Алматы қалалық полиция департаменті қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовты (Ақылбек Мұратбайды) ұстағанын растады. Полицияның баспасөз қызметі 16 ақпанда күндіз Азаттыққа Ақылбек Мұратовты Өзбекстанға экстрадициялау мәселесін қазіргі таңда ҚР бас прокуратурасы шешіп жатыр деп мәлімдеді.
– Алматы қаласының полиция қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген Өзбекстан елінің азаматы Ақылбек Мұратовты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск конвенциясының талаптарына сәйкес, Өзбекстан елінің полицияларымен ізделіп жүрген Ақылбек Мұратовты экстрадициялау мәселесі қазіргі таңда ҚР бас прокуратурасымен шешіліп жатыр, – деді 16 ақпанда Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Алматы полициясы Ақылбек Мұратовты бейсенбі күні үйіне барған кезде түнгі сағат ондар шамасында ұстаған. Қазір онымен байланыс жоқ.
Ақылбек Мұратов өзінің ұсталуын құқық қорғау белсенділігімен байланыстырған. Ол Өзбекстан билігінің қарақалпақтарды қудалауы туралы ақпарат таратқан.
Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Денис Дживага Мұратовтың ісі "осыған дейін ұсталған қарақалпақ белсенділерінің жағдайына ұқсас" деді. Бюро оған құқықтық қолдау көрсетпек.
"Әзірге үш күнге қамап отыр. Келесі аптада оны одан да ұзақ мерзімге қамау мәселесін сот қарайды. Оны Өзбекстанға экстрадицияламас үшін босқын мәртебесін сұрау туралы өтініш түсіреміз. Бұған дейін ол Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген" деді ол Азаттыққа.
Freedom for Eurasia ұйымының жазуынша, Ақылбек Мұратбай Өзбекстан билігінің сұрауымен ұсталған болуы мүмкін. Ол "Өзбекстан билігінің конституциялық құрылымына нұқсан келтіру", "тәртіпсіздікке шақыру" баптары бойынша күдікке ілінген. Оны Өзбекстан полициясының өкілі Мұхамедим Баймұрзаев ұстаған, деп жазылған ұйым сайтында. Ұйым билікті белсендіні дереу босатуға үндеді.
Қудалауға ұшыраған қарақалпақ белсенділері туралы ақпарат таратып жүрген Ақылбек Мұратбай былтыр күзде Өзбекстандағы туыстарына полиция барып, қоқан-лоқы жасағанын, ізінше өзін де Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне шақырғанын хабарлаған.
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасында 2022 жылы шілдедегі ірі қантөгістен кейін Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері қысымға шағымданған. 2022 жылы күзде бірнеше қарақалпақ белсендісі құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Қазақстан олардың босқын мәртебесін беру туралы өтініштерін орындамады. Бір жыл қамаудан кейін олар 2023 жылы күзде босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, оларды экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы оларды елдеріне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР