Accessibility links

"Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігін Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация беруге шақырды


"Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстан билігінің Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ қызметінің ондаған тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешімін айыптап, Астананы ақпарат құралына еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырды.

"Азат Еуропа/Азаттықтың Қазақ қызметі өзінің ашық әрі сенімді репортаждарымен танымал. Биліктің ақпарат құралы тілшілеріне ойдан шығарылған себеппен жаппай аккредитация бермеуі қатты алаңдататын жайт және бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз еркіндігі туралы мәлімдемесіне нұқсан келтіреді" деді штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары бойынша үйлестірушісі Гүлноза Саид.

"Қазақстан билігі Азаттық радиосының тілшілеріне аккредитация беріп, ақпарат құралының еркін кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге тиіс" деді ұйым өкілі.

2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың маусымы аралығында редакция Қазақстан сыртқы істер министрлігіне 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру немесе аккредитация мерзімін ұзарту жөнінде сегіз хат жолдаған. Алайда министрліктен заң бойынша көрсетілген мерзімде жауап алмаған.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда редакция 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.

2024 жылы 3 қаңтарда Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінен жауап түсті. Онда ведомство өкілдіктің 36 тілшісіне аккредитация беруден бас тарту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген.

30 қаңтарда Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) сотқа арызданып, Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған. Заң бойынша, тараптарға сот басталмай тұрып бітімге келулеріне мүмкіндік беріледі. 2 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Азаттық ісі" бойынша бітімге келуден бас тартты. Іс сот қарауына жөнелтілген.

2 ақпанда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм Ulysmedia сайтына берген комментарийінде жағдайдан хабардар екенін, қазақ үкіметімен диалогта осы мәселе талқыланып жатқанын айтқан.

– Азаттыққа, оның аккредитациясына қатысты жағдайдан хабардармыз. Қазақстан үкіметімен осы жөнінде талқы өткіздік. Алаңдап отырмыз. БАҚ туралы (Масс-медиа) заңға байланысты жағдайды да жіті назарда ұстап отырмыз. Сонымен бірге шетел басылымдарында жұмыс істейтін журналистер де назарымызда. Бізге медианың тәуелсіздігі мен сөз еркіндігі маңызды. Үкіметпен диалогта талқылап жатқан негізгі мәселелер осы, – деді Дэниел Розенблюм.

Азаттыққа аккредитация берілмей отырған шақта өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Кейбір медиа сарапшылары бұл түзету осы күйде қабылданса, "ақпарат құралдарын шектейтін құралға айналуы мүмкін" деп қауіптенген. Осы аптада International Press Institute ұйымы Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеген. Ұйым жобадағы "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы пунктің бұлыңғыр тұстарына және шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау туралы жаңа нормаларға "ерекше алаңдап отырғанын" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG