Ақтаулық әлеуметтік кәсіпкер Салтанат Бралина бір жылдан бері калифорниялық шылаушын өсірумен айналысады. Айтуынша, бұған органика қалдықтары мәселесін шешуге талпыныс түрткі болған. Ол аталған мәселені зерттеп, ақырында ең оңтайлы шешімі - шылаушын деген қорытындыға келген. Eco Kundelik-тің кезекті эпизодының қонағы – Салтанат Бралина.
Подкасты тыңдаңыз:
Әлеуметтік кәсіпкер Салтанат Бралинаның Ақтауда жарты гектарлық вермифермасы бар. Вермиферма – органикалық қалдықтары бар шылаушындарға арнайы жағдай жасалған орын. Ол шағын жәшік түрінде де, жан-жағы қоршалған ірі қора-жай ретінде де кездесе береді.
Салтанат Бралинаның сөзінше, ол былтыр 500 мың калифорниялық шылаушын сатып алып, тамақ қалдығын өңдей бастаған. Қазір олардың саны миллионнан асқан.
"Біз сатып алған кезде бір шылаушынның бағасы 5 теңге еді. Қазір шылаушын қымбаттады – қазір бір шылаушын 15 теңге тұрады" дейді кәсіпкер.
Калифорниялық шылаушынның кәдімгі жауын құрттарынан айырмашылығы – олар климатқа төзімдірек, мал көңімен қатар органикалық қалдықтарды да жеп, олардан тыңайтқыш өндіреді. Мұндай шылаушын түрін Калифорния штатының ғалымдары 1959 жылы жауын құртының түрлі тұқымдарын будандастыру арқылы алған.
Салтанат Бралинаның сөзінше, бір шылаушын күн сайын өзінің салмағына сәйкес мөлшерде органика қалдықтарын яғни, 1-2 грамм мөлшерінде органика жейді. Калифорния шылаушыны "құрттардың асылы" саналғанмен оған да күнделікті күтім керек.
"Калифорния шылаушындарын өсірсеңіз, ол кәдімгі үй жануарлары сияқты күтімді талап етеді. Ол тұрған жердің ылғалдылығы, қышқылдығын қатаң тексеріп отыру керек. Арнайы құрал бар. Сонымен өлшейміз. Ылғалдылық мөлшері 70 пайыздан кем болмауы керек. Шылаушындар үшін ең жайлы температура +10 +25. Маңғыстаудың ауа-райы Астана, Алматыныкы сияқты емес. Біз үшін суықтан гөрі ыстық ауа-райы көбірек проблема туындатады. Маңғыстауда өте құрғақ болғандықтан шылаушындарға су сеуіп отырамыз. Әйтпесе, қаталап өледі. Көп мөлшерде судың жұмсалуы аталған бизнесті қиындатып жібереді. Себебі Маңғыстауда су қымбат әрі тапшы" дейді кәсіпкер.
Салтанат Бралинаның айтуынша, 2023 жылы жүздеген мың шылаушын шамамен 20 тонна биогумус өндірген. Оның айтуынша, алғашқы жылы шылаушындардың "бурттарда" (жылыжайға ұқсас топырағы қопсытылған шылаушындар тұратын жер) орналасу тығыздығы төмен болғандықтан биогумус азырақ шыққан.
"Ал биыл 60 мың тонна өнім аламыз деп үміттенеміз" дейді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, қазір нарықта биогумустың әр килосы 150 теңгеден сатылып жатыр.
"Биогумусқа халық арасында сұраныс бар. Оны саяжайлары бар, топырақты құнарлы еткісі келетін тұрғындар алады. Біз әр килосын 150 теңгеден саттық" дейді ол.
Кәсіпкер әзірге шылаушын бизнесімен айналысу елде тиімді болмай тұрғанын, өзінің де еселеп пайда тауып жатпағанын айтады. Алайда вермифермалардың коммерциялық пайдасынан гөрі әлеуметтік, экологиялық тұрғыда маңызы көп.
Қазір ол Ақтаудағы бірнеше асхана мен үйдің органика қалдықтарын әкеліп, шылаушындарын асырап жатыр. Ескеретін жайт, Калифорния құрттары цитрус, пияз, жуа, сарымсақ жемейді, қышқылдығы көп өнімдерді берген кезде оған әк, сода қосып қышқылдығын азайтып беру қажеттігін алға тартады.
"Біз кейде базар сатушыларынан да шіріген алма, жемістерін 10-15 теңгеге сатып аламыз. Бұл оларға да, бізге де тиімді. Олар қалдықтарын сыртқа төкпейді. Одан бөлек, қалада қалдық жинайтын компаниялар бар. Олар араланған ағаш, жапырақтарды бізге әкеледі" дейді кәсіпкер.
Оның пікірінше, шылаушын бизнесімен айналысып жатқандарға мемлекет көмектессе, екі есе ұтады. Себебі бұл бизнес екі үлкен мәселені шешуге көмектеседі: біріншіден, экология мәселесі. Күн сайын тонна-тонна органика қалдықтары полигонға лақтырылады. Ал олар улы газдар бөліп, қоршаған ортаны ластайды. Ал шылаушын сол органика қалдықтарын өңдейді.
Екінші мәселе, топырақ эрозиясы. Қазір барған сайын топырақ құнарсызданып, құм, шөлейттер аумағы кеңейіп барады. Ал шылаушын өндірген тыңайтқыштар топырақты байытып, кез келген алқапты жасыл желекке айналдыруға шамасы жетеді.
"Шылаушын өсіру әсіресе, Маңғыстау үшін өте маңызды. Себебі Маңғыстаудың топырағын білесіздер - қап-қатты, құрғақ. Соның өзін биогумус байытып, құнарландырады. Жуырда биогумустың сапасын тексеру үшін оны зертханаға беріп көрмекпіз. Биогумуспен өскен раушан былтыр төрт айда алты рет гүлдеді" дейді кәсіпкер.
Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.
ПІКІРЛЕР