Accessibility links

Сенат спикері Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу мәселесін министрліктен сұрау қажеттігін айтты


Мәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу жөнінде СІМ шешімі "редакцияның Қазақстан заңнамасы мен тиісті ережені бұзуына байланысты қабылданды" деп мәлімдеді.

"СІМ-нің айтуынша, мұндай шешім редакция және Азаттық тілшілері Қазақстанның БАҚ саласындағы заңнамасын бірнеше рет бұзғанына байланысты, атап айтқанда шетел өкілдіктерінің қызметі және олардың журналистері туралы ережені орындамағаны үшін қабылданған" деді 1 ақпанда сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген Мәулен Әшімбаев.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұған дейін Азаттыққа жіберген жауабында журналистердің "аккредитациясыз жұмыс істеп келгенін", сонымен бірге редакцияға "айыппұл салынғанын" (құқық қорғаушылар "жалған ақпарат туралы" жаңа бапты ресейлік "фейктер туралы" заңға ұқсатқан) алға тартқан еді.

Бейсенбі күні "сіз министрліктің ұстанымымен келісесіз бе?" деген сұраққа Мәулен Әшімбаев жауап бермеді. Сенат төрағасы сұрақтарды министрлікке жолдау қажеттігін айтты.

Осы аптада СІМ шешімін сотқа берген Азаттық соттан ведомство келтірген дәлел-дәйектерді негізсіз деп тануды сұраған, себебі редакцияның айтуынша, олар журналистердің аккредитациясына қатысты өтініштерді уақытында беріп отырған, өтініштер қаралуы тиіс кезде журналистерде аккредитация мерзімі аяқталмаған, ал министрлік өтініштерді жауапсыз қалдырған. Ақпаратқа қарағанда, қызметкерлерді аккредитациядан өткізу туралы өтініштер өкілдікті әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шыққанға дейін көп уақыт бұрын берілген, бірақ олар "дер кезінде қаралмаған".

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей келеді немесе аккредитация мерзімін ұзартпай жатыр. Олардың арасында 2022 жылдан бері аккредитациясы ұзармаған журналистер бар. Редакция барлық құжаттарды бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Тағы бірнеше журналистің аккредитация мерзімі осы жылы аяқталады. Ережеге сәйкес, сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлігін шешімін негіздеуі тиіс.

2023 жылы қыркүйек пен қазанда Азаттық 30-дан астам қызметкеріне аккредитация беру және мерзімін ұзарту туралы тағы өтініш түсірген, бірақ нақты жауап алмаған.

Азаттық журналистеріне аккредитация берілмей отырған шақта парламентте үкіметтің "Масс-медиа туралы" заң жобасы қаралып жатыр. Өткен аптада парламент мәжілісінің депутаттары "Масс медиа туралы" заңға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынған. Ол бойынша сыртқы істер министрлігі "ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді" деп тапса, журналиске аккредитация беруден өз бетінше бас тарта алады. Ал аккредитациясы жоқ журналистердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Кейбір медиа сарапшылары бұл түзету осы күйде қабылданса, "ақпарат құралдарын шектейтін құралға айналуы мүмкін" деп қауіптенген.

Осы аптада International Press Institute ұйымы Қазақстанды шетел БАҚ-тарын аккредитациялау туралы түзетулерден бас тартуға үндеді. Штаб-пәтері Венада шоғырланған халықаралық топтың айтуынша, аталған жоба қазіргідей күйде қабылданса, Қазақстандағы шетел ақпарат құралдарының жұмысын айтарлықтай шектейді және онлайн-басылымдарды үкіметте тіркеуге міндеттейді.

IPI директорының орынбасары Скотт Гриффен жобадағы "ұлттық қауіпсіздікке қатер" туралы пунктің бұлыңғыр тұстарына және шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау туралы жаңа нормаларға "ерекше алаңдап отырғанын" мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл ұсыныстар "тұтас алғанда Қазақстанда шетел журналистерінің жұмыс істеуіне тыйым салуға немесе кәсіби қызметі үшін қудалануына жағдай туғызуы мүмкін".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG