Accessibility links

Түркия Орталық Азиядан қашқан белсенділер үшін қауіпсіз ел болмай қалды


Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 11 қараша.
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Самарқанд, 11 қараша.

Тәжік оппозициясының Стамбулда тұратын екі белсендісі жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Бұл Түркия Орталық Азиядан қашқан диссиденттер үшін қауіпсіз жер емесін тағы да дәлелдеді. Белсенділер бір кездері өздеріне пана болған Түркия кейінгі 10 жылда қатты өзгергенін айтады. Бұған Анкараның Орталық Азиядағы авторитар елдермен қауіпсіздік саласындағы әріптестігін күшейткені себеп болуы мүмкін.

Орталық Азиядан шыққан белсенділер басына іс түскен әріптесін құтқаруға тырысып, дабыл қағып жүргенде келесі күні дәл сондай жағдайға өзі де тап болуы мүмкін.

Трансұлттық репрессия немесе оппозиция белсендінің аузын жабу үшін шетелдегі байланысын қолданатын үкімет феномені қарқын алып барады. Мұны әсіресе Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінен байқауға болады.

Бұл әдісті әлемдегі көп демократиялық емес мемлекет қолданады. Олар шетелде жүрген оппозиция өкілдері мен билік сыншыларын қорқытып-үркітіп, экстрадициялап немесе қастандықпен өлтіруге тырысады.

Шамамен 10 жыл бұрын Түркия өз үкіметінен қудалау көріп, шетелден баспана іздеген белсенділер үшін ең қауіпсіз әрі жайлы мемлекет еді. Ол кезде Орталық Азия тұрғындары Түркияға еркін қатынай беретін, Анкара да әріптестерінің белсендіні экстрадициялау туралы өтінішін жиі қанағаттандырмайтын.

Бірақ сарапшылар кейінгі жылдары Түркия билігінің саясаты өзгергенін айтады.

ТӘЖІК БЕЛСЕНДІЛЕРІ ЖОҒАЛЫП ЖАТЫР

Соңғы бір айдың өзінде Түркияда тұратын екі тәжік белсендісі жоғалған. Оларды Тәжікстанға алып кеткен болуы мүмкін деген қауіп бар. Тәжікстанда оппозиция өкілдерін ұзақ жыл түрме жазасына кесіп, азаптау – қалыпты құбылыс.

Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі сарапшы Стив Свердловтың айтуынша, Тәжікстанның "24 тобы" оппозициялық ұйымына мүше Сухроб Зафар екі аптадан бері Стамбулда тұратын Насимжон Шариповты таба алмай жүр. Белсенді әріптесімен соңғы рет 23 ақпанда сөйлескен.

Тәжікстанның “24 тобы” оппозициялық ұйымына мүше Сухроб Зафар (суретте) екі аптадан бері Стамбулда тұратын Насимжон Шариповты таба алмай жүр.
Тәжікстанның “24 тобы” оппозициялық ұйымына мүше Сухроб Зафар (суретте) екі аптадан бері Стамбулда тұратын Насимжон Шариповты таба алмай жүр.

Зафар Түркия билігіне хат жазып, мигранттарды ұстау орталықтарына хабарласып шыққан. Түркия билігі Шариповтың қайда екенін білмейміз деген жауап қайырған. Амалы қалмаған белсенді Свердловтан көмек сұраған. Адам құқықтары жөніндегі сарапшы бұл туралы X парақшасында жазды.

11 наурызда Зафардың жоғалғаны тәжік белсенділерін алаңдатып отыр. "24 тобы" тәжік оппозициялық ұйымының басшысымен 10 наурыздан бастап байланыс үзілген.

Топтың дерегінше, Зафар Түркияда тұрған он жылда үнемі қоқан-лоқы көріп келген. Белгісіз біреулер оған "сені ұрлап немесе өлтіріп кетеміз" деп жазумен болған.

Түркия билігі де Зафарды бірнеше рет ұстап, кейін босатқан. Көбі белсендінің ұсталуын Тәжікстан билігінің өтінішімен байланыстырады.

Тәжікстанда "24 тобы" Жоғарғы соттың 2014 жылдың қазан айындағы қаулысымен "экстремистік ұйым" деп танылған. Бұған ұйымның халықты авторитар президент Эмомали Рахмонға қарсы митингіге шақыруы себеп болды.

Бұл шешім режимнің саяси оппозицияның ізіне түсіп, олардың шектеулі еркіндігін біржола жоюға бел буған кезіне тұспа-тұс келді. Бір жылға жетпей, Тәжікстандағы Исламды жаңғырту партиясы да "экстремистік ұйымдар" тізіміне қосылды. Бұл оппозициялық партия 2015 жылдың наурызындағы даулы сайлауға дейін парламентте болған.

Партия басшыларының көбі түрмеге жабылды. Сот оларды бүлік ұйымдастыру бабы бойынша кінәлі деп тапты. Ол кезде қорғаныс министрлігінің жоғары шенді шенеунігі мен оның жақтастары Душанбенің сыртында әскерилермен қақтығысып қалған болатын.

Стамбулда тұратын тәжік белсендісі Насимжон Шарипов 23 ақпаннан бері байланысқа шықпаған.
Стамбулда тұратын тәжік белсендісі Насимжон Шарипов 23 ақпаннан бері байланысқа шықпаған.

2015 жылы Стамбулда "24 тобы" ұйымының негізін қалаған кәсіпкер Умарали Кувватовты өлтіріп кетті. Бұл Түркияда тұратын орталықазиялық мигранттарға ауыр соққы болды.

Түркия билігінің тәжік оппозиционердің қазасына қатысы бары мүмкін еместей көрінуі мүмкін.

Қылмыскерлер жауапқа тартылмай, елден қашып кетті. Кувватовты кешкі асқа шақырған тәжік азаматы өмір бойына түрмеге жабылды. Оппозиционер тамақтан уланып, кейін көшеде атылған.

Кейінгі жылдары Түркия билігі өзінен саяси баспана сұраған диссиденттер ісі бойынша Орталық Азия елдерімен тығыз байланыста жұмыс істей бастады.

Анкара Орталық Азиядағы әріптестері де бір күні Түркияның қызметіне жарайды деп үміттенетін сияқты.

Freedom House ұйымының өткен айда жарияланған есебінде Түркия мен Тәжікстан трансұлттық репрессияға кінәлі елдер қатарында алғашқы бестікте тұр. Бұл тізімде Қытай, Египет пен Ресей де бар.

АНКАРА САЯСАТЫНЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ НЕ ӘСЕР ЕТТІ?

Түркия 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныстан кейін қатты өзгерді. Бүлікшілер президент Режеп Тайып Ердоғанды биліктен тайдырмақ болды. Қақтығыс салдарынан 250 адам қаза тапты.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған

Осыдан кейін Түркия билігі АҚШ-та тұратын мұсылман ойшылы, Ердоғанның бұрынғы одақтасы Фетхуллах Гюленге қарсы соғыс бастады. Анкара мемлекеттік төңкерісті Гюлен ұйымдастырған дейді, ол мұны жоққа шығарады.

Түркияда Гюленмен байланысы бар деген мыңдаған адам қызметінен босатылып, түрмеге жабылды. Түркия Гюлен мектептері бар мемлекеттерге де шүйлікті.

Орталық Азияның көп мемлекеті Гюлен мектептерін мемлекеттік төңкеріс оқиғасына дейін-ақ жауып тастаған. Бірақ Қазақстан мен Қырғызстандағы мектептер жұмысын жалғастыра берді.

2018 жылы Ердоған Бішкекке барған сапарында ФЕТО (Фетхуллах Гюленнің ұйымы) террористік ұйым екенін бірнеше рет қайталап, сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековқа "сізді гюленистер биліктен тайдыруы мүмкін" деген ескерту жасаған.

2020 жылы Жээнбековты Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровтың жақтастары орнынан алып тастады. 2021 жылы маусымда Бішкекте Қырғызстанда Гюленнің ізімен "Сапат" деп аталатын мектептер желісін ашқан Орхан Инандиді түрік тыңшылары ұрлап әкетті. Жапаров Анкараның бұл әрекетін мүлде сынамады.

2021 жылы маусымда Бішкекте Қырғызстанда Гюленнің ізімен “Сапат” деп аталатын мектептер желісін ашқан Орхан Инандиді түрік тыңшылары ұрлап әкетті.
2021 жылы маусымда Бішкекте Қырғызстанда Гюленнің ізімен “Сапат” деп аталатын мектептер желісін ашқан Орхан Инандиді түрік тыңшылары ұрлап әкетті.

Инанди Қырғызстан азаматтығын алған. Былтыр Анкара оны "қарулы террористік топ құрды" деген айыппен 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Орталық Азия елдері тәуелсіздігін жаңа алған тұста Түркия оппозиция басшылары Мухаммад Солих пен Абдурахмон Полатты экстрадициялаудан бас тартып, Өзбекстанмен қарым-қатынасын бүлдіріп ала жаздады.

Бұған жауап ретінде Өзбекстан қос мемлекет арасындағы визасыз режимді тоқтатты. Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін ғана мемлекеттер арасында жүріп-тұру жеңілдеді.

Бұрын Өзбекстан мен Түркіменстан азаматтары Түркияға визасыз саяхаттай алатын. Бірақ 2022 жылы Анкара Түркіменстанның өтінішімен визасыз режимді алып тастады.

Freedom House дерегінше, Тәжікстан – Орталық Азиядағы ұзақмерзімді трансұлттық репрессия бойынша көш бастап тұрған мемлекет. Ал Түркіменстан "2023 жылдың бас қылмыскерлерінің бірі" аталды.

Ашхабад Түркияның көмегінсіз мұндай "атаққа" қол жеткізе алмас еді. Экономикасы нашар, репрессивті елден қашқан түркімендердің көбі Түркияны паналауға тырысады. Билік оларды елге қайтару үшін Түркияның көмегіне жүгінеді.

Анкара визалық шектеулер енгізгелі мыңдаған түркімен азаматы депортацияланды. Түркіменстан Орталық Азиядағы ең жабық мемлекет болғандықтан, саяси белсенділер мен қарапайым мигранттарды ажырату қиын.

Ашғабатқа кемі 6 түркімен белсендісі: Фархат Мейманкулиев, Ровшен Клычев, Умит Кузыбаев, Довран Имамов, Максат Баймурадов пен Сердар Дурдулиев депортацияланған.

Дурсолтан Таганова – Стамбулдағы белгілі оппозициялық белсенділердің бірі. Ол кемі екі рет депортацияға іліне жаздаған. Белсенді 2020, 2021 жылдары ұсталған.

Дурсолтан Таганова – Стамбулдағы белгілі оппозициялық белсенділердің бірі.
Дурсолтан Таганова – Стамбулдағы белгілі оппозициялық белсенділердің бірі.

2020 жылы Таганованы депортациялық орталықта ұстап, 11 құқық қорғау ұйымы белсендіні депоратацияламауды сұрағаннан кейін босатқан.

2021 жылы Таганованы Түркиядағы көші-қон қызметіне шақырып, саяси қызметін тоқтатпаса, Стамбулда тұруы қиындайтынын ескерткен.

Түркиядағы түркімен белсенділері БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінде таныстырылған баяндамада басты назарға ілікті. Баяндаманы Оңтүстік Каролина университеті мен Венадағы "Еуразия үшін еркіндік" құқық қорғау тобы дайындаған.

Баяндама авторлары Түркияны түркімен саяси белсенділері мен құқық қорғаушылары үшін қауіпсіз жер емес деп атайды. "Онда түркімендерді аңдып, жүріп-тұруына шектеу қойып, дискриминацияға ұшыратады. Ашғабат пен Анкара бұл әдістерді саяси белсенділерді бақылауда ұстау үшін жасайды" делінген баяндамада.

Авторлардың дерегінше, түрік полициясы Стамбулдағы Түркіменстан консулдығының сұрауымен депортацияланатын 25 түркімен мигрантының тізімін жасаған.

Түркия мен Түркіменстанның Стамбулды саяси белсенділер паналайтын қала статусынан айыруға талпынысы нәтиже беруі мүмкін.

Стамбулда тұратын түкімен азаматы Эзиз Мамедов 2021 жылы саяси белсенділікпен айналыса бастағалы, көп рет қоқан-лоқы көргенін айтады. Консулдық жанындағы наразылық акциясы кезінде Мамедовты белгісіз біреу пышақтап кеткен.

Қаңтарда Мамедов саяси белсенділікпен айналыспайтынын мәлімдеді.

– Не үшін отқа түсіп жүрмін деп ойладым. Түркімен халқы үшін жасаған құрбандығымыз ақталмады, – деді Мамедов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG