Қазақстанда алғашында Нобель сыйлығына Нұрсұлтан Назарбаев емес, "Невада – Семей" қозғалысы ұсынылған. Биыл 28 ақпанда осы қозғалыстың құрылғанына 35 жыл толды. Соған орай Азаттықтың Семей полигоны жабылған тұстағы хабарларына шолу жасадық. Сол кезде Азаттыққа сұхбат берген "Азат" қозғалысының белсендісі Жұмаш Кенебаев Семей полигонындағы қазіргі ахуал туралы айтады.
Ал 15 жыл бұрын, 2009 жылы Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Семей полигоны жабылған 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы бірлескен іс-қимыл күні деп жариялаған. БҰҰ-да бұрынғы Семей ядролық полигоны әлі де адамдар өміріне қауіп төндіретіні айтылады. Жарылыс кезінде қолданылған плутонийдің радиациялық белсенділігі әр 24 мың жылда жартылай ғана төмендейді, Семей полигоны жеріндегі радиация мөлшері тек миллион жылдан кейін ғана табиғи деңгейге жетеді деп айтылады.
ӘСКЕРИ ҚАЛАШЫҚҚА БҰРЫЛҒАН ЖЕЛ АЙТҚЫЗҒАН ШЫНДЫҚ
"Невада – Семей" қозғалысы 1989 жылғы 28 ақпанда советтік Қазақстан астанасы Алматыда құрылды. Сол кездегі ахуалға қарасақ, бәрі аяқ астынан болғандай әсер береді.
Семей полигонында сол жылғы 12 ақпанда және 17 ақпанда жасалған ядролық жарылыстан соң полигон маңайына улы газ тарап жатқаны кездейсоқ белгілі болады. Өйткені жел әскери мамандар болжағандай қарапайым адамдар тұратын Абай ауданы аумағына қарай емес, әскери қалашыққа қарай соққан.
Семей облыстық коммунистік партия комитетінің сол кездегі басшысы Кешірім Бозтаев Мәскеуді болған жайдан құлағдар етеді. Соңынан Алматыда Жазушылар одағында зиялы қауым мен қалың көпшілік жиналып, ондаған жылдар бойы төңірегіндегі тіршілік атаулыны улап, адамдарға ажал әкелетін қасіретке айналған полигонға наразылық білдіреді.
1989 жылы 28 ақпанда Алматыдағы Жазушылар одағы үйінде көпшіліктің қатысуымен өткен жиында Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты, ақын Олжас Сүлейменов сөйлейді. Ол кезде Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы (1983-91 жылдар) болған Сүлейменов қоғамдағы көкейкесті мәселені көтереді.
– Біз бүгін мұнда негізінен кітапсүйер қауымның жиналысына жиналған едік. Сосын кітап тұра тұрсын дедік те, өмірді сүйетін адамдарды, өз жеріндегі өмір үшін күрескісі келетін адамдарды шақырдық. Семей атом полигонында жер бетіне газ, радиоактивті газ тарап жатқанын естігенде, шыдам шегіне жетті. Мамандар бұл газды игі (яғни, инертті) газ деп түсіндіреді. Бұған сену өте қиын. Оның үстіне бұл кезде есеп бойынша, жел Абай ауданына қарай соғуы керек екен, алайда жел аяқ астынан кері бағытқа – әскери қалашыққа қарай ойысқан. Сонда барып оның игі газ емес, улы газ екені белгілі болған. Газды бұлттар газ мөлшерін анықтайтын бүкіл гейгер құралдарын ышқындырып жіберген, – деп мәлімдеген Олжас Сүлейменов.
Ақын қоғамды қатты алаңдатқан осы жағдайға байланысты жергілікті халықтан хат көп түсіп жатқанын айтады.
– Біз, жазушылар, күн сайын полигон маңында тұратын адамдардан хат аламыз. Полигон маңындағы аудандардан жететін осы хаттарда тұтас отбасылардың өлім-жітімі жайлы төбе шашыңды тік тұрғызар деректер айтылады. Сонда да біз үнсіз отыруымыз керек пе?! Енді қорғаныс жайында айтылған қандай уәж болса да, республикадағы атом полигондарына қарсы тұруымызға бөгет бола алмайды. Біз онсыз да ұзақ уақыт үндемедік. Енді үніміз елге жетті. Алғашқы үндеуге құлақ түрген халықтың осында жиналғанын көріп тұрмын, – дейді Олжас Сүлейменов.
Осы жиында "Невада-Семей" қозғалысы құрылып, оның жетекшісі болып Олжас Сүлейменовтің өзі сайланды. Сол кезде Жазушылар одағының залына жиналған иін тірескен халықтың қолында "Семей полигоны" атауымен қатар, Қазақстандағы басқа да әскери полигон аттары мен "Байқоңыр" атауы жазылған плакаттар болды. Халық залға сыймай кетті. Жазушылар одағының сыртында да қалың нөпір адам жиналды.
МӘСКЕУДІҢ ҚАУЛЫСЫ МА, НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫ МА?
Қоғамның өз бастамасымен құрылған жаңа қозғалыс сол күннен бастап ядролық сынаққа қарсы түрлі акциялар, шеру, шаралар өткізді. Тек Қазақстанда емес, басқа да елдерде осындай шаралар өтіп жатты.
1989 жылғы 28 ақпанда құрылған "Невада – Семей" қозғалысының мақсаты Семей ядролық полигонын жабумен қатар, басқа да ядролық қаруға ие елдерді осы жолға үндеу еді. Алғашқы уақытта қозғалысқа Қарағанды шахтерлерінің қосылуы елеулі оқиға болды. Сол жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і болмай қалды. "Невада – Семей" қозғалысының жарғысында мынандай негізгі мақсаттар белгіленді: полигонды жабу және зардап шеккен халықты оңалту мен қоршаған ортаны сауықтыру.
Ресми түрдегі соңғы ядролық қару сынағы 1989 жылғы 19 қазанда жасалды. Содан кейін 23 қазанда Олжас Сүлейменов Семей полигонында тағы да жарылыс жасалса, оның аяғы Қазақстанда жаппай ереуілге ұласады деп мәлімдеді. Ал кейінгі болған жарылыстар зарядтарды зарарсыздандыруға бағытталғаны айтылды.
1989 жылғы 27 қарашада Мәскеуде СССР Жоғарғы советі Қазақстан үкіметіне "Семей полигонын жабу туралы" мәселені қарастыру жөнінде қаулы қабылдады. Ал 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны жабылды.
1947 жылы ашылған Семей полигоны әуеде және жер астында 470-ге тарта ядролық сынақ өткізген соң ақыры біржола жабылды.
40 жылдан астам ядролық сынақ алаңы ретінде жұмыс істеген полигонда 1953 жылы әлемде алғаш рет термоядролық құрылғы ашық аспан астында сынақтан өтті, ал 1955 жыл сутегі бомбасы жарылды. Адамзатты жойып жібере алатын жойқын қару сынақтарын өткерген Семей полигоны жабылса да, оның аса ауыр проблемасы қалған еді. Басқасын айтпағанда, полигон аумағы ядролық жарылыстардан кейін өлшеусіз ластанды, ал 1,2 млн адам түрлі диапазондағы дозада радиация сәулесінің зиянды әсеріне ұшырады деп есептеледі.
"ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР КӨРСЕТІЛДІ"
1991 жылғы 29 тамызда советтік Қазақстанда Семей полигоны формальді түрде жабылған соң 14-20 қазан аралығында Семей қаласы маңындағы Курчатов қаласында "5 – 1" деген атпен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынның соңы Бейбітшілік маршына ұласты. Осы кезде Совет одағы бір жылға дейін ядролық сынаққа мораторий жариялаған еді.
Бір жұмаға созылған осы конференция туралы Азаттық радиосы да хабар таратты. Сондай хабардың бірінде Азаттық тілшісі Қиял Сабдалин белсенді, журналист Жұмаш Кенебаевтан сұхбат алады. Бұл кезде Жұмаш Кенебаев "Азат" қозғалысының мүшесі, "Азат" газеті бас редакторының орынбасары болатын.
"Азат" қозғалысының жұртқа танылған акцияларының бірі – 1990 жылғы қыркүйектегі "Орал оқиғасы" болса, екіншісі 1991 жылы Мәскеудегі әйгілі "Тамыз оқиғасынан" кейін "Невада-Семей" қозғалысымен бірігіп өткізген, бір аптаға созылған Семей полигонына қарсы Бейбітшілік шеруі болды.
"Курчатовта басталған бұл шара Семей полигоны жабылғаннан бергі ірі оқиға болды. Осы конференцияға дүние жүзінен 300-ге тарта адам қатысты. Оның 270-і – журналистер, 12 телекомпанияның өкілдері. Ғылыми конференция 14 қазан күні "ажал апаны" аталған Семей полигонындағы Курчатов қаласындағы баспасөз мәслихатынан басталды. Жиында "Невада – Семей" қозғалысының жетекшісі ақын Олжас Сүлейменов, Мәскеуден келген академик Велихов баяндама жасады. Онда жабылған полигонның енді салдары қандай болады, негізінен осы мәселе талқыланды. Көптеген құпия құжаттар көрсетілді. Соларды көріп адам жаны түршігеді. Мәселен, сонда көрсетілген маңдайына жалғыз көз біткен сәбидің суретін көргенде, тұла бойың шошиды. Осыдан-ақ полигонның зардабы қандай екенін байқауға болады", – дейді Жұмаш Кенебаев.
Оның айтуынша, Курчатовтағы форумда қазақ жерінде 41 сынақ полигоны бар екені айтылған. Соның бірегейі Семей атом полигоны болған.
"ЕҢСЕСІН КӨТЕРМЕГЕН ЕЛ"
Семей полигонының қалай жабылғаны туралы "Азат" қозғалысының белсендісі Жұмаш Кенебаев былай дейді:
"Дүние жүзіндегі ең қауіпті Семей полигонының жабылуы қоғамдық күштердің, демократиялық күштердің бірлесуінің арқасында жүзеге асты. Полигон жабылуын жабылғанымен, алда әлі ұланғайыр жұмыс күтіп тұрған сияқты".
Осы жиын соңынан оған қатысушылар Семей полигоны маңындағы Абай, Жаңа Семей, Аягөз және Ақсуат аудандары аумағын аралап, жергілікті тұрғындармен кездескен.
"Мен өзім осы құрамда Абай ауданының бұрынғы – Жданов, қазіргі Құндызды совхозында болдым. Жасыратыны жоқ, бұл өңірде тұратын қазақтардың жағдайы өте нашар. Құлағалы тұрған үйлер, бос тұрған дүкендер, ауру балалар... Содан кейін Аягөз ауданында болғанда да ауылдарда осындай көрініске тап болдық. Соны көргенде жаныңа аяныш сезімі ұялайды. Өйткені адамдар әлі күнгі 40-50 жыл бұрынғы ескі үйлерде тұрады. Еңсесін көтермеген елді көріп, біртүрлі күй кешеді екенсің. Үкімет оларға қалған екі жарылысты өткізу үшін өтемақы төлей бастаған екен. Оның өзі тіптен мардымсыз. Билік итке лақтырған сүйектей қылып, сонымен алдарқатып отыр. Онымен ешбір жыртығыңды жамай алмайсың. Кеңес үкімет шынымен халыққа жаны ашитын болса, сол маңда тұратын халықты толықтай мемлекет есебінен қамтамасыз ету керек еді. Бұл жерде тұратын адамдардың жалақысын да 4-5 есеге көтеру керек еді", – дейді Жұмаш Кенебаев.
Айтуынша, Курчатовта сөйлеген америкалық, жапониялық және канадалық ғалымдар Семей полигонына миллиондаған доллар тұратын дәрі-дәрмек, басқа да қайырымдылық көмегін ала келгенін айтыпты. Алайда оның бәрі сол кезде Мәскеу арқылы жететіндіктен, мақсатты мекенге тез арада әкелінбеген болып шықты.
Антиядролық конференцияның соңынан Семей қаласының орталығында ауқымды акция өткізілген. Онда Семей полигоны құрбандарын еске алған. "Невада – Семей" қозғалысы ұйымдастырған бұл шараларға "Азат", "Алаш" қозғалыстары, социал-демократиялық партия, "Мемориал", "Память" тәрізді қоғамдық ұйымдар қатысып, өз талаптарын жеткізген.
НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ ЖӘНЕ "НЕВАДА – СЕМЕЙ"
Азаттық радиосы осы конференция туралы хабарларының тағы бірінде аталған жиында "Невада – Семей" қозғалысын бейбітшілік жөніндегі Нобель халықаралық сыйлығына ұсыну сөз болғанын хабарлаған. Бұл туралы Азаттық тілшісі Батырхан Дәрімбет жеткізген хабар мынандай:
"Семейдегі антиядролық конференцияға шетелдерден көптеген делегация қатысты. Қатысқан делегаттар Қазақстанның "Невада – Семей" қозғалысын бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығына ұсыну туралы ұсыныс жасады. Сөйтіп осы үндеуді талдауға ұсынды. Қабылданған үндеуде жер жүзіндегі бес жарылыс алаңы бар, қазір соның бірі – Семей полигоны тоқтатылды. Енді қалған төрт сынақ алаңын жабу үшін бірігіп күресу керектігі айтылды".
Баршаға белгілі, кейін Нобель сыйлығына Қазақстанды 30 жылға жуық авторитар тәсілмен басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты ұсыну жөнінде бірнеше мәрте айтылды. Он шақты мәрте ұсыныс болды. Оған Назарбаевтың өзі қарсы болған жоқ. Сондай ұсыныстың соңғысы 2017 жылы байқалды. Ол жолы Назарбаевты Нобельге жеке-дара емес, өзге де үміткермен топтап ұсынды. Атап айтқанда оның кандидатурасы қазақстандық суретші әрі антиядролық қозғалыс белсендісі, полигон зардабын шеккен Кәріпбек Күйіковпен бірге ұсынылды. Ұсынған – Швейцариядағы Базель бейбітшілік кеңсесі ғылыми-зерттеу орталығы директоры Алин Варе.
Алин Варе сол кезде "Биыл мен ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ерен күш-жігері үшін Кәріпбек Күйіковті, Global Zero ұйымын және Нұрсұлтан Назарбаевты бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсындым" деп жазған.
"НЕВАДА – СЕМЕЙ" КЕЛІСІП, "АЗАТ" ҚАРСЫ БОЛҒАН ЖАРЫЛЫСТАР
Семейде 1991 жылғы 14-20 қазан аралығында өткен "5 -1" антиядролық конференциясына қатысқан журналист, белсенді Жұмаш Кенебаевпен арада 33 жыл өткенде осы жөнінде тағы әңгімелестік. Әуелі 1991 жылғы конференцияда өзі айтқан жария етілген құпия құжаттар неден хабар беретінін сұрадым.
– Сол жиында Мәскеу бұрын айтпайтын, көрсетпейтін видео-көріністер қойылған. Сынақ сәттері, оның мал мен ғимараттарға әсері кезінде видеоға түсірілген екен. Айтылған конференцияда соның бәрі бірінші рет көрсетілді. Соны көріп Совет одағының істеген қастандығынан төбе шашымыз тік тұрды. Басқа елдерден келген журналистер бәріміз осы көріністерге қарап тұрып жағамызды ұстадық. Жалғыз көзді сәбиді көрсеткенде, ел ішінде түрлі аурудың бар екені айтылды, – дейді ол.
Семей полигоны ресми жабылғаннан кейін тағы да екі жарылыс жасау туралы дау болған. Әскери адамдар ол екі жарылыс бұрын көмілген зарядтарды залалсыздандыру үшін қажет деп түсіндірген. Бұл жарылыстарға "Невада – Семей" қозғалысы басшылығы келіскенімен, "Азат" қозғалысы қарсы болған. Кейін бәрібір залалсыздандыру жарылыстары өткізіліп, Семей полигоны түбегейлі жабылған.
– Біз, "Азат" қозғалысы, 40 жыл бойы сынақ жасалған полигонда тағы да жарылыс жасауға қарсы болдық. Алайда Олжастар бұл жарылыстарға келісті. Ал сонша жыл сынақта өткерген аймақта жер ойылып, тау айрылып, жарылыс орындарында көл, көлшіктер пайда болған. Оның суын халық пайдаланған. Әлгі конференцияда ғалымдар радиация әсерінен айығу өте ұзақ уақыт алатынын айтқан. Бірақ конференциядан кейін соның бәрі де ұмытылды ғой, – дейді Жұмаш Кенебаев Азаттыққа.
"СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫН ЖАБУ ХАЛЫҚТЫ ОЯТТЫ"
1991 жылдан бері полигон маңында көп ештеңе өзгермегенін айтқан Жұмаш Кенебаев өзіде полигонға жақын жерде өскенін және жарылыс салдары туыстарының мезгілсіз ажалына себеп болды деп есептейтінін айтады. Оның сөзінше, әкесі мен анасы, туған ағасы мен інісі қатерлі ісік салдарынан өмірден ерте кеткен.
Қатерлі ісік – ядролық сынақтардан кейін Семей полигоны маңында тұратын адамдар арасында кең таралған дерт болып есептеледі.
Семей полигонын жабуда белсенділік танытқан "Невада – Семей" қозғалысының маңызы қандай болды? Қозғалыс өз миссиясын толық атқарды ма? Полигон жабылғаннан бері не өзгерді? Жұмаш Кенебаев былай дейді:
– "Невада – Семей" қозғалысының атсалысуымен Семей полигонын жабу туралы мәселе қозғалғаннан кейін халық арасында ояну пайда болды. 73 жыл үндей алмай келген халық көшеге шығып, өз пікірін ашық айта алатындай дәрежеге жетті. Сол жылы Қазақстан бәрінің соңында болса да, өз тәуелсіздігін жариялады. Осының бәрі демократиялық күштердің халық арасындағы беделінің арқасында болды деп есептеймін.
Ол 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылғаны туралы хабарды ядролық сынақтан зардап шеккен аймақ халқы аса қуанышпен қабылдағанын айтады.
– Ақыры, полигонды жабу жөніндегі жарлық туралы хабар да жетті. Сол кезде Семейде едім. Облыс басшысы Кешірімхан Бозтаев бастаған басшылық пен Семей жұртшылығы Ертіс өзені бойына жиналып, өз қуанышын жеткізді. Сонда халық таң атқанша Ертіске майшам жағылған қағаз қайықтар жіберіп, полигон құрбандарын еске алған. Бір жағы полигонның жабылғанына халық риза болып, Ертістің екі жағасын кернеп, сыймай тұрды, – деп еске алады Жұмаш Кенебаев.
Азаттық радиосы өткен ғасырдың 90-жылдарындағы хабарында Қазақстандағы ядролық қару және Семей полигоны туралы жиі айтатын. Қазақстандағы қоғамдық пікір ғана емес, шет елдерде бұл мәселе қалай талқыланғаны туралы ақпаратты қазақ тіліне аударып, эфирден беріп тұрды.
Азаттық радиосының 70 жылдығына арналған осы подкасқа материал жинау барысында тағы да бір деректер кезіктірдік. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында 80-жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында ядролық сынақ аймағындағы Абай аудандары тұрғындары, ауыл басшылары жазған хаттар сақталған. Онда сынақтардан кейінгі оқыс ахуалдар сөз болады. Адамдардың мезгілсіз ажалы мен төрт түліктің қырылуына не себеп болуы ықтимал екені айтылады. Бұл туралы подкастың алдағы эпизодында арнайы тоқталамыз.
Бүгінгі эпизодта құрылғанына биыл 35 жыл толған "Невада – Семей" қозғалысының Семей полигонын жабуға қалай қол жеткізгені баяндалды. Қозғалыстың Нобель сыйлығына ұсынылғанын айттық. Алайда кейін "Невада – Семей" қозғалысы емес, Нобельге Назарбаевты ұсыну өріс алып кетті. Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынуда тұтастай науқан ұйымдастырылып, ақпараттық ресурстар жұмыс істегені байқалады.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР