Accessibility links

Әлиевтің отбасына тиесілі банктер Әзербайжан нарығын қалай жаулады?


Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен оның зайыбы әрі елдің вице-президенті Мехрибан Әлиева Венгрияға сапарында. 2023 жылғы тамыз.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен оның зайыбы әрі елдің вице-президенті Мехрибан Әлиева Венгрияға сапарында. 2023 жылғы тамыз.

Азаттық зерттеуі Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің отбасына тиесілі банктердің нарықтағы үлесі 43 пайызға жеткенін көрсетті. Банктердің бұл үлесі 2015 жылы ұлттық валюта құнсызданғалы бері 3 есе артқан.

20 жыл бұрын Әзербайжанның автократ президенті Гейдар Әлиевтің орнына ұлы Илхам Әлиев келді. Осы жылдар ішінде президенттің туыстары табиғи ресурстар өндірісі, әуе тасымалы және құрылыс саласындағы мемлекеттік келісімшарттар арқылы есепсіз байлыққа кенелді. Президент отбасының тағы бір табыс көзі – банк саласы. Әлиевтің қыздары мен басқа да туыстары жекеменшік несие ұйымдары арқылы миллиардтаған долларға бағаланатын активтерді басқарып отыр. Азаттық зерттеуі бұл банктердің ықпалы жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

2015 жылы Әзербайжан билігі ұлттық валюта – манатты құнсыздандырған соң, халықты жиған-тергенінен айырып, елде дүрлігу байқалған еді. Сол кезден бері Әлиевтің отбасы толықтай немесе жартылай иелік ететін 4 банктің нарықтағы үлесі 3 есе артқан.

Pasha Bank, Kapital Bank, "Халг Банк" және "Банк Евразия" құны жүздеген миллион манат болатын мемлекеттік бизнесті дамыту бағдарламасы аясында халыққа қарыз беретін ірі несие ұйымына айналды.

Азаттықтың банктердің қаржы есебін талдауға сүйеніп жариялаған зерттеуіне сәйкес, Әлиевке қатысы бар банктердің активі 2015 жылғы 4 миллиард манаттан (девальвацияға дейінгі бағам бойынша, 5,1 млрд доллар) 2022 жылдың аяғында 20 миллиард манатқа (қазіргі бағам бойынша 11,8 млрд доллар) жеткен.

Әзербайжандағы монополияға қарсы заң бойынша, нарықтағы үлесі 35 пайыздан асатын компаниялар басымдыққа ие субъектілерге жатады және мемлекет олардың қызметін реттей алады.

– Бірақ іс жүзінде президент отбасының банктеріне ешкім тимейді, – дейді экономист Натиг Джафарли.

Аталған 4 банк нарықтағы үлесі бойынша мемлекеттік несие ұйымдарының өзін жолда қалдырады. 2015 жылы мемлекеттік несие ұйымдарының үлесі – 38 пайыз болған, қазір бұл көрсеткіш 30 пайызды құрайды.

Лейла (сол жақта) және Арзу Әлиевала тхэквондо жарысының финалында. Баку, 2017 жыл.
Лейла (сол жақта) және Арзу Әлиевала тхэквондо жарысының финалында. Баку, 2017 жыл.

Манат девальвациясы мен Әзербайжан Орталық банкінің 2015 жылы қаңтардағы банк саласында қызмет көрсетуге қажетті ең төменгі капитал көлемін 5 есе көтеріп, 50 миллион манатқа (64 миллион доллар) жеткізу туралы шешімінен кейін 20-дан астам банк нарықтан кетіп қалған.

Кейінгі 8 жылда Әлиевке қатысы бар банктер санының күрт өсуін девальвация салдарымен түсіндіруге болады. Сондай-ақ президент отбасының банктеріне басқа ұйымдармен салыстырғанда көбірек актив құйылады. Мәселен, аталған қаржы ұйымдары кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекеттен арзан несие алған. Осылай президенттің туыстарына тиесілі банктер халыққа несие беруден табыс таба бастады.

Банк сарапшылары мемлекет Әлиевтің банктеріне басымдық беріп, олардың саяси байланысы аз бәсекелестерін шығынға ұшыратты дейді. Нәтижесінде олигополия пайда болды: несие беретін ұйым азайды, кәсіпкерлер мен халықта таңдау қалмады, тиісінше, несие пайызы да жоғарылады.

Ильхам Әлиев 2003 жылы билікке келген. Содан бері ол мұнай мен газға бай мемлекеттің бар билігін өз қолына жинады. Жақында 62 жастағы Әлиев 7 ақпанда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Әзербайжандағы саяси жағдай мен азаматтар құқығын шектейтін заңдарды ескерсек, бұл сайлауда тағы да қазіргі президент жеңіске жетуі әбден мүмкін. Әзербайжанда президент 7 жыл мерзімге сайланады және қалағанынша сайлауға түсе алады.

Әзербайжан Transparency International ұйымы дайындаған жемқорлықты қабылдау индексінде 180 мемлекеттің арасында 157-орында тұр. АҚШ мемлекеттік департаменті "Ел экономикасында билікпен байланысы бар бірнеше компания тобы басымдыққа ие" деп мәлімдеген.

Азаттық президент Әлиевке қатысы бар 4 банкке де хабарласып, пікір сұрады. Бірақ мақала жарияланғанға дейін Kapital Bank-тен ғана жауап келді. Онда компанияның өсімі онлайн сервистердің кеңеюімен және техникалық жаңашылдықтармен байланысты деп көрсетілген. Банк кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие беру мәселесі бойынша тиісті органдардан жауап алуға кеңес берді.

БАНК СЕКТОРЫНДАҒЫ АЛАЛАУ

Былтыр қазанда Бакуде 20 жыл жұмыс істеген Muganbank жабылды. Әзербайжан Орталық банкі "өз капиталының жеткілікті болуына қатысты талаптарды бұзғаны үшін" банктің лицензиясын қайтарып алған. Бес ай бұрын осыған ұқсас себеппен Gunay Bank-тің қызметі тоқтады.

Кейінгі 8 жылда өз капиталының жеткілікті болуына қатысты талаптардың қатаңдауынан және мұнай бағасының арзандауынан басталған валюта дағдарысынан 22 банк жабылып қалған. Бұл – 2015 жылдың басында Әзербайжанда жұмыс істеп тұрған 45 банктің жартысы нарықтан кетті деген сөз.

"Жаңа Әзербайжан" билеуші партиясының мүшесі, парламенттегі экономикалық саясат комитетінің бұрынғы төрағасы Әли Алирзаев Азаттық тілшісімен сұхбатта бұл жағдайды "қалыпты құбылыс" деп бағалады:

– Компаниялар қарқынды дамып жатқан нарықтық экономикаға бейімделіп үйренуі керек. Мұнда саралап, айыптайтын ештеңе жоқ. Бұл – нарық заңы. Статистикаға жармасып, бұрын 45 банк болса, үнемі солай болуы керек деуге болмайды, – дейді шенеунік.

Әлиев отбасымен бірге Гейдар Әлиевтің зиратында. 2023 жылғы мамыр.
Әлиев отбасымен бірге Гейдар Әлиевтің зиратында. 2023 жылғы мамыр.

Кейінгі 10 жылда Әзербайжандағы 5 ірі банктің үшеуі – Pasha Bank, Kapital Bank және "Халг Банк" Әлиевтің қыздары мен бірінші ханым Мехрибан Әлиеваның туыстарының қолына өтті. Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиева 2017 жылдан бері бірінші вице-президент қызметін атқарады.

Үш банктің есебінде қаржы ұйымының түпкі иегерлері – Лейла және Арзу Әлиева, Мехрибанның әкесі Ариф Пашаев деп көрсетілген.

Президент отбасы Pasha Bank пен Kapital Bank-ті Мехрибанның немере ағасы Джамал Пашаевпен бірлесіп басқарады. Екі жағдайда да компания үлесі елдегі қаржы, құрылыс және туризм саласындағы ең ірі конгломерат Pasha Holding пен басқа да компаниялар арқылы рәсімделген.

Әлиевтер отбасы басқаратын төртінші банк – "Еуразия банкі" түпкі иегерлерін ашық көрсетпейді. Бірақ Азаттық радиосы банк акциясының 37,5 пайызы PMD Group компаниясы арқылы Pasha Holding-ке тиесілі екенін анықтады. Акциялардың 25 пайызы – Azbiznescom компаниясының иелігінде. Әшкере болған "Пандора архиві" құжаттарына сәйкес, бұл компанияның заңды өкілі – салық министрлігінің бұрынғы қызметкері Ашраф Камиловтың Әлиевтердің құпия офшор империясымен байланысы бар.

Әртүрлі зерттеуші журналистер, оның ішінде Азаттықтың Әзербайжан қызметі президент Әлиевтің жақын туыстарының шетелде активтері барын анықтады. Олар көбіне бұл активтерге жақын серіктестерінің қатысуымен құпия офшорлық компаниялар арқылы иелік етеді.

2021 жылы Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы "Пандора архивіне" сүйеніп, Әлиевтің туыстары мен олардың серіктестері офшор көмегімен Ұлыбританиядан, көбіне Лондоннан, 700 млн долларға жылжымайтын мүлік сатып алғанын анықтады.

Әлиев италиялық La Repubblica газетіне сұхбатында осы зерттеуге қатысты пікір білдіріп, "Құжаттарда не жазылғанын оқымадым. Онда әрі кетсе 5 пайыз шындық жазылғанын естідім. Қалғаны жалған", – деді.

Әлиев президент болып сайланғалы бизнеспен айналысуды қойғанын айтты.

– Әзербайжанда отбасылық құндылықтарға қатты мән береміз. Сондықтан кәсібімді балаларыма бердім. Олар өздері еңбектеніп, бизнесімді жалғастырып жатыр. Ақшаның негізгі бөлігін Әзербайжанға құяды. Шетелде де инвестициялары бар, – деді Әлиев.

Мемлекеттік банктерді есепке алмасақ, нарықта Әлиевпен байланысы бар банктердің басымдыққа ие екені айқын байқалады. Әлиев банктерінің 2023 жылға дейін жинаған 12 миллиард доллар активі жекеменшік банк секторының 63 пайызын құрайды. 2022 жылы банктердің жалпы табысы 486 миллион манатқа (285 миллион доллар), 2023 жылы 500 миллион манатқа (294 миллион доллар) жеткен.

Бакуде банк саласында істейтін адвокат Акрам Гасанов Азаттық радиосына сұхбатында дағдарыс басталған кездегі Орталық банк несиелері мен Әлиев банктерінің тез өсімі арасында тікелей байланыс барын айтады.

– 2015 жылғы девальвацияға дейін бірнеше жыл бойы Орталық банк оларға арзан несие беріп келді. Басқа банктер мұндай несие алмады. Несие беру процесі ашық болмады, – дейді ол.

Гасанов 2022 жылы сәуірде бұрын PASHA Bank-ті басқарған, Орталық банктің қазіргі басшысы Талех Кязымовпен фаворитизм мәселесін талқылаған. Ол банктерге несие бірдей бөлінеді деп ақталған.

Лейла (сол жақта) және Арзу Әлиевала тхэквондо жарысының финалында. Баку, 2017 жы.
Лейла (сол жақта) және Арзу Әлиевала тхэквондо жарысының финалында. Баку, 2017 жы.

Әзербайжанның Орталық банкі Азаттықтың несие беру шарттары туралы сұрақтарына жауап бермеді. Бірақ Gunay Bank-тің бұрынғы басшысы Махмуд Маммадов 2023 жылы мамырда қаржы ұйымы лицензиясынан айырылмай тұрып, баспасөз бетінде Орталық банкті сынаған.

– 500-600 миллион манат несие алған банктер болды. Ал бізге 1-2 миллион манат несиенің өзін қимады, – дейді ол.

Азаттық Маммадовтан пікір алмақ болды, бірақ ол редакция хатына жауап берген жоқ.

АРЗАН НЕСИЕ

Әлиевтердің банк империясы мемлекеттік қызметкерлерге жалақы мен коммуналдық төлемдер аударуға ғана емес, үкіметтің қаржыландыруымен кәсіпкерлерге несие беруге де жауапты.

2022 жылдың аяғында экономика министрлігінің жанындағы кәсіпкерлікті қолдау қоры 952 миллион манат (560 миллион доллар) көлемінде жеңілдетілген несие берген. Оның 699 миллион манаты (411 миллион доллар) банктерге бөлінген.

Әлиевпен байланысы бар банктердің қаржы есебіне сәйкес, кәсіпкерлер мен басқа да қарыз алушыларға арналған несие мөлшерлемесі 5-7 пайыз болған, ал қаржы ұйымдарының өзі мемлекеттен ақшаны 1 пайыз өсіммен алған. 2022 жылдың аяғына қарай кәсіпкерлікті қолдау қоры несиелерінің жартысынан көбі Әлиевпен байланысты банктер арқылы берілген.

Орталық банк дерегінше, 2023 жылы Әзербайжан банктері берген әртүрлі несиелердің жалпы табысы 3,5 миллиард манатты (2 миллиард доллар) құрайды. Осы қаржының 38 пайызы (1,3 миллиард манат немесе 765 миллион доллар) – Әлиевтердің банктеріне тиесілі.

Кей кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алмағанын айтып шағынады. Кәсіпкер Шахин Наджафовтың елдің батысында фермасы бар. Ол 6 ай бойы банктен жеңілдетілген несие алуға тырысқан. Бірақ банк "Бакуде кепілге қоятын жылжымайтын мүлігіңіз болу керек" деп өтінішін қанағаттандырмаған.

– Ауылда тұратын шаруамын. Бакуде жылжымайтын мүлігім қайдан болсын? Соған бола кәсібімді дамытуға несие ала алмаймын ба? – дейді ол.

Губинский ауданы Рустов ауылында тұратын тағы бір шаруа Гейбулла Маммадов не өзі, не көршілері жеңілдетілген несиеге ілінбегенін айтады. Олар 1,5 жылдан бері несие сұрап өтініш бергенімен нәтиже шығара алмаған.

Экономист Аллахверди Айдын пайыздық төлемдер қосымша мәселе болуы мүмкін дейді. Орталық банктің дерегінше, тұтыну несиелері бойынша орташа мөлшерлеме – 16 пайыз. Тәуелсіз сарапшылар бұл көрсеткіш ресми деректен әлдеқайда жоғары деп есептейді. Айдынның пікірінше, халыққа қазірдің өзінде несие төлеу қиын, ал нарықтағы монополия қосымша мәселе туғызады.

– Басқа банктер жабылып қалса, билеуші отбасының банктері көбейеді. Жабылған банктердің клиенттері соларға өтеді: адамдарда таңдау қалмайды, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG