Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының белсендісі, Өзбекстан азаматы Қошқарбай Төремұратов 29 ақпанда Х желісіндегі парақшасында "Австрия полициясы мені Венадан Варшаваға дейінгі рейске отырғызды. Дублин келісімі бойынша шығарып жатыр" деп жазды.
Белсендімен әзірге байланысу мүмкін болмады. Төремұратовтың қазір Польшаның Варшавадағы әуежайда уақытша ұстау изоляторында отырғаны белгілі. Мұны Freedom for Eurasia тобының басшысы, құқық қорғаушы Лейла Назгүл Сейітбек растады. Оның сөзінше, Төремұратов саяси пана сұрап, өтініш тапсырған.
Қарақалпақ белсендісі Наурызбай Меңлібаев Азаттыққа Польша үкіметі Төремұратовқа елден 30 күнде шығып кетуді бұйырды деп мәлімдеді. Лейла Назгүл Сейітбек белсендінің ісіне құқық қорғаушылар араласқанын хабарлады.
"Польшада оған Өзбекстан азаматтарына босқын мәртебесі жоқ екенін айтқан. Оған айғайлап, қысым көрсетіп, поляк тіліндегі қағаздарға қол қоюға мәжбүрледі" деді құқық қорғаушы. Әзірге белсендінің қандай құжатқа қол қойғаны белгісіз.
48 жастағы қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов Австрияға былтыр күзде – Варшавада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) конференциясына қатысу үшін кеткен. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Төремұратов конференцияда сөз сөйлеп, өз елінде қарақалпақтардың үнемі дискриминацияға ұшырайтынын мәселе етіп көтеріп, өзбек дипломаттары тарапынан өзіне қауіп төніп тұрғанын да мәлімдеген. Содан кейін ол Австрияға барып, саяси баспана сұраған. Ақпан айының ортасында Төремұратов Азаттық тілшісіне Австрия билігі саяси пана бермегенін айтқан.
Төремұратов Австрияға кетпей тұрып бір жыл Қазақстанда қамауда болды. Оны Өзбекстан "конституциялық құрылымға қауіп төндірді" деген айып тағып, іздеу жариялағаннан кейін Қазақстан билігі қамауға алды. Белсенді 2023 жылы күзде босап шықты. Бірақ өзі Өзбекстанның экстрадициялау туралы сұрауы қайта күшіне енетін болса, тағы да қамалуы мүмкін екенін жоққа шығармаған
Қарақалпақстанда 2022 жылғы шілдеде болған ірі қантөгістен кейін Қазақстанда жүрген қарақалпақ белсенділері қысымға ұшырағанын айтып шағымдана бастаған. Қарақалпақтың бірнеше белсендісі Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталып, бір жылдан кейін босап шықты. Олардың қатарында Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мирманбетова бар. Құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, белсенділер Қазақстаннан экстрадициялануы мүмкін екенін айтады. Бұған дейін халықаралық Human Right Watch адам құқығын қорғау ұйымы Астананы қарақалпақ белсенділерін еліне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төніп тұр деп мәлімдеген еді.
ПІКІРЛЕР