Қазақстанда кибершабуылға іліккен ақпарат құралдары құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Ұжымдық арызға Kursiv.Media, Inbusiness.kz, ProTenge, Shishkin_like, AIRAN және "Обожаю" жобасының журналистері қол қойған. Бас редакторлар мен журналистер арызды цифрлық даму және ақпарат министрлігі мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарына да жіберетінін мәлімдеді.
Ақпаратқа қарағанда, 17 қаңтарда Алматыда Kursiv.Media кеңсесінде хакерлік шабуылға ұшыраған БАҚ өкілдері кездесу өткізген.
"Бұл біз үшін қазақстандық ақпарат құралдарының бірлігін көрсетуге түрткі болатын жайт. Әртүрлі редакция өкілдері алғаш рет бас қосып, бірігіп арыз тапсырып отыр. Біздің қатарымыз көбейіп жатыр, жалғыз әрекет етпеуіміз керек" деді Kursiv.Media бас редакторы Мира Халина.
Қазақстанда кейінгі бір айда билікті сынайтын медиа жобалар мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақтары, сайттары кибершабуылға жиі ұшырап жүр.
Өткен аптада "Обожаю" жобасының авторы, журналист Асхат Ниязов өзі мен туыстары және әріптесінің WhatsApp аккаунттары бұзылғанын хабарлаған. Оның алдында журналистің Instagram-дағы парақшасы мен Telegram-дағы арнасына шабуыл жасалып, YouTube-арнасындағы видеоларға түрлі аккаунттан "қоқан-лоқы сипатындағы" мыңдаған пікір келгенін хабарлаған. Айтуынша, жарнама берушілер де келісімді тоқтатқан.
Елдегі жемқорлықты әшкерелеп жүрген ProTenge сайты да Instagram парақшасына шабуыл жасалғанын хабарлаған. Бұған дейін ҚазТАГ сайты да интернет-ресурсқа Ddos-шабуыл үдегенін мәлімдеген.
Kursiv.Media, Inbusiness.kz, Shishkin_like, AIRAN жобалары да жоғарыда айтылғандарға ұқсас жайттарды бастан кешірген. "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторы, тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров та аккаунтының бұзылғанына шағымданған. Саяси тұтқындарды қолдауға бағытталған "Еркіндік марафоны" алдында белгісіз біреулер оның Kolesa.kz сайтындағы аккаунтын бұзып кіріп, көлік сататыны жөнінде хабарландыру жариялаған. Журналистің телефон нөмірін де көрсетіп қойған. Осыдан кейін журналистің телефонына үздіксіз қоңыраулар келіп түскен.
“Әділ сөз” ұйымының 15 желтоқсандағы есебінше, былтыр елде түрлі БАҚ пен журналистерге 31 рет кибершабуыл жасалған. Ұйым өкілі мұны “сөз еркіндігін шектеу”, “журналистерді қорқыту” деп атады.
Қазақстан конституциясында цензураға жол жоқ екені анық жазылса да билікті сынайтын саяси бұқаралық ақпарат құралдары жиі бұғатталып, кибер шабуылдарға ұшырайды. Freedom House халықаралық ұйымы өз есебінде Қазақстанды ұзақ жылдан бері интернеті еркін емес мемлекеттер қатарына қосып жүр.
ПІКІРЛЕР