Accessibility links

"Ешкім шабуылдаған жоқ, өзара атысты". Шекара қызметі офицерінің Қанды қаңтардағы сарбаздар қазасы туралы әңгімесі


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталық көшесінде тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының орталық көшесінде тұрған қарулы сарбаздар. 6 қаңтар, 2022 жыл

Алматыдағы телемұнараны басып алмақ болған бандитерге шекарашылар қарсы тұрып, шабуылды тойтарды – Қаңтар оқиғасындағы оқиғалардың бірінің ресми түсіндірмесі осындай. Ал Шекара академиясының бұрынғы оқытушысы шындығында Көктөбеде шекарашылар мен ішкі істер министрлігі бөлімшелері арасында атыс болған, бұл қарулы күш сарбаздары төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керегін білмегенін көрсетті дейді. Ол келтірген айғақ академияда болған өлімге қатысты тағы бір оқиғаның ресми нұсқасын жоққа шығарып отыр.

47 жастағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасов былтыр зейнетке шықты. Соңғы жұмыс орны – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы. Әскери педагогика және психология магистрі ел шебін қорғайтын офицерлер дайындайтын Алматыдағы жоғары оқу орнында дәріс оқыды. Одан тәлім алған курсанттар меңгерген білімін бейбіт күнде қолданамыз деп ешқашан ойламаған.

Алайда елде болған Қаңтар оқиғасы кезінде қолдануға тура келген. 2022 жылы қаңтардың алғашқы күндері Қазақстанның батыс өңірінде газ бағасының көтерілгеніне байланысты басталған бейбіт митингілер бірден басқа қалаларда жалғасты. Мыңдаған адам саяси реформа жүргізуді және отставкаға кеткенімен әлі де билікке араласып отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатқа килікпеуін талап етті. Алматыдағы шерудің аяғы қақтығысқа ұласты: 5 қаңтарда қала әкімдігі мен президент резиденциясына баса-көктеп кірген бір топ адам ғимаратты өртеп жіберді.

Қала әкімдігінің алдында тұрған Шекара академиясының курсанттары. Бірнеше сағаттан кейін топ адам оларды ығыстырып, әкімдікті басып алып, ғимаратқа өрт қойды. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл
Қала әкімдігінің алдында тұрған Шекара академиясының курсанттары. Бірнеше сағаттан кейін топ адам оларды ығыстырып, әкімдікті басып алып, ғимаратқа өрт қойды. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл

Әкімдікті қоршап, қорғап тұрған Шекара академиясының қарусыз курсанттарын наразы топ бірден ығыстырып тастады. Сағы сынған курсанттар оқу орнына оралды деп еске алады сол күнді Ғалымжан Сәдуақасов.

– Олар үрейден бұрын ұяттан жерге кіре жаздады. Әкімдікке түтіндеткіш құтылар лақтырған кезде курсанттар жерге жата қалған, ал офицерлердің көбі олардан бұрын қашып кеткен. Тіпті курсанттардың үстінен аттап-бұттап қашқан. Академияға оралғандар офицерлерге ашулы еді. Содан кейін курсанттар "қызмет орнын тастап кетті". Менен әжетханаға баруға сұранып шығып, содан ары кетіп қалған. Таңға дейін жалғыз күзеттім, постыны тастап, оларды іздеп кете алмадым, – дейді зейнетке шыққан оқытушы.

Сол күні қала орталығындағы дүкендердің есік-терезесін сындырып, сөредегі заттарын тонап, банкоматтарды бүлдірген бұзақылар Алматының астан-кестеңін шығарды. Елдегі ең ірі мегаполис иесіз қалғандай күйге түсті. Интернет өшірілді. "Қарақшылар стратегиялық маңызы бар нысандарды басып алыпты-мыс" деген қауесет тарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі телеарнадан халыққа жасаған үндеуінде "қалаға шетелде дайындықтан өткен 20 мың лаңкес басып кіргенін" айтып, төтенше жағдай режимін енгізді.

Өртеніп жатқан қала әкімдігі ғимараты. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл
Өртеніп жатқан қала әкімдігі ғимараты. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл

Сәдуақасовтың сөзінше, 6 қаңтар күні академияға офицерлер мен курсанттарды телемұнара орналасқан қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Көктөбе тауына жіберу туралы бұйрық түскен. Курсанттармен бірге подполковник те сол жерге барған. Топта одан бөлек тағы 13 адам болған, арасында күндіз әкімдікте болғандар да бар.

– Дөңгелекті екі әскери көлік (ӘДК) берді. Зауыттан жаңа әкелінген, бірақ пулеметтері жоқ – тек жеке құрамды тасуға арналған көліктің өз басы ғана бар. Көктөбеге көтерілдік. Үш топпыз: біздің "Боран" арнайы шекарашылар тобы төбеге барып тұрды, ал біз төменде, мұнарадан 200 метр қашықта жолды күзетіп тұрдық. Телеорталық директоры шығып, "кешке бұл жерге ваххабиттер келуі мүмкін" деді. Біз ондай ақпаратты қайдан алғанын сұрадық. Ол "сақалдылар келгенін, бірақ күзетшінің қақпаны жауып, оларды кіргізбегенін" айтты. Телеорталық директоры дабыл қақты да, бізге телемұнараны қорғау туралы бұйрық түсті.

Зейнеттегі подполковник Ғалымжан Сәдуақасовтың Азаттыққа сұхбаты (орысша)

КӨКТӨБЕДЕ НЕ БОЛДЫ? МҰНАРАНЫ ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСҚАН ЖАННЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қанды оқиғалардан кейін, 2022 жылы қаңтардың алғашы күндері "қылмыскерлер теле-радиохабар тарататын Көктөбе мұнарасын басып алып, сол жерден хабар таратып, талаптарын айтпақ болды, бірақ шекарашылар шабуылды тойтарды деп мәлімдеді. Арнайы қызмет стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғауға жұмылдырылған жеке құрам құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет еткенінін айтты.

Ал Ғалымжан Сәдуақасовтың берген айғағы күш құрылымдары мүлде жұмыла әрекет етпегенін көрсетеді.

– Жоғары шенді әріптесіміз әуеге оқ атуы керек болатын, бірақ әрқайсымыз бір-бірден оқ атып көрдік. Мұндай әскер жағдайында делебеміз қозып шыға келетін әдетіміз бар ғой, – дейді подполковник. – Сол "көп ойнаған бір жылардың" кебін киіп, топ басшысы өз аяғын өзі атып алды. Бұрын бізге пулеметті иыққа ұңғысын жоғары қаратып асыну керек деп үйрететін, кейін әйтеуір ұңғысын төмен қаратып асыну сәнге айналды, соның кесірінен ол өз аяғын өзі атып алған. Содан ол кетіп, генерал [Серік] Жанғазин (ол кезде Алматы обысының Шекара қызметі департаментінің басшысы, 2023 жылдан бері ол тұрғын үй және азық-түлікпен қамтамасыз ететін QAZ GREEN STROY компаниясының құрылтайшысы) блокпост басшысы етіп, орнына мені қойды. Мен топты екіге бөліп, Көктөбеге апаратын қос жолды қорғай бастадық. Біз кіммен соғысып жатқанымызды да білмедік. Өз тобымдағы көлік жүргізушісіне "олар көлденең тұрған бетте газды бас та, қағып өт" дедім. Яғни пулемет болмағандықтан, оларды көлікпен басып-жаншуға тура келді. Кешкі сағат 9-ға таман бір көлік бар жылдамдығымен келіп кілт тоқтады. Мен аспанға оқ аттым. Сол кезде топтағы жігіттер де оқ жаудыра бастады. Біз құдды бір сол көлікті атқылап жатқандай болдық. Көлік кері қарай қатты жылдамдықпен құйғыта жөнелді. Кейін анықталғандай, олар барлауға келгендер екен. Біз оқ ата бастағанға телемұнараны басып алды деп ойлап қалса керек. Мен жігіттерді жинап, "енді атпаңдар" деп қаруларын тастауды бұйырдым.

ҰҚК академиясының бұрынғы оқытушысы Ғалымжан Сәдуақасов
ҰҚК академиясының бұрынғы оқытушысы Ғалымжан Сәдуақасов

Сәлден кейін Көктөбеге бес көліктен – арасында жеңіл көліктер мен екі Hummer бар – тұратын лек келді дейді Сәдуақасов.

– Ескерту ретінде аспанға оқ аттым, содан кейін бәрі басталды! Тіпті қару-жарақтың барлық түрінен атқылап жатқандай болды. Шамамен 20 секундтан кейін барып не болып жатқанын түсіндім. Басында біздің ақымақтар оқ атқылап жатыр деп ойлап қалдым. Ішімнен "Атпаңдар деген жоқпын ба?!" деп ойлап қоямын. Сонда ғана барып, біреулер бізбен атысып жатқанын түсіндім. Олар бірінші атыста-ақ фельдшерімізді жаралап үлгерді. Ол айқайлап жатыр. Мен бірден автоматқа жармастым. Дәл сол сәтте біз де оларға қарсы оқ аттық.

Шекарашылар Көктөбеге лаңкестер емес, полицияның арнайы жасағы келгенін білген де жоқ. Оларға ешкім ескертпеген. Шекарашылардың әскери көлігінің быт-шыты шыққан.

– Қатты жылдамдықпен жүйткіп өткен ӘДК айналасындағы көліктерді жан-жаққа ұшырып жіберді. Зырғып барып, Camry-ді соғып, тұрып қалды. Көлікті жаншып, Hummer-ді аударып түсірді. Ондағы адамдар жан-жаққа қашты. Сосын ӘДК тағы құлдилап, кері бұрылды. Содан соң тағы заулады. Енді телемұнара жаққа қарай кетті. Мен ол тоқтай ма деп едім, тоқтамады.

Сәдуақасов есеңгіреп, тез әрекет ете алмағанын да мойындайды. Қол астындағылар да абдырап қалған. Өзімен бірге болған 13 шекарашының тоғызы ұрыс алаңынан қашып кеткен.

– Командир ретінде ұрыста басынан-ақ ағаттық жіберіп алдым. Әлдебіреу "Көмек шақыр!" деп айқайлады. Ұрысты басқарудың орнына рацияны алып, жасырынып, "борандықтарды" көмекке шақыруға тырыстым, бірақ рация бұзылып қалған екен, айтқанымды біреу естіді ме, жоқ па, білмеймін. Зәре-құтым қалмады, қашып кеткім келді. Біздің екінші ӘДК-нің орнында тұрғаны көңілге демеу болды. Ол жақта не болғанын білмек болып сонда жүгірдім. Ашық ұрыс алаңында 30 метрдей жүгіру керек болды, оған қоса жол бойына екі шамның жарығы түсіп тұр. Сол 30 метрді өмір бойы ұмытпайтын шығармын. Тап сол мезетте оқ тиетіндей сезім болды. Барсам, онда екінші топтың жетекшісі Есім Ибраев тұр. Қашпағандар да бар екен. Жүргізуші мен екі жолдасым қалыпты. Оларды көріп, "мен жалғыз емеспін, біз үшеуміз, бір әскерміз!" деп көңілім орнына түсті.

Тағы шабуыл жасайтын болса, жолды қорғай алмаймыз деп ойлаған шекарашылар телемұнараға қарай жоғары көтеріледі. Бірақ олардың ӘДК-сі жарға кептеліп қалған соң, олар тау баурайында күтуді ұйғарған.

– Құлағым нашар еститін еді, сонда да тың тыңдауға тырыстым. Басымдағы болат шлемді шешіп тастадым. Ештеңе естілмеді. Сол кезде әлгі БДК (біраз уақыт бұрын жоғары көтерілген – ред.) дәл қасымнан зулап өтіп, тоқтамаған күйі қалаға кіріп кетті. Заулап бара жатқанда да оны біреулер тоқтамай атқылады. Қай жақтан атқылап жатқанын дыбысынан аңғардым. Біраздан соң біздің "Боранның" БТР-ы да келіп жетті. Бізге көмекке келгендер болатын, бірақ кешігіп қалды, ұрыс бұлай жалғасар болса, құтқаратын да ешкім қалмас еді. Олар үнсіз келді де, кетіп қалды.

ҰҚК Шекара академиясының дөңгелекті әскери көлігі
ҰҚК Шекара академиясының дөңгелекті әскери көлігі

Сәдуақасов атыс біршама уақыттан кейін саябырсығанын айтады. Шекарашылар біреудің айқайын естиді. Бұл – көмек сұрап жатқан қарсы тараптың адамы болатын.

– Біз не істейміз деп өзара ақылдастық. Жолдасымның біреуі бұл тұзаққа түсірудің амалы шығар, оның көзін құртайық деді. Мен: "Жоқ, көзін құртпайық, одан да қолға түсірейік, ертеңгі күні, міне, жауап алатын тұтқын бар деп есеп берсек те жақсы емес пе?" – деймін. Жерде жатқан жараланған адам куәлігін көрсетіп, "Мен де сендермен біргемін!" деді. Есімге "барып көрші" дедім. Өзіме іштей "Қазір өзің барып көр десе, бара алмайсың ғой" деп қоямын. Есім ештеңе деместен, әлгіге жақындап барып, "Біздікі екен, біздікі!" деп айқайлады. ІІМ қызметкері, майор. Оғымыз оның төрт жеріне тиген екен. Беті қағаздай бозарып кетіпті, өлім аузында жатыр. "Әй, өлме!" деп оны сілкілеп жатқанымыз есімде. Ол "Ана! Анам! Соңғы рет анаммен сөйлескім келеді" деді. Телефонын алып, анасының нөмірін іздей бастадық. Осы кезде оны іздеп, командирі қоңырау шалды. Алмадық, анасының нөмірін іздеп жатырмыз. Адам соңғы рет анасымен тілдескісі келеді, оған мұршасы да жоқ. Сол күйі тілдесе алмады. Бұлай болады деп ойламадық. Оның жарасын таңу керек еді, ал бізде таңатын ештеңе болған жоқ. Денесінің оқ тиген тұстарын қолымызбен бітеп әлекпіз. Абырой болғанда, байланыс іске қосылды. Болған жайтты баяндап, жедел жәрдем шақырдық. Олар келіп, жараланған азаматты алып кетті. Бұл менің өмірімдегі ең ұзақ және азапқа толы түн еді. Мен көз ілмей, "Біз не бүлдіріп қойдық?!" деп ойланумен болдым. Әлгі жігіт көз жұмған шығар деп ойлаған едім. Бірақ аман қалыпты.

Ресми мәлімдемеде 6 қаңтар күні Көктөбедегі атыстан бір полиция қызметкері ажал құшқаны жайында ақпарат айтылды. Қазақстандық БАҚ Нұрболсын Алмасов деп, оның аты-жөнін де көрсеткен. Оның анасы былтыр журналистерге берген сұхбатында 27 жастағы ұлының полиция департаментінің терроризммен күрес бөлімінде жұмыс істегенін айтқан. Билік басылымдары Алмасов "телемұнараға жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде қаза тапқан" деген ақпарат таратты. Бірақ кім шабуыл жасағаны белгісіз.

Подполковник Сәдуақасов ол полицейдің нақты қалай жараланғанын білмеймін дейді:

– Ол не екі көліктің арасына қысылып қалған, не оған біздің оғымыз тиіп кеткен. Оны (жаралыны – ред.) алып кеткендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізуі керек еді, бірақ олар №12 қалалық ауруханаға алып кеткен. Бұл қате ғой. Жеткізгенше уақыт жоғалтқан. Қансырап қалған.

Ғалымжан Сәдуақасов ұрыс кезінде жараланған жігітті көргенге дейін лаңкестермен соғысып жатырмыз деп ойлағанын айтады. Полицияға "ат" деген бұйрықты кім бергенін әлі күнге түсінбейді.

– Біз телемұнараға күндіз шықтық. Халықтың біразы біздің бара жатқанымызды көрді. Телеорталық директоры да қорғауға келгенімізді білетін. Біздің сонда екенімізден бәрі хабардар еді. Сонда ІІМ қызметкерлеріне шабуыл жаса деп бұйрық берген кім? Бұл әлде арандатушылық па? Не екенін түсінсем бұйырмасын? – деген сауалдар подполковникке маза берер емес. – Бізді [сонда екенімізді] білуге тиіс, оның үстіне Жазин шекарашылар телемұнараны қорғауға алғаны жайында Терроризмге қарсы орталыққа хабарладым деді. Артынан Есім "Арланның" екінші қайтара тағы да шабуылдағысы келгенін айтып қалды. Бұл жолы арнайы техника алып келді, таудың [Көктөбенің] етегіне 40 шақты адам жиналды. Егер екінші рет шабуылдаса, біз шыдамас едік. Бірақ Алла сақтады.

ҰҚК Шекара академиясының қарулы қызметкері
ҰҚК Шекара академиясының қарулы қызметкері

Қаңтар оқиғасында телемұнараны басып алу қаупінің төнгені-төнбегені де беймәлім. Кейін Бас прокуратура шақырусыз келген қылмыскерлер телеэфирге шығу үшін (Көктөбеде тек хабар тарататын аппаратура ғана бар демесе; телеарналар эфирге өз студиясы арқылы шығады) телемұнараны басып алғысы келген деп мәлімдеді. Прокурорлар телемұнараны басып алуды ұйымдастырды деген айыппен Алматы маңындағы ауыл тұрғыны ұсталғанын хабарлаған болатын. Бірақ Көктөбеге жасалған шабуыл туралы іс сотқа жетпегені ашық дерекөздерде жүр.

ШЕКАРА АКАДЕМИЯСЫНДАҒЫ АТЫС: СЫРТТАН ШАБУЫЛ БОЛДЫ МА?

Сәдуақасовтың айтуынша, Көктөбедегі шу басылғаннан кейін генерал Серік Жазин жол талғамайтын көлігімен оқиға орнына келген. Подполковник жеке құрамның ішінде жараланғандар барын және адамдардың біразы ұрыс алаңынан кетіп қалғанын мәлімдеген. Алайда Жазин Сәдуақасовтың қол астындағылар Шекара академиясына оралып, әскери міндетімізді орындадық деп мәлімет бергенін айтыпты.

Академияға оралғандар оқу ордасында болып жатқан жойқын ұрыстың қақ ортасына түскені кейін мәлім болған.

2022 жылғы 13 қаңтарда ҰҚК "6 қаңтар күні кешке Шекара академиясының кіреберісінде қылмыскерлермен атыс болды, атыс кезінде академияның аға офицері Жандос Жағалбаев қаза тапты" деген ақпарат таратты. ҰҚК "Шабуылдаушылар қару-жарақ қоймасын басып алуға тырысқан, бірақ болашақ шекарашы офицерлер жас болса да батылдық танытып, оларға тойтарыс берді" деп хабарлады.

ҰҚК сондай-ақ академияны қорғау кезінде Дәулет Жұпарбеков, Мейірхан Бітім, Жайық Әділқан есімді үш курсант қаза тапты деді. Тоқаев ерлікпен қаза тапқан офицер мен курсанттарды "әскери және қызмет міндетін орындауда танытқан көзсіз ерлігі мен қайсарлығы үшін" "Айбын" орденімен марапаттады.

Марқұм Жандос Жағалбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы жерлеу рәсімі туралы жазған қазақстандық БАҚ-тар ол "Алматыда мекемесін қорғаймын деп лаңкестер қолынан қаза тапты" деген хабар таратты.

Ғалымжан Сәдуақасов академияға шабуыл сырттан жасалмағанына сенімді.

– Ресми мәліметтер лаңкестер бақылау-өткізу пунктіне шабуыл жасаған, офицерлер оларға тойтарыс беріп, ерлікпен қаза тапқан дейді. Жоқ! Ешкім шабуыл жасаған жоқ, өздерін-өзі атты, – дейді подполковник. – Академияға [Көктөбеден] қашып келген жігіттер екінші бақылау-өткізу пунктіне жетеді. Ұрыс алаңынан зәре-құты қалмай қашқан олар әлі де үрейден арылмаған еді. Бүтін бір әскер бізге шабуыл жасады деп айқайлай бастайды. Бұл айқай-шу бақылау-өткізу пунктіне жеткен, сол тұста атыс басталған. Артынан сұрастырғанымда біреуі қараңғыда көлік қозғалып, атыс естілгенін айтты. Бірақ курсанттар басқаша айтқан болатын. Басшылардың бірі курсанттарға белгі береді: егер ол "Ат!" деп айқайласа, бұл атысты баста деген команда. Қашып кеткен жолдастары бақылау-өткізу пунктіне жеткенде, іштен біреу "Ат!" деп айқай салады. Адам түсінбейтін қиян-кескі атыс басталып кетеді. Олардың тұрған орны да ыңғайсыз болғаны сонша, бір-біріне қарсы оқ өтінде қалып қояды. Кейін курсанттарға сабақ беріп жүргенімде олардың көзінен жолдасымның өліміне менің де қатысым болуы мүмкін деген қорқынышты байқадым. Курсанттар ұрысқа қатыстық деп ойлаған да шығар, шынтуайтында, ондай абыр-сабыр кезінде бірін-бірі атып жіберуі де мүмкін.

Сәдуақасовтың айтуынша, бақылау-өткізу пунктінде болған қайғылы жағдай үшін ешкім жауапқа тартылмаған.

– Мен қанша талап етсем де, қызметтік тергеу жүргізілмеді. Онысымен қоймай, оларға Қаңтар оқиғасына қатысушы ретінде сыйақы да берілді! Иә, бәрімізге де сыйақы берілді. Мен [басшылыққа] кіріп, "Қандай сыйақы? Олар ұрыс алаңынан қашып кеткен, курсанттар мен офицерлер қаза тапты" дедім. Ешкім жауапқа тартылмады. Жай ғана істі құпия деп танып, жауып, әрірек тығып қойды.

Айтуынша, алдымен Көктөбедегі және академияның бақылау-өткізу пунктіндегі оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 99 ("Кісі өлтіру") және 257 ("Террористік топты құру, басқару және оның қызметіне қатысу") баптары бойынша іс қозғалған, бірақ кейін тергеу "тоқтап қалған".

Азаттық тілшісі Шекара академиясының қайтыс болған офицерінің анасына телефон соқты. Анасы ұлын кім атқанын да, ұлының өліміне қатысты тергеудің қалай аяқталғанын да білмейтінін айтты.

Kazakhstan - Wheeled combat vehicle of the Border Academy of the National Security Committee
Kazakhstan - Wheeled combat vehicle of the Border Academy of the National Security Committee

Азаттық Көктөбеде және 2022 жылғы 6 қаңтарда академияда болған атыстың мән-жайын және сырттан шабуыл болмағанын растауды немесе жоққа шығаруды сұрап, Шекара академиясы қарайтын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады. ҰҚК бірқатар сұрақты елеусіз қалдырып, бірнеше абзацтан тұратын жауап жолдады.

"2022 жылғы қаңтарда мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғау шараларында ҰҚК Шекара академиясының 5 әскери қызметкері қаза тауып, 56-сы жараланды. Қаза тапқандарға мемлекеттік наградалар берілді. Бұл фактілерге қатысты қылмыстық істерді ІІМ әскери-тергеу басқармасы жүргізді. Осы оқиғалар кезінде Академия басшылығы нормативті-құқықтық акт талаптарына сәйкес әрекет етті, мұны тексеріс нәтижелері де растайды", – деп жазған ҰҚК.

Азаттық Көктөбеде қандай жағдай болғанын, Шекара академиясындағы атыс пен тергеудің нәтижелері туралы білу үшін ІІМ-ге де сауал жолдаған еді. Сондай-ақ шекарашылар қорғауға барған Көктөбеге ІІМ қызметкерлерін кім жібергенін де сұрадық. Осы материал сайтқа шыққанға дейін редакцияға ешқандай жауап келмеді.

"СОҒЫС БОЛА ҚАЛСА, ҚОРЫҚҚАННАН ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ АТЫП ТАСТАЙМЫЗ"

Қарулы күш өкілдерінің бір-біріне оқ атқаны жайлы ақпарат Қаңтар оқиғасының басқа эпизодтарында да таралып жүр. 2023 жылы қарашада Тараз қаласының тұрғыны Ербол Жұманов ҰҚК подполковнигін өлтірген, қару-жарақ ұрлаған және сақтаған деген айыппен сотталып, 16 жылға бостандығынан айырылды. Подполковник қаза тапқан жердің жанындағы бейнебақылау камерасынан видеоны алып үлгерген сотталушының ағасы подполковник әскерилер мен ҰҚК қызметкерлері арасында болған атыс кезінде қаза тапқан деп мәлімдеді. Тағы бір мысал, 6-қаңтар күні Алматының Республика алаңында болған атыс. Сот отырысы стенограммаларының бірінде әскери қызметкерлер бір-біріне "байқамай" оқ жаудырған деп айтылған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы көшесінде тұрған қарулы жауынгер. 8 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы көшесінде тұрған қарулы жауынгер. 8 қаңтар, 2022 жыл

Қаңтар оқиғасы күш құрылымдарының нақты қауіп-қатерді тойтаруға дайын еместігін және төтенше жағдайлар кезінде өзара іс-қимыл жасай алмайтынын көрсетті дейді Ғалымжан Сәдуақасов. Курсанттарда практика жоқ, олар қорғанысқа қарағанда шерулерге көбірек дайындалады дейді ол.

– Курсанттар біздің академияда төрт жыл білім алады. Мысалы, гранатаатқыш қару қолдану сабағының өзі 200 мың теңге тұрады делік. Гранаталар мен оқ-дәріні, ішер асын бәрін түгел есептесек, студенттің оқуы қымбатқа түседі. Бәрі басқа студенттер секілді судыратып тест жаттап, тест тапсырғаннан кейін бәрін ұмытып қалған балалар. Олардың білімін әскери қызметтен хабары жоқ білім министрлігінен келген комиссия тексереді. Студенттер әскери адам болғанда ештеңе білмейді. Қаңтар оқиғасы бізде дайындық жоғын көрсетіп берді. 6 қаңтарға қараған түні жүгіріп, екінші бақылау-өткізу пунктіне бардым. Барсам, курсанттар тұр. Қолбасшы, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, оларды қақпаға қарама-қарсы үш қатар қып сапқа тұрғызып қойыпты. "Адамның миына сыймайтын мұндай бұйрықты кім берді? Арттағылар алдағылардың желкесінен атып тастайсыңдар ғой", – деймін. Келесі күні курсанттарды қоршаудан он метр қашықта, арасына екі метр салып жатқызып қойғанын көрдім. Сырттағы адам қоршаудың саңылауынан оқ жаудыруы да мүмкін ғой, – дейді Сәдуақасов.

Оның айтуынша, Қанды қаңтардан кейін де академияда ештеңе өзгермеген.

Ал ҰҚК-дегілер болса, Қаңтар оқиғасынан кейін Шекара академиясының басшылығы "ЖОО-ны техникалық жағынан қорғауға арналған бірқатар шаралар атқарылғанын, курсанттарды кәсіби даярлау процесі қайта қаралғанын, оқу процесінің өзі "Мемлекеттік білім беру стандарттарына сай жүзеге асырылатынын" мәлімдеді.

Сәдуақасов елдің Қарулы күштерінде, оның ішінде Шекара академиясында да шұғыл түрде реформа жүргізу қажет деп санайды. Қазір әскер "жаппай формализмнен" жапа шегіп отыр, қызметкерлер күні бойы өз жұмысын істемейді, ал айдың аяғында есеп тапсыру үшін "сандарды бере салады" дейді запастағы подполковник. Бірақ оның пікірінше, қорғаныс саласындағы ең түйткілді мәселе – әскери қызметкерлердің, әсіресе лауазымы жоғарылардың қарулы күштерге жеке басының игілігін қамтамасыз ету құралы ретінде қарайтыны.

– Адам не үшін әскерге барады? Әскерге барғандарға жақсы [ақша] төлейді, пәтер береді. Егер жүйе жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге емес, әл-ауқатты жақсартуға бағытталса, онда басшылықтың да қара басын күйттейтіні анық. Сондықтан да қарулы күштер жемқорлыққа қатысты дау-дамайдан арыла алмай келеді. Әл-ауқатқа жетудің баспалдағы саналатын жүйе күн өткен сайын күшейіп, штат көбейіп жатыр. Штаттың көбеюі жағдайды тым қиындатып, бюрократ аппарат санын ұлғайтып отыр. Алда-жалда соғыс жағдайы туа қалса, бірінші күннен-ақ адам шығынына ұшыраймыз. Тіпті шығынның жартысынан көбі біздегідей – қорыққаннан өздерін-өзі атып тастағаннан болуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG