Accessibility links

Өзбекстанда депутат елде орыс тілін пайдалануды азайтуды ұсынды


"Миллий тикланиш" партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров.
"Миллий тикланиш" партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров.

Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы спикерінің орынбасары, "Миллий тикланиш" партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров елдегі білім, телевидение және өзге салаларда орыс тілінің пайдаланылуын қайта қарауды ұсынды.

"Ресейдің ресми өкілдері шовинистердің оғаш қылықтарын айтумен ғана шектеліп отыр. Оларға осындай сарындағы әңгіме қызық сияқты. Кейінгі кездері орыс тілінде шовинистік мәлімдемелерден басқа ештеңе естімейтін болдық. Мұндай жағдайда қарым-қатынасты жақсартудың практикалық шаралары туралы ойлану керек. Мысалы, орыс тілі білім беру, теледидарда тым кеңінен қолданылады, ал елде орыс тілінде сөйлейтін отандастарымыздың үлес мөлшері 3 пайызға да жетпейді. Осындай дисбалансты түзеу керек" деп жазды ол телеграм-арнасында.

Оның сөзінше, Өзбекстанда бастауыш білімді ана тілде оқыту туралы ережені заңмен бекіту керек.

"Қазақ, әзербайжан, қырғыз, түрікмен, түрік және түрік бауырларымыздың телебағдарламаларымен алмасайық. Осы мәселелерді фракцияның алдағы отырыстарында талқылайық деп отырмыз" деді Әлішер Қадыров.

Жуырда Ресей тарихшысы Михаил Смолин ресейлік НТВ арнасында революцияға дейін өзбектер болмаған деп мәлімдеген. Әлішер Қадыровтың мәлімдемесі осы оқиғадан кейін бірнеше күннен соң айтылып отыр.

Бұған дейін ресейлік жазушы, "Әділетті Ресей" партиясының мүшесі Захар Прилепин Өзбекстан мен өзге де көрші мемлекеттерді Ресейге қосуды ұсынған. Оның айтуынша, СССР-дың құлағаны жөнінде барлық құжат жарамсыз деп танылып, Ресейге қосылуы тиіс. Осыдан кейін Өзбекстан СІМ Ресейдің Ташкенттегі елшісі Олег Мальгиновты шақырып, Прилепин арандату сипатындағы мәлімдеме таратқанын, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізуі мүмкін деген.

Ресей сыртқы істер министрлігі Прилепиннің мәлімдемесі "Ресей басшылығының ресми ұстанымы емес" деп айтқан.

Осыдан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ағартушылық жөніндегі республикалық кеңес жиынында "Бұрын дипломатия мен саясат арқылы мақсат-мүдделерін қорғап келген әлемнің қуатты орталықтары ашық қысым, текетірес, қақтығыс жолына көшкеніне куә болып отырмыз" деген.

XS
SM
MD
LG