Accessibility links

Қытайдың Hikvision және Dahua камералары Украинаға соғыс ашқан Ресейге қалай көмектесуі мүмкін?


Украина қауіпсіздік қызметтерінің айтуынша, Ресей хакерлері Украинадағы бейнебақылау камераларын а қашықтан қосылып, шабуылға керек деректерді жинауы мүмкін.
Украина қауіпсіздік қызметтерінің айтуынша, Ресей хакерлері Украинадағы бейнебақылау камераларын а қашықтан қосылып, шабуылға керек деректерді жинауы мүмкін.

Hikvision және Dahua бейнебақылау камералары жөніндегі зерттеу бұл камералардың кей түрлері хакерлік шабуылға төтеп бере алмайтынын, ал пайдаланушының деректері Қытай үкіметіне кейде жартылай немесе толықтай тиесілі компанияларға жіберілетінін анықтады. Сарапшылар пікірінше, камерадан алынған деректер Мәскеуге берілуі мүмкін.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне екі жылға жуықтады. Украинаның мемлекеттік қауіпсіздік жүйесі, тұрғын үйлері мен жекеменшік компанияларына орнатылған жүздеген мың камера Ресей әскери құрылымдарының хакерлік шабуылына төтеп бере алмауы мүмкін. Украинаның цифрлық қауіпсіздік бойынша сарапшылары мен шенеуніктері осылай деп отыр. Бұл камераларды Қытайдың Hikvision және Dahua компаниялары өндірген.

2 қаңтарда Киевке Ресейден ұшырылған зымыран түсіп, кемі үш адам қаза тапты. Украинаның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі зымыран көшедегі қарапайым 2 камераның көмегімен (бірі – көпқабатты үйге, екіншісі – автотұраққа қойылған) шабуылдаған деп есептейді.

2 қаңтар күні зымыран түсіп бүлінген тұрғын-үй. Киев. Шабуыл көшедегі бейнебақылау камералары арқылы ұйымдастырылған болуы мүмкін.
2 қаңтар күні зымыран түсіп бүлінген тұрғын-үй. Киев. Шабуыл көшедегі бейнебақылау камералары арқылы ұйымдастырылған болуы мүмкін.

Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің дерегінше, Ресейдің барлау қызметі камераларды бұзып, оны астанадағы қорғаныс күштерін аңдуға және маңызды инфрақұрылымдарды суретке түсіруге пайдаланған. Олардың бірі – 2016 жылы Қытайда өндірілген Hikvision камерасы. Бұл туралы Азаттықтың Украин қызметінің "Схемы" деп аталатын зерттеу тобына аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген құқық қорғау органдарының өкілі хабарлаған.

– Мұндай камералар әдетте енді ғана интернетке қосылған, біршама ескірген, бағдарламасы жаңармаған, кемшілігі көп. Өндіруші орнатқан базалық бағдарлама хакерлерге, бұл жағдайда интернетті бақылап отырған Ресейдің барлау қызметіне камераны тауып, оған қашықтан қосылуға мүмкіндік береді, – дейді Украинадағы CyberLab цифрлық криминалистика зертханасының атқарушы директоры Сергей Денисенко.

Цифрлық криминалистика зертханасының маманы Украина мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесін тексеру үшін 2015 жылы шыққан Hikvision камерасын 15 минутта бұзып берді.

Украинадағы CyberLab цифрлық криминалистика зертханасының атқарушы директоры Сергей Денисенко (сол жақта) Азаттық тілшісі Кирилл Овсяныймен бірге.
Украинадағы CyberLab цифрлық криминалистика зертханасының атқарушы директоры Сергей Денисенко (сол жақта) Азаттық тілшісі Кирилл Овсяныймен бірге.

ImportGenius дерегіне сәйкес, 2014-2022 жылдары Украинаның 3 компаниясы Hikvision кәсіпорнынан 875 мыңнан камера мен бейнебақылауға қатысты құрылғылар сатып алған. Тағы бір компания Dahua компаниясынан 1,1 миллион камера импорттаған.

Hikvision мен Dahua техникасын бұдан аз көлемде импорттаған басқа компаниялар да бар. Аталған қос компания әлемдік нарықта бейнебақылау камерасының өндірісі бойынша басымдыққа ие. Украина көбіне осы компаниялардың камераларын сатып алады.

Әлемдегі ең қайшылықты камералар да – осы. 2022 жылы АҚШ-тың байланыс бойынша федералды комиссиясы Hikvision және Dahua компанияларының тауарлары ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп, болашақта бұл камераларды импорттап, сатуға тыйым салды. Австралия, Ұлыбритания, Тайвань мен басқа да мемлекеттер қытайлық камералар қолданысын шектеу немесе тыйым салу туралы шешімге келді.

Цифрлық криминалистика зертханасының маманы 2015 жылы шыққан Hikvision камерасын 15 минутта бұзып берді.
Цифрлық криминалистика зертханасының маманы 2015 жылы шыққан Hikvision камерасын 15 минутта бұзып берді.

Украинада мұндай заң жоқ. Бірақ 2023 жылы Киев Hikvision және Dahua компанияларын Мәскеуге салық төлем, әскери мақсаттағы техника сатқаны үшін "соғыстың халықаралық демеушілері" деп атаған.

1 ақпанда Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Reuters агенттігіне пікір білдіріп, Пекин 14 қытайлық компанияны тізімге қосуға қарсы екенін, Украинадан қатесін түзеп, жағдайдың кері салдарын жоюды талап ететінін айтты.

Бірақ министрлік қытайлық бейнебақылау камералары хакерлік шабуылға ұшырап, бұзылғаны жайлы ақпарат бермеді.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Украинаның жол, көше, саябақ, көпқабатты үйлер мен қоғамдық орындарды бақылау жүйесінде қолданылатын камералардың 74 пайызын Hikvision және Dahua техникасы құрайды.

Қоғамдық бақылау жүйесінде аталған компаниялардың тағы 24 000 камерасы қолданылады.

"Схемы" тобы желтоқсанда Чернобыль атом электр станциясы, Украинаның бірнеше қаласы мен Одессадағы теңіз порты әкімшілігі сияқты құпия нысандарында Hikvision камералары мен Ресейдің TRASSIR бейнебақылау жүйесінің бағдарламасы қолданылатынын жазған. Жоба зерттеушілері Украина президенті Владимир Зеленскийдің әкімшілігі, ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік қызметінен "Бұл камералар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірмей ме?" деп сұраған. Бірақ зерттеушілер сұрағы жауапсыз қалды.

Цифрлық қауіпсіздік зертханасының "Схемы" тобының сұрауымен жүргізген зерттеуі Hikvision және Dahua камераларын оңай бұзуға болатынын, техника шифрланған деректерді Қытайдың мемлекеттік немесе жекеменшік компанияларына жіберетінін анықтады.

2015 жылғы Hikvision камерасына қосылу үшін "1234567890" құпиясөзі жараған. Ал 2023 жылғы Hikvision камерасына символдары бар, күрделі құпиясөз қажет еткен. Бірақ камера қытайлық серверге қолданушылар туралы шифрланған деректер жіберген. Бұл сервер Қытайдың мемлекеттік ChinaNet провайдеріне тиесілі.

2019 жылғы Dahua камерасы бұлтты серверге қосылмаған кездің өзінде Германиядағы Қытайдың басқаруындағы uCloud Information Technology серверлеріне қолданушылардың логин/құпиясөзі сияқты шифрланған ақпарат жіберуді жалғастырған. Компанияның жартысы – Қытай үкіметіне, екінші бөлігі – АҚШ-тағы Zenlayer фирмасына тиесілі.

Бейнебақылау камераларындағы деректерді жіберу қауіпсіздігі өндірушіге, серверге қосылу мүмкіндігіне, бұл ақпаратты кім және қалай пайдаланатынына байланысты. Осыдан кейін "Қытай өндірушісіне сенесіз бе?" деген сұрақ туады, – дейді цифрлық қауіпсіздік зертханасының сарапшысы Иван Антонюк.

Цифрлық қауіпсіздік зертханасының сарапшысы Иван Антонюк (сол жақта) Азаттық тілшісі Кирилл Овсяныймен сөйлесіп отыр.
Цифрлық қауіпсіздік зертханасының сарапшысы Иван Антонюк (сол жақта) Азаттық тілшісі Кирилл Овсяныймен сөйлесіп отыр.

– Ақпарат шифрланған күйде болғанымен, өндіруші мен бағдарлама авторына деректерді оқу қиын емес, – дейді Денисенко.

– Біздің сарапшылар өндіруші камераларға оңай қосыла алады деп есептейді. Қытай мен Ресейдің қазіргі қарым-қатынасын ескерсек, бұл қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін, – дейді ол.

"Схемы" зерттеушілері Қытай Ресейдің әскери қызметкерлеріне Украинадағы бейнебақылау камерасының жазбасын берді дегенге тікелей дәлел тапқан жоқ. Бірақ деректер осындай жолмен берілуі мүмкін екенін көрсететін құқықтық база бар.

Қытай мен Ресей бір-бірін стратегиялық әріптес көреді. Бірақ Пекин қоғам алдында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдамайды.

Қытайдың ұлттық барлау қызметі туралы заңында қажет болған жағдайда компаниялар қауіпсіздік мақсатымен үкіметке деректер бере алады деп көрсетілген. Сингапурдағы жеке деректердің қорғалуын қадағалайтын CPO Magazine сайтының дерегінше, Пекин қытайлық интернет-серверлерге оңай қол жеткізе алады.

– Қытай компаниялары әлемдегіең қуатты әрі жауапсыз үкіметтің қолданушылардың цифрлық құқығын бұзып жатқанына қарсы ештеңе істей алмайды, – дейді Вашингтондағы New America талдау орталығына қарасты Ranking Digital Rights халықаралық жобасының зерттеушілері.

Hikvision компаниясының 36,35 пайызы – China Electronics Technology HIK Group компаниясына тиесілі. Бұл – мемлекеттік China Electronic Technology Corporation Group еншілес компаниясы. CETC деген атпен белгілі корпорация өз сайтында Қытайдың қорғаныс қызметіне қосқан үлесін, оның ішінде "электронды соғыс" туралы айтып мақтанады.

Dahua Technology компаниясының ең ірі мемлекеттік акционері – China Mobile телекоммуникациялық компаниясы (9,5 пайыз). Dahua дерегінше, China Mobile компаниясы операциялық бақылау жүргізіп, шешім қабылдауға қатыспайды.

Hikvision және Dahua камералары Украинаға импортталатын бақылау камералары арасында көш бастап тұр.
Hikvision және Dahua камералары Украинаға импортталатын бақылау камералары арасында көш бастап тұр.

2022 жылы АҚШ қорғаныс министрлігі Dahua және Hikvision компанияларын, олардың мемлекеттік иегері – China Mobile және CETC корпорацияларын "әскери кәсіпорындарға" жатқызды.

АҚШ ұлттық барлау басқармасы директорының 2023 жылғы шілдеде жариялаған баяндамасында санкциялар мен шектеулерге қарамастан, Қытай Ресейге Украинадағы соғысты жалғастыруға көмектесетін технологиялар жіберіп отыр делінген.

Конгрестің зерттеу қызметі Қытай мен Ресей арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған әскери әріптестік бойынша "жол картасына" сәйкес, қос мемлекет барлау деректерімен де бөлісетінін айтады.

"Схемы" тобы Hikvision және Dahua компанияларына Украинадағы камералардың қауіпсіздігі, Ресеймен ықтимал әріптестігі туралы сұрақтар жіберді. Бірақ әзірге редакцияға жауап келген жоқ.

2023 жылы шілдеде Dahua Technology компаниясының америкалық бөлімі Ресейге тек перифериялық өнімдер мен аксессуарлар ғана жіберетінін айтқан. Компания мәліметінше, қазір қолданыста жүрген камералардың бірде-бірі шетелде пайдалануға арналмаған.

2 қаңтарда Украинаның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі соғыс басталғалы елдегі 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасын бұғаттағанын хабарлады.

Украинаның ішкі істер министрлігі "Схеманың" сұрақтарына берген жауабында Hikvision және Dahua камераларын құптамайтынын, басқаларға алуға кеңес бермейтінін және бақылауға ілінген камераларды ауыстыруды талап ететінін айтты.

Украинаның мемлекеттік сатып алулар бойынша деректер базасында Киев облысындағы Золочевский ауылдық кеңесі сияқты кей органдар Hikvision мен Dahua "соғыстың халықаралық демеушілері" аталған соң, компаниялармен келісімшартын бұзған.

Ішкі істер министрлігі Қытайға ақпарат берілуінің алдын-алу үшін Hikvision мен Dahua камераларын пайдаланатын бақылау жүйелері әдейі қоғамдық интернетке қосылмайтын жабық жергілікті желіге қосылған дейді.

Министрлік бірыңғай қоғамдық бейнебақылау жүйесі туралы заң қабылдауды ұсынды. Бұл заң бойынша, бейнебақылау жүйесі Украина мен Израильдің бірлесіп жасаған бағдарламасымен жұмыс істеуі керек. Бірақ заң жобасы әлі талқылауға шығарылған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG