Accessibility links

Тоқаевтың Қаңтарды "түсіндіруі" және "Назарбаевтың көлеңкесі"


Қаңтар кезінде алаңда тұрған әскери қызметкерлер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Сурет авторы Валерий Шарифулин.
Қаңтар кезінде алаңда тұрған әскери қызметкерлер. Алматы, 6 қаңтар 2022 жыл. Сурет авторы Валерий Шарифулин.

Батыс басылымдары бұл аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатын талдап, Тоқаев Қанды Қаңтар үшін кінәні Назарбаевтың жақын серіктеріне аударуға ұмтылғанын жазды. Сонымен қатар Ресейге қарсы санкция мәселесінде Астана Кремльге де, Батысқа да жағуға тырысып, «ұстараның жүзімен» жүргеніне назар аударды. Бұдан бөлек АҚШ пен Түркия аймақта Ресейдің орнын басу үшін бірігіп әрекет ете ала ма деген сұраққа үңілді.

ТОҚАЕВТЫҢ "ҚАҢТАР ҮШІН КІНӘНІ НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАҚЫН СЕРІКТЕРІНЕ АУДАРУ ТАЛПЫНЫСЫ"

Eurasianet басылымы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қанды Қаңтардағы қантөгіс үшін кінәні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серіктеріне аударуға ұмтылғанын жазды.

Мақала авторы Алмаз Куменов сұхбаттың басым бөлігі Тоқаевтың өзін реформатор ретінде көрсетуге арналғанын келтіреді. Тоқаев Конституциялық сотты құру мен парламент мәжілісі сайлауына бірмандатты округ бойынша тәуелсіз кандидатардың қатысуын жетістікке балады. Ал елде саяси тұтқындар бар ма деген сұраққа Тоқаев «азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын жарлық, заң немесе нормативті құжат жоқ» деп жауап берді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мұны мысқылдап, қараша айында жеті жылға сотталған марафоншы және «Алға, Қазақстан!» тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың ісін еске салды. Оған «тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты» және «экстремистік ұйымды қаржыландырды»» деген айыптар тағылды. Жыланбаев өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Eurasianet Тоқаев сұхбатта билікке келген алғашқы жылдары елде қос билік болғанын мойындағанына назар аударды. «Базбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті мұндай әрекетті әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты» деді Тоқаев. Түптің түбінде мемлекеттің қай аппаратын кімнің басқаратыны түсініксіз болды, бұл «билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді».

Қаңтар оқиғасының алғашқы күндері Тоқаев кінәні мыңдаған «бандиттер мен лаңкестерге» аударуға тырысты. Содан бері Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы жайлы нарративтері өзгерді. Куменовтің жазуынша, қазір Тоқаевтың оқиғаны түсіндіруі тәуелсіз сарапшылардың пікірімен үндес.

«Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды» деді Тоқаев.

Оның сөзінше, кейін «қаскөйлер» наразылықты өз мақсатына жету үшін пайдаланды. Тоқаев Назарбаевтың жақын серіктерін оқиғаға қатысы бар деп ашық айыптамаса да, өзі ұстанған бағдар «кейбір ықпалды адамдарға ұнамағанын» жеткізді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің Ras Aitamyn Telegram-арнасына айтуынша, Тоқаев бұл сұхбатта негізінен үш түрлі тезисті жеткізбек болды. «Біріншісі – ол қазір Қазақстанның саясатындағы басты адам, «оның арқасында елде Қаңтардан кейін тәртіп орнады». Екіншісі – Қаңтар «ескі Қазақстан» өкілдерінің Тоқаевқа қарсы бағытталған тірлігі. Үшіншісі – оның [Ресей президенті] Владимир Путинмен, [Қытай басшысы] Си Цзиньпинмен, Батыс басшыларымен қарым-қатынасы жақсы, ол Қазақстанның бүгінгі көпвекторлы саясатының бас архитекторы», дейді сарапшы.

Ал АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Тоқаевтың Назарбаевтың жақын серіктерін сынағанына тоқталған. Тоқаев сұхбатта «кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым» деген. Сондай-ақ басылым Тоқаевтың «мемлекетте «үлкен және кіші президент деген болмауы керек, “кеттің бе – қайырылма!”» деген сөзіне назар аударады.

Мақала авторы Кэтрин Путц күн тәртібіне қарап бұл кімге бағытталғанын оңай аңғаруға болады деп топшылайды. Соңғы айларда Назарбаев көп көріне бастады: жаңа кітап жазды, онда 1999 жылы «Қазақстан аруы» атанған Әсел Исабаевамен (қазіргі тегі Құрманбаева) «мұсылманша неке» қиғанын, одан екі ұлы барын мойындады. 30 желтоқсан күні Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесті. Бұл экс-президент билікке қайтып келуді көздей ме деген талқы туғызды.

Путцтың жазуынша, Тоқаевтың сұхбатында Қаңтар оқиғасын өзі қалағандай түсіндіру, «Қазақстанда саяси тұтқын жоқ» деген бұра тарту мен Назарбаев жайлы қайта қозған әңгімелерге қарсы тұру әрекеті байқалады. Путцтың ойынша, Тоқаев қанша тырысса да, өзін қойып кеткен Назарбаевтың көлеңкесінен ешқашан шыға алмауы мүмкін.

"КРЕМЛЬ МЕН БАТЫСҚА ЖАҒУҒА ТЫРЫСУ" ЖӘНЕ "ҰСТАРАНЫҢ ЖҮЗІМЕН ЖҮРГЕН" АСТАНА

«Ресейге қарсы халықаралық санкциялар енгізілгелі бері Қазақстан мен Қырғызстан Кремльге де, Батысқа да жағуға тырысып, ұстараның жүзімен жүр» деп жазады Eurasianet басылымы. Мақала авторы сарапшы Нұрбек Бекмұрзаевтың пайымдауынша, Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстанның баланс ұстау әрекеті тиімдірек.

Екі елдің басшылығы Батыстың Ресейге қарсы санкция режимін сақтайтынын мәлімдеді. Бірақ бұл елдер мен Ресей арасындағы өсіп жатқан сауда ресми мәлімдемелерге күмән келтіреді. 2022 жылы Қазақстанның Ресейге экспорты алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға, ал Қырғызстанның Ресейге экспорты 150 пайызға артты.

Батыс басылымдары бұл елдер мен Ресей арасындағы күмәнді сауда операциялары жайлы көп жазды. OCCRP мен серіктес ұйымдар Ресей әскері соғыста қолданатын микрочиптер мен дрондарды Қазақстанда тіркелген компания жеткізетінін анықтады. Азаттық радиосы Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары микрочип, телекоммуникация құралдары мен өзге электронды бөлшектерді тасымалдайтынын, бұл Ресей соғыста қолданатын қару-жарақ бөлшектеріне ұқсас екенін жазды.

"Тоқаев пен Тасмағамбетовке санкция". Open Dialog ұйымы "Қазақстан Ресейге көмектесіп жатыр" дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

Автордың жазуынша, Қазақстан да, Қырғызстан да санкция режимін бұзып жатыр дегенге дәлел жеткілікті болса да, Батыс елдері тек Қырғызстанды жазалаған. Қырғызстандағы бес компания Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескені үшін санкцияларға іліккен.

Мұның себебі, Қазақстан санкциялар режимін сақтау бойынша жағымды имидж қалыптастырып, іс жүзінде тиімді болмаса да, көзге көрінетін шаралар қабылдаған. Мысалы, санкция салынған тауар қозғалысын шектеу үшін Астана онлайн-бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізді.

Сондай-ақ сарапшылардың ойынша, Қазақстан Қырғызстанмен салыстырғанда Ресей қысымына қарсы тұруға дайын екенін көрсетіп, Батыстың алдында ұпай жинай алды.

Сонымен қатар Қазақстанның мұнай-газы да Батыстың наразылығын басуға септесті. Елдің мұнай-газ секторындағы ең ірі он инвестордың алтауы – Еуроодақ, Ұлыбритания мен АҚШ компаниялары. Қырғызстанда мұндай табиғи ресурстар жоқ.

«Қырғызстанды жазалап жатыр, себебі онда Батыс компаниялары жоқ, – дейді Бішкектегі экономист Ескендір Шаршеев. Батыс үшін ең қауіпсіз жол – Қырғызстанға қысым жасау, себебі ел қарымта жауап қайтара алмайды».

АҚШ ПЕН ТҮРКИЯ АЙМАҚТА РЕСЕЙДІ АЛМАСТЫРУ ҮШІН БІРІГІП ӘРЕКЕТ ЕТЕ АЛА МА?

Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы АҚШ үшін Орталық Азиядағы түркі мемлекеттерімен қарым-қатынасты күшейтудің тамаша мүмкіндігі туғанын жазды.

Ресей өз әскері мен қару-жарағының көп бөлігін Украинадағы соғысқа жіберді, онда көп қорғаныс техникасынан айырылды, мұның орнын толтыру қиын. Мақала авторы Кен Мориясудың жазуынша, Орталық Азия елдері балама қауіпсіздік кепілгерін іздеп жатыр.

Қытай Ресейдің орнын баса алар еді. Бірақ АҚШ конгресі зерттеу қызметінің дерегінше, Орталық Азия халқының Қытай жайлы пікірі барған сайын жағымсыз болып барады. Оған себеп, Шыңжаңдағы мұсылман ұлттарын қудалау және «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысты жемқорлық.

«Қытай Мәскеудің ашуын тудырмас үшін өте сақ қимылдап жатыр», дейді Вашингтондағы Defense Priorities қорының ғылыми қызметкері Лайл Гольдштейн.

АҚШ-тағы RAND Corporation зерттеу орталығының әскери сарапшысы Хантер Столдың айтуынша, АҚШ бұл мүмкіндікті пайдалануы керек. Алайда автор АҚШ тым алыста жатқандықтан аймақта Ресейдің рөлін жеке-дара алып жүруі қиын деп есептейді.

АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Рич Оутцен өз мақаласында АҚШ бұл ретте НАТО мүшесі Түркияға иек артып, Анкараның аймақпен байланысын пайдалана алады деп жазды.

Түркия мен Орталық Азияның қарым-қатынасы жолға қойылған. Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан Түрік мемлекеттерінің ұйымына кіреді.

«АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасты күшейтіп, инвестицияны көбейткісі келсе, оны Түркиямен бірге әрекет ету жақсы қадам болар еді», дейді RAND Corporation зерттеу орталығының сарапшысы Столл.

Дегенмен Гольштейн Ресей аймақта әлсіреп жатыр деген тым асыра айтылған тезис деп есептейді. «Орталық Азияда Ресейдің жұмсақ күші әлі де басымдыққа ие», дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG