Accessibility links

"Жаңа Қазақстандағы" жабық сот. Әлтаев пен Жыланбаев неге қудаланды?


Мемлекеттік айыптаушы соттан Марат Жыланбаевты он жылға түрмеге қамауды сұрады. Құқық қорғаушылар үкіметтің оппозициялық белсенді әрі белгілі марафоншыны қудалауын айыптады. Астана, 30 қазан, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Мемлекеттік айыптаушы соттан Марат Жыланбаевты он жылға түрмеге қамауды сұрады. Құқық қорғаушылар үкіметтің оппозициялық белсенді әрі белгілі марафоншыны қудалауын айыптады. Астана, 30 қазан, 2023 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Нұржан Әлтаев пен Марат Жыланбаев – бір-біріне ұқсамайтын оппозициялық қайраткерлер. Бірі – бұрынғы шенеунік, екіншісі – жүйеден тыс адам. Алайда Қазақстан билігі өзіне қарсы шыққандарға бір ғана амал қолдануды әдет етіп алғандай.

Қазақстанда саяси мәдениет өзгерді деген пікір жиі айтылады, ал саяси бәсеке қалыптасты ма? Жабық өткен сот саяси белсендіге қатаң жаза кескен соң қоғамда осындай сұрақ көбейді.

Нұржан Әлтаев пен Марат Жыланбаев – бір-біріне ұқсамайтын оппозиционерлер. Бірі – бұрын лауазымды қызметтегі шенеунік, парламент мүшесі болған, ал екіншісі – жүйеден тыс адам. Бірақ Қазақстан билігінің өзіне қарсы келгендерге айтар жауабы біреу ғана.

Әуелі фактілерге жүгінейік.

21 қарашада сот үкімімен 10 жылға бостандығынан айырылған Нұржан Әлтаевқа ресми түрде саяси белсенділігіне қатысты айып тағылмаған. Әлтаев "еңбек министрінің орынбасары болғанда пара алған" деген айыппен сотталды. Экс-шенеунік мұны жоққа шығарады.

Әлтаев пен Жыланбаевтың соты қатар өтті. Өткен аптада прокурор соттан Жыланбаевты "саяси экстремизм" бабы бойынша айыпты деп танып, 10 жылға түрмеге қамауды сұрады.

Қос белсенді де билікті сынайтын, ресми тіркелмеген партияны басқарады.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, Жыланбаевқа да дәл осындай үкім шықса, бұл азаматтық қоғам үшін жаңа прецедент болмақ.

– Кейінгі кезде билік саяси партияларға "экстремистік ұйым" деген айдар тағып, қызметіне тыйым салып, белсенділерді қудалады. Бірақ [бұрын] оларға мұндай қатаң жаза берілмейтін. Мемлекеттің азаматтық қоғамды қорқыту үшін оппозиция өкілдерін дәл осылай көпе-көрнеу жазалағаны есімде жоқ, – дейді құқық қорғаушы.

Төреғожина биліктің саяси бәсекеге келгенде қатаңдық танытуы 238 адам қаза тапқан Қаңтар қырғыны кезінде қалыптасқан "үрейден" арыла алмай отырғанын көрсетеді деп түсіндіреді.

НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНЕН ӨРБИТІН ТОҚАЕВ КЕЗЕҢІ

Жұрт Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жиі салыстырады. 2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев президенттіктен отставкаға кетіп, орнына Тоқаевты қалдырған еді.

Қазір Назарбаев – 83 жастағы зейнеткер. Бұрынғы президенттің тұсында да елде саяси тұтқындар болды. Бірақ олардың көбін, соның ішінде көп жыл түрмеде отырып шыққандарды да оппозиция көшбасшысы деп атауға келмейтін.

Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) 2019 жылы президент қызметінен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 мамыр, 2019 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) 2019 жылы президент қызметінен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевпен (сол жақта) бірге. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 16 мамыр, 2019 жыл

Бұл сипаттамаға сай келетін саясаткерлердің бірі – Владимир Козлов еді. Ол 2012 жылы конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге үндеді деген айыппен 7,5 жылға бостандығынан айырылды. Төрт жыл түрмеде отырып, кейін босап шықты.

Козловтың одақтасы, бұрынғы энергетика министрі Мұхтар Әблязовқа сот 2018 жылы "кісі өлтіру" бабы және тағы бірнеше айып бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына түрмеге қамау жазасын кескен. Бірақ ол 2009 жылы елден қашып кеткендіктен үкім сырттай шыққан.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Назарбаевқа қарсы шыққан екі шенеунік жұмбақ жағдайда қаза тапты.

2022 жылғы Қаңтар қырғынынан кейін Тоқаев Жаңа Қазақстан құруға уәде берген. Кейін мемлекет басшысы Назарбаевтың тұсында болған олқылықтардың орнын толтыру үшін "Әділетті Қазақстан" орнатуға кірісті.

Бірақ сот жүйесінде өзгеріс байқалмайды.

Әлтаевқа үкім шыққаннан кейін бірнеше сағаттан соң, белсендінің адвокаты әрі әріптесі, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының өкілі Нұрсұлтан Ермаханов Азаттыққа Қазақстандағы саяси істер жабық режимде қаралатынын айтты.

Әлтаевтың сотын жабық өткізуге істегі куәнің жеке басының қауіпсіздігіне алаңдауы себеп болған. Судья іске куә ретінде тіркелген екі азаматтың сөзіне сүйеніп, Нұржан Әлтаевты кінәлі деп тапты. Ермаханов Әлтаев пара алған деген сөзге күмән келтіретін түсініктемелерді сот мүлде ескермегеніне назар аударды.

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының лидері Нұржан Әлтаев Қаңтар құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл
Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының лидері Нұржан Әлтаев Қаңтар құрбандарын еске алу митингісінде сөйлеп тұр. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл

– Қорғау тарабы берген өтініштердің 90 пайызы ескерілмеді. Сот процесі көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Журналистер прокурордың соттан Әлтаевты 12 жылға түрмеге қамауды сұрағанын естігенде, судья біздің адвокаттың лицензиясын тартып алуды сұрап мәселе қоямын деп қорқытты. Бұл құпия қылатын ақпарат емес қой, – дейді Ермаханов.

Ол Қазақстан билігі халықтың алдында ақымақ болып көрінгісі келмегендіктен, жабық сот өткізеді деп есептейді.

Соттарды жабық өткізу кімге тиімді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:06 0:00

ЖҮЙЕНІ ІШІНЕН ӨЗГЕРТУГЕ ТЫРЫСУ

Ермахановтың айтуынша, әуелі шенеунік, кейін депутат болған Нұржан Әлтаев жүйені ішінен өзгертемін деп аңғалдықпен сенген.

2020 жылы қыркүйекте "Ел тірегі" партиясының құрылтай жиынына төрағалық еткен кезде Әлтаев мәжіліс депутаты еді. Көп ұзамай Әлтаевтан депутат мандатын тартып алды. Ол басында билікті ашық сынаған жоқ, оның оппозициялық ұстанымына күмәнмен қарағандар да болды.

Қазақстанда Қанды қаңтар болған 2022 жылы жазда Конституцияға өзгерістер енгізілді, Тоқаев оны "жаңа саяси мәдениеттің" бөлшегі болады деп сипаттады. Сол жылы қарашада елде кезектен тыс президент сайлау болатыны жарияланды. Әлтаев сайлауға қатысамын деп мәлімдеген соң қатты қысымға тап болды.

Қазақша еркін сөйлейтін, 5 жыл мемлекеттік қызметте істеген, тіркелген партия атынан ұсынылған Әлтаев президенттікке кандидат болуға жарайтын. Ермахановтың пікірінше, бұл Тоқаевтың командасына ұнамаған.

Сайлау күні белгіленген соң, президент әкімшілігінің лауазымды адамдары Әлтаевты кездесуге шақырып, кандидаттықтан бас тартуға үгіттеген. Олар Әлтаев сайлауға түспесе, "Ел тірегі" партиясын тіркеуге уәде берген. Ермахановтың айтуынша, бұл келісімге "Атамекен" партиясының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов ықпал еткен. Кейін ол өзі тергеуде жүрсе де, Әлтаевтың сотында бас куәгер болды.

Әлтаев әлгі ұсыныстан бас тартқаннан кейін президент сайлауынан шеттетілді. Ал оны президенттікке кандидат етіп ұсынған ұйым, Ермахановтың сөзінше, "рейдерлік" құрбанына айналған.

Ермаханов 2022 жылы қыркүйекте өткен деп айтқан кездесуге (ол туралы БАҚ та жазған) қатысқан бірде-бір шенеунік, оның ішінде президент кеңесшісі Ерлан Қарин мен қазіргі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ол жөнінде ешқандай пікір білдірген жоқ.

Маусым айында Нұржан Әлтаев қамалды.

ӘЙГІЛІ МАРАФОНШЫНЫҢ САЯСАТТАҒЫ ЖАРЫСЫ

Әлемдегі талай марафонға қатысып жұртқа танылған спортшы Марат Жыланбаевтың соты да жабық өтті.

Әлтаевтың сотындағыдай, куәгерлер "жеке басымызға қауіп төнеді" деген соң, судья осындай шешім шығарды.

Бұрын саясатқа араласпаған, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқармаған 60 жастағы Марат Жыланбаевты көпшілік жұрт билікпен әмпей-жәмпейі жоқ, былық-шылыққа қатыспаған адам деп білетін.

Прокурорлар Жыланбаевқа Қазақстанда экстремистік деп танылған ұйымдарды басқаратын Әблязовпен байланысы бар деп шүйлікті.

Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатыр
Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатыр

Францияда тұрып жатқан Мұхтар Әблязов өзіне қарсы қылмыстық айыптардың бәрін жоққа шығарады. Еуропа парламенті өз резолюциясында Қазақстанды тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен оған қатысты басқа да ұйымдарды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп тануға шақырған.

Қазақстан прокуратурасы тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп күдіктенеді.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының дерегінше, экстремистік ұйымды қаржыландырды деген айыпқа банк арқылы 2500 доллар көлемінде екі рет ақша аударылғаны себеп болған.

– Жыланбаев Қазақстанның авторитар үкіметіне саяси балама ұсынып, оны қоғамдық, бейбіт жолмен қорғағаны үшін кінәлі болып отыр. Ол дереу босатылуы тиіс, – деді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.

Жыланбаев заңда белгіленген ереже бойынша әрекет етуге барын салды.

Ол парламент сайлауына тәуелсіз кандидат болып тіркелуге тырысты. Бірақ интернетте краудфандинг жариялағаны үшін оған "сайлауалды науқан ережесін бұзды" деген айып тағылып, оппозициялық саясаткер сайлаудан шеттетілді.

"Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ саяси ұйымды тіркеуге он шақты рет өтініш берді, бірақ әділет министрлігі оның бірде-бірін қанағаттандырған жоқ.

Жыланбаев биыл наурызда рұқсат етілмеген саяси демонстрацияға қатысып, 20 күнге қамалды. Содан бері түрмеде отыр. Прокуратура оған қосымша айыптар таққан.

Адвокаттың сөзінше, 30 қазанда Жыланбаев аштық жариялап, 13 келі салмақ тастаған.

18 қарашада Астанада Жыланбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтті. Билік өкілі Жыланбаевты қолдауға келгендерге сот ғимаратының алдына жиналу әкімшілік құқықбұзушылыққа жататынын ескертті.

Жыланбаевтың қызы Азия Жыланбаева сот ғимаратының алдында тұрып, билік оның отбасын қорқытып-үркітіп жатқанын мәлімдеді.

– Туған елімде жүруге қорқамын. Өз елім болса да, мұнда өзімді қауіпсіз сезінбеймін, – деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG