мәжілісі депутаттығына өзін-өзі ұсынбақшы болды, бірақ сайлауға түсе алмады. Тәуелсіз кандидаттар президент сайлауына түсе алмады. Осының өзі Қазақстан оппозицияға қаншалықты ашық екенін көрсетеді, шын мәнінде мұндай ашықтық жоқ.
Қазақстан халықаралық беделі мықты ел болғысы келеді. Өзін демократияға бет бұрған ел ретінде көрсетеді. Бірақ іс жүзінде елдегі фактілер керісінше оның репрессивті болып бара жатқанын көрсетеді. Меніңше, әртүрлі саяси пікірге ашықтық, толеранттық пен құрмет көбірек болуға тиіс.
– Қазақстан репрессивті болып барады дедіңіз. Тоқаевтың режимі белсенділерді қудалауды күшейте түсті ме, әлде Назарбаев тұсындағы әдістерді қайталап жатыр ма?
– Жыланбаевқа үкім бұрынғымен салыстырғанда қатаң екенін ескерсек, бұл – алаңдататын жайт. Бірақ бұл мәселе бойынша жалпылама тұжырым жасауға болмайды. Кейбір жайттарды алсақ, ахуал нашарлады. Мысалы, осы үкім. Ал бейбіт жиындарды өткізуге мүмкіндік бермеу, мысалы, 25 қараша күні он екі қалада митинг өткізу әрекетін басып тастау – Назарбаевтың кезінен бастау алатын, күштік құрылымдардың үйреншікті ісі.
Сонымен қатар Қазақстанда жиналу еркіндігі, бейбіт шеру мен жиындарды ұйымдастыру құқығы қатты шектелген. Бұл да алдыңғы биліктен бері жалғасып жатыр. Сондықтан, меніңше, Назарбаев кезінен жалғасып жатқан әдістерді әрі қуғын-сүргіннің күшейіп жатқанын көріп отырмыз.
– Билік неге белсенділерді қудалау, қатаң сот үкімі, бейбіт наразылыққа рұқсат етпеу сияқты әрекетке барады, мұның артында не жатыр?
– Мұнда қорқыныш пен бақылау элементі жатыр деген ойдамын. Олар оппозиция мен белсенділер көтерген мәселе қоғамда кең талқыланса не болады деп қорқады. Ахуалды бақылаудан шығарып аламыз деп үрейленеді. Алайда көпшілік талқы, әртүрлі пікір айтылатын қоғам жақсы жұмыс істейді. Сондықтан билік бұл қорқынышын жеңіп, партия, оппозиционерлер мен құқық қорғаушыларға пікірін білдіруге мүмкіндік беруі керек.
– Ақорда үнемі демократияландыру, бейбіт жиындар туралы озық заң күшінде екенін, партиялар, сайлау туралы заң мен Конституцияға өзгерістер енгізілгенін, соның бәрі саяси жүйенің реформасына бағытталғанын айтады. Осы реформалар байқала ма?
– Жергілікті жерлердегі нақты дәлелдерге қарайық. Бәлкім, заңның кей бөлігі реформаға ұшыраған шығар, бірақ фактілер бұл өзгерістер іске аспағанын көрсетеді. Бейбіт жиын өткізу туралы заңға өзгеріс енгізілді. Алайда олар болмашы ғана. Шын мәнінде одан ештеңе өзгеріп кеткен жоқ.
Билік биылғы [мәжіліс пен мәслихат] сайлауда көп өзгеріс болатынын айтты. Шын мәнінде азғантай ғана өзгеріс болды, сайлауға түскен және жеңген тәуелсіз кандидаттар өте аз. Сондықтан Қазақстандағы прогресті жергілікті жердегі сайлау процесі, көшедегі наразылық, сот процесінің жай-күйіне қарап бағалау керек. Астананың риторикасы, сырты жылтыр сөздері мен мәлімдемесі Қазақстан серіктестерін ахуал өзгеріп жатыр деп сендіруге тырысқанына қарамастан, бұл бағытта өзгеріс аз.
"БАТЫС АЙМАҚПЕН КЕЛІССӨЗДЕ БАСТЫ ОРЫНҒА АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЕМЕС, ПРАГМАТИЗМДІ ҚОЙДЫ"
– Украинадағы соғыстан кейін Батыс елдері Орталық Азиямен қарым-қатынасын күшейтуге талпынып жатыр. АҚШ президенті, Германия канцлері Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесті. Алайда адам құқықтары мәселесі жария түрде көтерілгенін естімедік. Неліктен?
– Еуропа одағы кеңесінің басшысы Шарль Мишель де [Орталық Азия елдерінің] бес президентімен саммит өткізді. Осылайша үш үлкен держава – АҚШ, Еуроодақ пен Германия аймақ басшыларымен кездесу өткізді. Бұл Украинадағы соғыс пен энергетика, қауіпсіздік мәселесіне байланысты аймаққа көбірек көңіл бөліне бастағанын көрсетеді.
АҚШ, Еуроодақ пен белгілі бір дәрежеде Германияның мәлімдемесінде адам құқықтары мәселесіне назар аударылғаны және Орталық Азия елдерінің билігі оны талқылауға дайын екені айтылды. Бірақ бұл нені білдіретінін бағамдау қиын.
Біз АҚШ, Еуроодақ пен Германияны [Орталық Азия елдерімен] екіжақты және көпжақты кездесуде, сондай-ақ аймақпен қарым-қатынаста адам құқықтарын басты орынға қоюға шақырамыз.
– Human Rights Watch өз мәлімдемесінде Батыс елдерін Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтарын бұзу оқиғасын, Өзбекстан билігінің Қарақалпақстандағы наразылық пен Тәжікстан билігінің Таулы Бадахшан автоном ауданындағы бейбіт жиынды басып-жаншығанына назар аударуға үндеген. Бірақ бұл оқиғалардың ешқайсысы Батыс елдерімен кездесуде ашық талқыланбады. Неліктен? Басты орынға адам құқықтары емес, геосаясат шығып кетті ме?
– Өкінішке қарай, солай. Еуроодақ, АҚШ пен Германияға Орталық Азиямен келіссөзде адам құқықтарын басты орынға қоймағанына наразылығымызды жеткіздік. Бұл – үлкен мәселе. Олар Қарақалпақстан, Қаңтар оқиғасы мен Тәжікстанда Таулы Бадахшан автоном ауданында не болғанын айтуы керек.
[Аймақпен] келіссөз Украинадағы соғыстан соң басталды, олар (Батыс елдері) Орталық Азияны санкциялар шартын бұзбауға көндіргісі келеді, Орталық Азияның Ресейге тым жақындап кетпегенін қалайды. Бұл − геосаясат, қысқа мерзімдегі прагматизм. Бұл мәселе шешілуі үшін заң үстемдігі мен адам құқығы мәселесінде табанды болу керек.Сол себепті Брюссель, Берлин мен Вашингтонды адам құқықтары мәселесіне көп көңіл бөлуге шақырамыз, олардың өздері де бұған мүдделі болуға тиіс. Себебі бизнес пен инвесторлар Орталық Азияға келгісі келеді, бірақ тең ойын ережесі болу үшін заң үстемдігі орнығуы керек.
"ҚЫЛБҰРАУДЫ ҚАТАЙТА ТҮСУ" ЖӘНЕ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН "САБАҚ АЛМАҒАН" БИЛІК
– Жақында сот Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның қазасына байланысты айып тағылған әскери қызметкерді ақтады. Құқық қорғаушылар Қаңтарға байланысты әскери және күштік құрылым қызметкерлерінің үкімі жұмсарып жатқанын айтады. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Бұл істің анық-қанығын білмеймін, сол себепті дәл бұл іс жайлы пікір айта алмаймын. Бірақ жауапқа тартылып жатқандар аз және үкім жұмсарып жатыр дегенмен келісемін. Сарбаздар мен күштік құрылым өкілдері төрт жасар бала немесе бейбіт азаматтардың қазасы үшін жауапкершілікті арқалауы керек. Бірақ бұл іске аспай жатыр.
Бұл істер Қаңтар оқиғасында 230-дан астам адамды кім өлтіргенін анықтауға емес, наразылыққа шыққандар кімдер, олар қандай заңбұзушылықтар істеді дегенді анықтауға мән беретінін көрсетеді.
Сондықтан, өкінішке қарай, адамдардың қазасы немесе азаптау істерінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетін зерттеуді мақсат етпейді. Біздің және Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдарының билікке талабы да сол – күштік құрылымдардың іс-әрекеті зерттелуі керек.
– Қаңтар оқиғасы ашық және әділетті тергеледі дегенге үміт бар ма?
– Иә, әрине, бар. Бұл мүмкін екеніне сенуіміз керек. Қаза тапқан 230-дан астам адамның туыстары, тірі қалғандар, азапталғандар үшін оқиға тергелуі керек. Тарих дөңгелегі тоқтап қалмайды, Қазақстанның басын құмға тықпай, өз ұстанымын өзгертуге мүмкіндігі бар, олар не болғанын тергеуге міндетті. Қазақстанның халықаралық беделі үшін мұны тергеу маңызды.
– Бірақ уақыт зымырап өтіп жатыр, оқиғаға келесі жылдың басында екі жыл толмақ. Көпшілік жұрт билік оны зерттеуге құлықты емес дейді.
– Расында, оқиғаның екі жылдығы жақындап келеді. Біз Қазақстан билігінің әрекетіне қапалымыз. Әр сөйлескеніміз сайын бұл дұрыс емес екенін айтып, әрекет етуге шақырамыз. Қазақстан адам құқықтарының кеңесіне кіреді, ол Нью-Йоркте БҰҰ-ның белді мүшесі болғысы келеді. Еуропаға жақындасуға мүдделі екенін айтады. Еуропа кеңесімен әртүрлі форумдар арқылы қарым-қатынасын күшейткісі келеді. Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында ықпалды болуды қалайды. Бұл форумдардың бәрі ел ішінде адам құқықтарының қорғалуын негізге алады, бірақ ол іске асып жатқан жоқ. Серіктестерді Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынаста Қаңтар оқиғасы күн тәртібінен түсірмеуге шақырамыз.
– Елдегі және шетелдегі сарапшылар Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев өз позициясын күшейтіп, қылбұрауды бұрай түсті деп есептейді. Бұған не айтар едіңіз?
– Олар Қаңтар оқиғасынан сабақ алмады. Сөйтіп, қылбұрауды қаттырақ бұрай түсті. Бірақ осылай жалғаса берсе, наразылық бұрқ ете қалуы мүмкін деп қорқамын. [Қаңтар оқиғасынан] дұрыс сабақ алу – адам құқықтарын қорғау, оларға еркін пікір білдіруге және бейбіт наразылыққа шығуға мүмкіндік беру, барынша ашық қоғам құру [болар еді]. Ал қылбұрауды бұрай түсу – өткеннен сабақ алмау деген сөз. Тоқаев "Жаңа Қазақстан" құруға шақырды, бірақ онысы іске аспай жатыр. Сондықтан өзгеріс болмаса, елде наразылық пен толқу көп бола ма деп алаңдаймын.
ПІКІРЛЕР