Журналист Данияр Молдабеков кейінгі 2 жылын Қазақстанда "Қанды қаңтар" деп аталған оқиға туралы жазуға арнады. Бірақ баспахана құқық қорғау органдарының араласуымен кітапты басып шығарудан бас тартты. Басуға рұқсат берілген кітаптарда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы қырынан сипатталған.
Елде цензура барын жарық көргелі тұрған кітапты басып шығара алмаудан артық ештеңе дәлелдей алмайды.
Данияр Молдабековтың "Қаңтар" атты кітабы 300 беттен тұрады. Кітапта 2022 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік, қанды қақтығыс, одан кейінгі сот процестері мен саяси өзгерістер туралы жазылған.
Бірақ бұл кітап Қазақстанда мүлде жарық көрмеуі мүмкін.
– Баспахана кітапты қазақ тіліне аудару, мұқаба дизайнын жасау шығындарын өтеп, маған жартылай қаламақы да төледі. Бәрі жақсы келе жатты. Кейін баспагер кітапты басып шығаруға тиіс баспаханаға құқық қорғау органдары хабарласқанын айтты, – деді Молдабеков 5 ақпанда тәуелсіз "Республика" сайтында жарияланған бағанында.
2022 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 238 адам қаза тапты. Құрбандардың көбі – бейбіт тұрғындар. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін президент Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерін көмекке шақырды.
Бұл оқиға бұрынғы және қазіргі басшылар арасындағы күштер тепе-теңдігін бұзып, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қоғамдық өмірден ығыстырды. Назарбаевтың өзі таңдап, билігін тапсырған, кейін бәсекелесіне айналған "мұрагері" Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзыреті күшейе түсті.
Молдабеков биліктің кітапқа қызығушылығын баспаханадан хабар келмей тұрып-ақ байқаған.
Кітапқа алдын-ала тапсырыс көп болған. Баспагер оқырман қызығушылығын жақында жарияланған Назарбаевтың өмірбаяны туралы кітаппен салыстырып отыр. Мұны байқаған билік кітаптың көшірмесі мен автордың байланыс нөмірін сұратқан. Молдабеков бұл туралы баспагерден естіген.
Қазақстан билігі елде цензура жоқ дейді.
Жекеменшік компаниялардың "Қанды қаңтарға" қатысты шарадан бас тартуы бірінші рет емес.
2022 жылы күзде Алматыдағы кинотеатр басшылығы "техникалық ақауды" сылтауратып, тәуелсіз кино фестивалінің бағдарламасына енген Қаңтар туралы екі фильмді көрсетпеді.
Қаңтар оқиғасын биліктің нұсқасынан бөлек түсіндіретін еңбектерді жариялау қиын болғанымен, ресми, псевдоресми есептерді оңай табуға болады. Солардың бірі – ресейлік публицист әрі жүргізуші Леонид Млечиннің "Қаралы қаңтар" кітабы Алматы дүкендерінде еркін сатылып жатыр.
ЖАҚСЫ БАСШЫ, ЖАМАН БАСШЫ
Үкіметтің Млечин еңбегін мақұлдауының бірінші себебі кітаптың атауы болуы мүмкін.
Тоқаев сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылықтан басталып, қауіпсіздік саласындағы қуғын-сүргінмен аяқталған, адам шығынымен мемлекеттік бақылауды күшейткен оқиғаларды "Қаралы қаңтар" немесе "Қаңтар трагедиясы" деп атағанды құп көреді.
Халық арасында бұл атауға қарағанда, "Қанды қаңтар" деген сөз көбірек қолданылады.
Екінші себебі – Млечин кітапта Тоқаев пен басқа да шенеуніктердің сұхбаттарынан үзінді келтіреді. Тоқаев жағдай ушыққан кезде күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтқан еді.
Тағы бір себебі кітаптың көп бөлігінің Қаңтар оқиғасына емес, Тоқаевқа, оның шығу тегі мен дипломатиялық карьерасына, өмірлік философиясына арналуымен байланысты болса керек.
Спойлер: Млечиннің кітабында Тоқаев тек жақсы қырынан көрінеді.
Автор негізгі аудиториясы – қазақстандықтар емес, ресейліктер екенін басынан ескертеді.
Кітап былай басталады:
"Көрші Қазақстанға саяхаттап немесе іссапармен барсаңыз, өзіңізді бұрынғыдай шетел азаматы ретінде сезінбейсіз. Орысша сөйлеп жүре бересіз, көшедегі жазулар да орыс тілінде. Қазақстанда бәрі бізді жақсы түсінеді. Ал біз Қазақстан мен қазақтарды қаншалық жақсы түсінеміз?"
Қаңтар тақырыбы бәріне қызық. Өйткені қай тарапқа сенгеніңізге байланысты, Қаңтар оқиғасы – не билік үшін таластың салдары, не көшедегі бейберекетсіздікті күшейткен фактор деп сипатталады.
Кітаптағы басты жағымсыз кейіпкер – былтыр сәуірде "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен 18 жылға сотталған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов.
Назарбаев пен оның кланы да жіті бақылауға ілінді. Автор Назарбаев кланы Тоқаевты орнынан алып тастау үшін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп топшылайды.
Бұл болжамдардың қайдан шыққаны белгісіз.
Кейде Млечин әлеуметтік желідегі әңгіме мен әртүрлі қауесетті, арасында Тоқаев пен қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің сұхбатын кітапқа қосады.
Кітаптан автордың Тоқаевқа да, билікке де көп сұрақ қоймағаны, бұрын билікте болған тұлғаларды айыптауға тырысатыны байқалады.
Мәселен, автор Алматыда тәртіп орнай бастаған күннің ертеңіне әскерилер оғынан қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдехан туралы жазбайды.
Қаңтар қырғыны кезінде жазықсыз атылған басқа адамдар туралы да дерек жоқ.
Қаңтар оқиғасы туралы кітап наразылар мен көшеден ұсталған адамдардың азаптау көргені, жазылған қанша шағымның ішінен санаулы ғана полицей мен қауіпсіздік қызметкері ғана жауапқа тартылғаны туралы да айтпайды.
"ӨМІР ҮШ СЕКУНДТА ӨЗГЕРУІ МҮМКІН"
Млечиннің кітабына енбей қалған шындықпен танысу үшін сізге Молдабековтың кітабын оқу керек.
Жоғары деңгейдегі шенеуніктермен сөйлесуге мүмкіндігі болмағанымен, кітап Қаңтар атмосферасы, журналистің жеке тәжірибесі мен репортаждарына толы.
Азаттық танысқан қолжазбада Молдабеков 2022 жылы 4 қаңтарда Қазақстан тарихындағы ең ірі наразылық салдарынан билік Алматы қаласын бақылаудан шығарып алған кездегі сезімін сипаттайды.
Наразылар полициямен қақтығысып, күш құрылымдары көзден жас ағызатын газ қолданған кезде Молдабеков арыққа құлап, аяғын жарақаттап алған.
Наразылар оны таксиге отырғызған, ал жүргізуші қызметіне ақы алмаған.
"Қайдағы ақша, бауырым? Бұл тамаша түн!" деп келтіреді Молдабеков таксишінің сөзін.
Молдабековтың Қанды қаңтар қатысушыларымен сұхбаты қарапайым азаматтардың хикаяларына негізделген. Қаңтар қатысушыларының көбі азаптау кезінде алған жарақатынан әлі күнге емделіп жүр.
Журналист кітабында Тоқаевтың мәлімдемелерін талдап, Қазақстанды осы күйге алып келген Назарбаевтың отыз жылдық билігі туралы ой қозғайды.
Автор Қаңтар кезінде шын мәнінде не болғаны құпия тергеулер мен жабық сот процестерінің артында қалғанын айтып, "Демократиялық құндылықтар тұрғысынан алғанда, ескі Қазақстаннан дараланғысы келген "Жаңа Қазақстан" іс жүзінде Жабық Қазақстанға айналды" деп қорытындылайды.
Авторитарлық құпия мен цензура сақталғанымен, олардың қызығушылық нысаны өзгеріске ұшырауы мүмкін.
2022 жылы қаңтарға дейін Назарбаев Конституцияда бекітілген "Елбасы" болатын. Оған тіл тигізу қылмыс саналатын, бұл заңды бұзған адамдарды 3 жылға бас бостандығынан айыратын.
Қазір 80-нен асқан президент бар құзыретінен айырылған. Оның құрметіне Нұр-Сұлтан аталған астана да үш жылдан кейін бұрынғы атауына қайта оралды.
Бірақ бұлардың ешқайсысы 2022 жылғы наразылық кезінде Талдықорғандағы демонстранттар құлатқан бұрынғы президент ескерткішінің мәнімен теңесе алмайды.
Қазір бұл сәтті Алматыдағы мемлекеттік мәдениет ғимаратында өтіп жатқан көрмеден тамашалауға болады. Онда құлап бара жатқан Назарбаевтың шағын ескерткіштері қойылған.
– 30 жыл билікте болып, 3 секундта барынан айырылды! Мұнда өмір 3 секундта өзгеруі мүмкін екенін көрсетемін, – дейді көрме авторы Ерболсын Мелдебек.
Азаттық радиосы Қазақ қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.
ПІКІРЛЕР