Accessibility links

"Азаттық ісі": СІМ бітімнен бас тартты. АҚШ елшісі мәселе қазақ үкіметімен диалогта талқыланып жатқанын айтты


Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Азаттық ісі" бойынша бітімге келуден бас тартты. 2 ақпанда Азаттықтың адвокаты Әсел Тоқаева осылай деп хабарлады.

Бұған дейін Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) сотқа арызданып, Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеген немесе аккредитация мерзімін ұзартпаған Қазақстан СІМ-нің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған еді. Заң бойынша, тараптарға сот басталмай тұрып бітімге келулеріне мүмкіндік беріледі.

"Қазір ғана бітім бойынша кездесу өтті. Сыртқы істер министрлігі одан бас тартты. Іс сот қарауына жөнелтілді" деді жұма күні адвокат.

Істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарайды.

Министрлікке қарсы шағым 2024 жылдың 3 қаңтарында Азат Еуропа/Азаттық радиосына Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "өкілдіктің 36 қызметкерін аккредиттеуден немесе аккредитация мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылданғаны жөнінде" хат келгеннен кейін түсірілген.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі редакцияға жолдаған жауабында журналистердің "аккредитациясыз жұмыс істеп келгені", сонымен бірге редакцияға "айыппұл салынғанын" (құқық қорғаушылар "жалған ақпарат туралы" жаңа бапты ресейлік "фейктер туралы" заңға ұқсатқан) алға тартқан.

Ал Азат Еуропа/Азаттық радиосы - Қазақстан өкілдігі (RFE/RL-Қазақстан) сотқа шағымында ведомство келтірген дәлел-дәйектерді негізсіз деп тануды сұраған, себебі редакцияның айтуынша, олар журналистердің аккредитациясына қатысты өтініштерді уақытында беріп отырған, өтініштер қаралуы тиіс кезде журналистерде аккредитация мерзімі аяқталмаған, ал министрлік өтініштерді жауапсыз қалдырған. Ақпаратқа қарағанда, қызметкерлерді аккредитациядан өткізу туралы өтініштер өкілдікті әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шыққанға дейін көп уақыт бұрын берілген, бірақ олар "дер кезінде қаралмаған".

Жұма күні АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм Ulysmedia сайтына берген комментарийінде жағдайдан хабардар екенін, қазақ үкіметімен диалогта осы мәселе талқыланып жатқанын айтқан.

– Азаттыққа, оның аккредитациясына қатысты жағдайдан хабардармыз. Қазақстан үкіметімен осы жөнінде талқы өткіздік. Алаңдап отырмыз. БАҚ туралы (Масс-медиа) заңға байланысты жағдайды да жіті назарда ұстап отырмыз. Сонымен бірге шетел басылымдарында жұмыс істейтін журналистер де назарымызда. Бізге медианың тәуелсіздігі мен сөз еркіндігі маңызды. Үкіметпен диалогта талқылап жатқан негізгі мәселелер осы, – деді Дэниел Розенблюм.

Бір күн бұрын Қазақстан сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жөнінде СІМ шешімі "редакцияның Қазақстан заңнамасы мен тиісті ережені бұзуына байланысты қабылданды" деп мәлімдеген. "Сіз министрліктің ұстанымымен келісесіз бе?" деген сұраққа Мәулен Әшімбаев сұрақтарды министрлікке жолдау қажеттігін айтқан.

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлігін шешімін негіздеуі тиіс.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.

Қазан айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты дауды медиация тәртібімен шешу туралы келісімді бекіткен. Оған сәйкес, министрлік жауапты 2023 жылдың 27 желтоқсанына дейін беруге тиіс болған. Жауап 2024 жылы 3 қаңтарда келіп түсті. Онда Қазақстан СІМ Азаттыққа тілшілеріне аккредитация бермейтінін хабарлады.

Азаттыққа аккредитация берілмей отырған шақта өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Кейбір медиа сарапшылары бұл түзету осы күйде қабылданса, "ақпарат құралдарын шектейтін құралға айналуы мүмкін" деп қауіптенген. Осы аптада International Press Institute ұйымы Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеген. Ұйым жобадағы "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы пунктің бұлыңғыр тұстарына және шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау туралы жаңа нормаларға "ерекше алаңдап отырғанын" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG