Accessibility links

Маралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?


"Экологияны ластайды". Маралдыда алтын өндірісін салуға халық қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:35 0:00

Маралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылы сулы, нулы, қойнауы алтынға бай Алтай тауында орналасқан. Мұнда екі өзеннің арнасы қосылып, қайнар бұлақтар бастау алады. Ауыл маңында 10 жылдан бері кен барлап келген тау-кен кәсіпорындары 2022 жылы алтын өндіретін фабрика сала бастаған. Содан бері ауыл адамдары «су мен табиғат бүлінеді, экология ластанады» деп үзілді-кесілді қарсы болып келеді. Ал облыс билігі фабрика құрылысында заңсыздық жоқ дейді.

ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН АҢ-ҚҰСТАР БАР

Маралдыға кіргенде үйлердің қабырғасындағы "фабрикаға қарсымыз" деген плакаттар назар аудартады. Онда алтынды топырақтан ажыратып беретін цианид қоспасы "экологияға зиян" деп жазған.

Халық кенді ашық әдіспен күреп алуға және цианидті пайдаланатын фабрика салуға келісім бермейтінін айтады.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл

– Ең басты материал алатын тауы – біздің түсінуімізше, мына үлкен қара тау. Мұның бергі жағы ғана сау тұр қазір. Арғы жағының жартысы жоқ. Зауыт саламыз деген жерге материалын КАМАЗ-бен тасып, тау-тау қылып үйіп тастаған. Ойлаңыз, ауылдың ту сыртында тұрған бұл тауды жарған кезде бері қарай қаншама тас домалайды. Халықтың жаз болса үрейі ұшып бітеді. Дүңкілдетіп жарады, – деді Маралдыда тұратын Нұрбол Бексұлтанов ауылдың дәл іргесіндегі кен алынатын тауды нұсқап.

Маралды ауылының тұрғыны Нұрбол Бексұлтанов
Маралды ауылының тұрғыны Нұрбол Бексұлтанов

Оның айтуынша, фабрика орны осы карьердің жанындағы тағы бір таудың үстінде. Компания өкілдері фабрикадан шығатын цианид қосылған су арнайы бөгет ішінде қалады, бұлақтарға немесе жерасты суларына қосылмайды дегенді айтады. Бірақ жергілікті халық улы зат маңайға қар суымен жайылады деп алаңдайды. Олар "көктемде кішкентай бұлақтар өзеннен бетер тасып, ауылды алып кетеді" дейді.

Маралды халқының жартысына жуығы ара шаруашылығымен шұғылданады. Омарташылар да цианид араласатын суға байланысты алаңдайды.

– Цианидті су буланып, шөпке қонады, мұның араларға зияны тиюі мүмкін. Сонымен бірге тауды жарған дауыстан сескеніп, қыстан дұрыс шыға алмайды. Ара өте сезімтал. Кішкентай нәрсені сезе қояды, – деді омарташы Әділ Қожақов.

Ол кәсібі тоқтап қала ма деп қорқады.

Маралды ауылының тұрғыны Әділ Қожақов
Маралды ауылының тұрғыны Әділ Қожақов

– Біз алтын алушылардан ешқандай көмек сұрамаймыз. Бізге тыныштық керек. Ауылымыздағы екі өзеніміз былғанбасын, тамаша табиғатымыз құрымасын деп тілейміз. Қызыл кітапқа енген қаншама аң-құс бар, қаншама шөп бар, Рауғаштың алты-жеті түрін көрсеттік. Бәрі сол фабрика салып жатқан жерде, – деді Әділ Қожақов.

Маралдылықтар компания жеріне жақын аумақтан рауғаш өсімдігі мен таушымылдық гүлдерін көріп, фото-видеоға түсірген. Фабрика орнындағылары күреліп кеткен болуы мүмкін дейді. Олардың шағымынан кейін экология министрлігі өсіп тұрған өсімдіктер қорғауға алынғанын хабарлаған.

Ал "ВСАМ Продакшн" компаниясының директоры Марат Аусабаев фабрика жанында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер барын растайды, бірақ өздері тиіспегенін айтады.

– Ол маңайда бар. Бірақ дәл біз жұмыс істеп жатқан жерде жоқ. Жұмыс істеп жатқан жерде жұмысшыларға арнап "қорғауға алыңдар", "тиісуге болмайды" деген баннерлер іліп қойдық, – деді Марат Аусабаев.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл

Карьердегі жарылыс аң-құсты да үркітуі мүмкін дейді маралдылықтар. Олар ауыл маңында аю мен марал мекендейтінін айтады.

Компания өкілдері рұқсат етілгендей, фабрика су көзінен 500 метрден алыс орналасқан дейді. Бірақ ауыл адамдары кейбір бұлақтар кәсіпорынға одан жақын екенін, көздер бітеліп қалғанын айтып дабыл қағады.

Компания директоры Марат Аусабаев ауыл адамдары қандай суды айтып жүргенін білмейтінін жеткізді. Ол Маралды тұрғындары жалған, дәлелсіз ақпараттың жетегінде жүр, сол себепті ауыл адамдарының уәжіне құлақ асу қиын дейді.

– Кейбіреулер қарсы болғаннан кейін көпшілікті қорқыту үшін жалған ақпарат таратып жатыр. Естіп жатқан боларсыз, "бүкіл өзенді улағалы жатыр" деген ақпарат жіберіп жатыр. "Жердің бәрін құртпақшы", "халықты құртып жатыр" деген ақпарат таратып отыр. Бұл мүмкін емес, – дейді "ВСАМ Продакшн" компаниясының директоры.

"ЕГІН ЕГІП, МАЛ БАҒАТЫНБЫЗ"

Жер қойнауын пайдаланушылар келгенге дейін халық кәсіпорынға тиесілі аумақта егін егіп, мал баққан.

– Совет өкіметі кезінде малшылар отырған. Фабрика орнында екі отар қой бақты. Ал бертін келе ауылдың малы жайылды. Карьер қазғаннан бастап кісілерге қиын болып жүр, – деді Әділ Қожақов.

Ауыл халқының айтуынша, қазіргі карьерге таңдалған таудың астында өткен ғасырда шахта жұмыс істеген. Халық ол кезде ауылда онкология ауруы көбейгенін айтады. Кенді ашық әдіспен алатын болса, ауру қайта өрши ме деп алаңдайды.

Маралды ауылының ішіндегі бастау
Маралды ауылының ішіндегі бастау

Билік ауру шахтамен байланысты дегенге келіспейді. Бірақ нақты себебін де айтпаған.

– Бұл тауда Совет одағы кезінде шахта болған. Ол кезде шахталық әдіспен алғанның өзінде осы ауылда қатерлі ісік ауруы қаптап, мұғалімдер, білімді адамдар көтеріліп, шахтаны жапқызған. Алтын бар жерде уран бар, радиация бар. Цианидпен жумағанның өзінде ауа ластанады, – деді Нұрбол Бексұлтанов.

– Қаншама адам рак болып жатыр бұл жерде. Қазірге дейін солай. Совет үкіметі кезінен қалған шахталарды көрсеттік. "Сендердікі одан емес" дейді. Ашық шахта жатыр ғой, қалайша одан емес? – деді тағы бір тұрғын Жанат Кәрібаева.

ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГТАР МЕН БИЛІКТІҢ СӨЗІ

Маралдыға халықтың шақыруымен тәуелсіз экологтар барған. Солардың бірі Лаура Мәлікова халықтың алаңдауы негізді дейді.

– Құрылыс орны жақтан аққан су төмендегі ауылға, ауыл ішіп отырған суға құяды. Бұл жоба халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зор зиян алып келетініне көзім жетті. Бұл жоба Ақмола облысындағы жобалар секілді жазық далада болса, онда қатер аз болуы мүмкін еді, қатерді басқаруға мүмкіндік болар еді. Ал Маралдының жағдайында алтын өндіретін компанияның қазып тастаған жерлері де, фабрикасы да тура таудың төбесінде орналасқан, – деді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова.

Халық Маралды жерін Катонқарағай ұлттық паркіне немесе Марқакөл қорығына қосуды сұрайды.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 5 қаңтар, 2024 жыл

Маралдыға барған ғалымдардың тағы бірі – геоэколог Светлана Могилюк. Айтуынша, алтын өндірушілер ауылдың үстіндегі 1300 метр биік тауды қазып, жарады. Мұндай биіктен су екпінмен құлап ағады. Сондықтан апатты жағдай бола қалса, ластанудың салдарын жою ықтималдығы өте төмен. Ал аққан су бірден халық мал мен бақшасын суаратын өзенге құяды, сол арқылы ол жер астына сіңеді.

– Жұрт жерасты суын құдықтан алып ішеді. Ал жер бетіндегі сумен мал суарады. Сондықтан қатер өте жоғары, – дейді Могилюк.

Ғалым Маралды мен Күршім өзені Қазақстандағы ең ірі өзен – Ертіске құятынына назар аудару керек дейді, яғни өндіріс ошағының зияны ауыл, ауданмен шектеліп қалмауы мүмкін деп болжайды.

Маралды ауылындағы Маралды өзені. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 5 қаңтар, 2024 жыл
Маралды ауылындағы Маралды өзені. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 5 қаңтар, 2024 жыл

– Бұл жерде әңгіме Ертіс өзенінің бастауы туралы. Бұл – ағыс қалыптасатын аймақ. Маралды өзені Күршімге, ал Күршім тұп-тура Ертіске құяды. Шамамен елдегі үштен екі шаруашылықты қамтып отырған ірі өзеніміз осындай кішігірім өзендерден құралады, – деді "ЭКОМ" қоғамдық ұйымының төрайымы Светлана Могилюк.

Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде жұмыс істейтін геолог, биолог Сергей Стариков аймақты жиі аралайды. Ол Совет одағы кезінде Күршім ауданындағы алтын кеніштерінде жұмыс істеген. Сергей Стариков Күршім ауданында алтын 1920-1960 жылдар аралығында белсенді өндірілгенін, Күршім деген трест жұмыс істегенін айтады. Маралдыдағы шахта да осы жылдар аралығында істеген. Сол кезде аудандағы шахталардағы бұрғылау жұмыстары онкологиялық аурулар тууына әсер етті, болашақта бұрғылау кезінде де өршуі мүмкін дейді ол.

Геолог, биолог Сергей Стариков
Геолог, биолог Сергей Стариков

– Онкология шахтадағы бұрғылау жұмысынан пайда болған болуы мүмкін. Силикоз деп атайды, яғни бұрғылағанда шығатын жеңіл, ұсақ дисперсті шаңнан ағза уланады. Мұндай жағдай Марқакөл жақтағы 1956 жылы жабылған Маңқа кенішінде де болған. Сол кезде көп жерде кеніштер жабылды. Әрине, оларды онкология пайда болғаннан кейін жапқан жоқ. Тек алтынның мөлшері азайды. Сол кезде техниканың күші жеткіліксіз, жұмыс істеу тиімсіз болды. Ал қазір мүмкіндік бар. Қазір алтынның мөлшері аз. Ал оны табу үшін көп жұмыс істеу керек. Мысалы, бір тонна топырақта екі грамм алтын бар дейік. Жай алтын іздеушілер оны ала алмайды. Қуатты техникасы бар үлкен кәсіпорындар ғана бүтін тауды ұсақтап, цианид араластырып, алтынды алып шыға алады. Тіпті бір тоннада жарты грамм алтын болса да өндіреді. Ауқымды жерді жайпап тастайды. Мұндай нәрсе бұрын ешбір отарлаушының түсіне де кірмеген, – дейді Сергей Стариков.

Сергей Стариков Маралдыда алтын өндіретін компания өкілдері Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жан-жануарлар жоқ деп өздері қоршап алған аумақты ғана айтады, ал қоршаудың сыртындағы дүниеге бас ауыртқысы келмейді дейді. Оның айтуынша, жабайы аңдар тарсыл-гүрсілден қашып кетеді, олардың жайлайтын мекені тарылады. "Болашақта фабрика жұмысы тоқтаса, оның орынына көп болса қайың егеді, ал карьердің орыны үңірейіп қалады" дейді.

– Қалпына келтіре алмайсың. Қалай қалпына келтіресің? Карьерді көміп тастайсың ба? Оған қазар кезде кеткен шығын қайта кетеді ғой. Сонымен бірге одан алған топырақты сақтап қою да керек болады ғой. Жоқ, бұл антропогендік ландшафт болып қалады. Яғни адам бүлдірген жер. Бедлендке айналады, – дейді Сергей Стариков.

Халық кәсіпорын жұмысына қатысты пікірін айтатын қоғамдық тыңдауларға әуелде қатысып сөзімізді өткізе алмадық, кейін мүлде қатысуды доғарып, бойкот жариялап келеміз дейді.

Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаева
Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаева

– Көп тыңдауға бізді қатысты деп көрсетті. Оларға қатысса ғана жетеді екен. Қарсысың ба, қарсы емессің бе, оны санамады. Алдарыңнан өттік, болды деді. Қаншама тыңдауды өткізіп алдық. Ақыры тыңдауды зерттеп, заңды оқып, адвокат, заңгерлермен кеңесіп, толық білмесек те, көзіміз ашылды деуге болады. Қазір өз құқығымызды біршама білеміз, – деді Маралды тұрғыны Жанат Кәрібаева.

Ауыл халқы қарсы болған қоғамдық тыңдауларды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев заңды деп атаған.

Көшербаев фабрика құрылысын да заңсыз емес дейді. Сөзінше алтын өндіретін фабрика салынса, сол Маралды ауылының өзіне пайдалы. Ал зиян тигізетін болса, тоқтату керек.

– Халықпен жұмыс істеу керек. Халыққа түсіндіру керек. Мысалы, сол кен байыту орнының иелері халықтың дамуына 2,5 млрд теңге салайын деп отыр. Меніңше, бұл керемет нәрсе, керемет шешім. Қазіргі жағдайда ауылда жол жоқ, көпір жоқ, мектептің жағдайы нашар. Мәдениет үйінің жағдайы нашар. Халыққа үш жүзден астам жұмыс орнын ашайын деп отыр. Оның жаман несі бар? Табиғат жағынан, экология жағынан мәселелер болса, облыстық және орталық мекемелер бақылауға алып, заңға сәйкес істелуіне бар күшін салуы керек. Егер халыққа зиян әкелетін мәселе болса, әрине, онда оны тоқтату керек немесе тиісті нұсқау айту керек, – деді Ермек Көшербаев.

Маралды ауылындағы Күршім өзенінен өтетін көпір. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл
Маралды ауылындағы Күршім өзенінен өтетін көпір. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, 5 қаңтар, 2024 жыл

КОМПАНИЯЛАРҒА КІМДЕР ИЕЛІК ЕТЕДІ?

Қазақстанның жер қойнауын пайдаланудың интерактивті картасына сүйенсек, Маралды кен алқабын Maralicha-Gold тау-кен кәсіпорыны барлайды. Оған бұрынғы туризм және спорт министрі, Астананың экс-әкімі, бұрынғы президент іс басқарушысы, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетов иелік етеді.

Ал фабриканы салып жатқан "ВСАМ Продакшнның" құрылтайшысы WSAM Group Ltd деген компания. Оған Ли Вунг, Ли Хайлэн деген Корей инвесторларымен бірге Айдын Рамазанов иелік етеді. Айдын Рамазанов, Egov деректеріне сәйкес, Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес. Фабрика құрылысы басталғанда Ахметов облыс әкімі қызметінде болған.

Ахметов Рамазановты танымайтынын, оның бизнесіне ықпал етпегенін айтқан.

Сонымен бірге осы Айдын Рамазанов қожалық ететін Aksu Resources кәсіпорыны Маралдының жоғары жағындағы Қызылтас деген жерде кен барламақ. Жер қойнауын пайдалану картасына сүйенсек, құжаттар рәсімделіп жатыр. Aksu Resources-те Рамазановпен бірге Мұхтар Мансұров, Ержан Ишанов құрылтайшы. Бұл жердегі Мұхтар Мансұров – 2003-2007 жылдары Солтүстік Қазақста облысының әкімі болған Тайыр Мансұровтың ұлы.

Тұрғындар ашық әдіспен алтын өндірмеуді және фабрика салуды тоқтатуды сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше үндеу жолдаған. Халық Маралды жерін Катонқарағай ұлттық паркіне немесе Марқакөл қорығына қосуды да сұраған. Президент ашық жауап бермеген.

Халық наразылығынан кейін былтыр мамырда облыс билігі фабрика құрылысын уақытша тоқтатқан. Бірақ болашақта салынуына тыйым жоғын білдірген.

Алтын фабрикасы салынатын ауылдағы қақтығыс. 20 шілде, 2023 жыл:

Алтын фабрикасы салынатын ауылда қақтығыс болды. Маралды халқы неге наразы?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG