Солтүстік Қазақстан облысы тасқынға төтеп беруге дайындалып жатыр. Есіл өзеніндегі Сергеев су қоймасы толып, өзен суы ери бастаған. Покровка ауылында шамамен 30 үйді су басып, екі жүзге жуық адам эвакуцияланды.
Адамдар ең бағалы деген заттарын алып, туысқандарының үйін немесе жергілікті жатақханада ашылған эвакуация пунктін паналаған.
Дәл сол кезде Покровка ауылымен көрші Петровка ауылының Надежда есімді тұрғыны (өз өтініші бойынша тегін атамадық) Петропавлдан үйіне қайтып бара жатқан еді. Оның үйі судан аман. Әдетте тұрғындар облыс орталығынан Петровкаға дейін 95 шақырым жер жүрсе, бұл жолы Надежда 300 шақырым жол жүруге мәжбүр болған.
– Покровка көпірінің артындағы тасжол қазір жоқ, су басқа жаққа ақсын деп, экскаватормен қазып тастаған, сол үшін Волошенко, Сергеевка арқылы айналып өтуге мәжбүрміз. Ол жол шамамен 300 шақырым, – дейді Надежда.
Өзен маңында орналасқан Петровканың шабындығын жыл сайын су жайылады. Алайда үйге дейін су келуі – алғаш рет болып отыр.
– Ауылдың төменгі көшелерін су басты, үйлердің бәрін емес, шабындыққа жақын тұрғандарын. Бізде, негізінде, су жайылатын ойпат дала алқабы бар. Бізден шамамен сегіз шақырым жерден Есіл өзені ағады. Өзен ағысы күшейгенде су шабындыққа ғана жайылатын, бірақ ағаштарға дейін жеткен емес. Бұл бірінші рет болып отыр. Төменгі жақта тұрған үйлердің көбі суға кетті. Көшелерді әлі су басып жатыр, деңгейі түскен жоқ, – дейді Надежда.
Жергілікті халық ауылға қарай "көп су" келе жатқанынан хабардар. Төменгі көшенің тұрғындары мүмкіндігінше эвакуацияланды, тұрмыстық және электрон техникаларын өзімен бірге алып шыққан, ала алмағандары су жете қоймас деп жоғарырақ шығарып тастаған.
Надежданың айтуынша, ауылда су тасқынына қарсы алдын ала ешқандай жұмыс жүргізілмеген.
– Тасқынға қарсы жұмыс жүргізілген жоқ, әкім жұмыс істемеген. Біз тек су келе жатқанын білдік, бірақ ол жыл сайын тасиды, біз – петропавлдықтар оған үйреніп қалғанбыз. Бірақ кейіннен су мөлшері тым көп екенін, бөгеттен жоғары көтерілгенін естігенде халық асып-сасып қалды, сарыуайымға салына бастады. Әрине, жатақхана ұйымдастырған, бірақ бізде қолдан бөгет жасау, топырақ төгу тәрізді жұмыстар, өкінішке қарай, жасалған жоқ. Шынын айтқанда, ештеңе жоқ.
12 сәуірге қараған түні Төтенше жағдайлар министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы Покровка ауылында ішіне топырақ салынған 4750 қапшық төселді, оған қоса 150 тонна инертті материал төгіліп, 13,5 мың текше метр еріген су қайтарылды деп хабарлады.
Министрлік Ұлытау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында құтқарушылар күні-түні жұмыс істеп жатқанын айтты.
"ТАҒЫ АЙТАЙЫН, ӨТЕ КӨП СУ КЕЛЕ ЖАТЫР!"
Солтүстік Қазақстан облысының басты қорғанысы – Есіл өзеніндегі 75 шақырымдық Сергеев су торабы. Жергілікті халық оны теңіз деп атайды. Қуаты 2000 кВт су торабы мен көлемі 700 млн текше метр су қоймасы 1969 жылы пайдалануға берілген. Құрылысын салуға жеті жыл уақыт кеткен.
Су тасып жатқан шақта интернетте "Шыда, жаным!" деп Сергеев су торабына қарата үндеу айтылған видеолар көп тарады. Дәл қазір СҚО-ның су астында қалу-қалмауы солтүстік өңірдің мақтанышы болған осы су қоймасына тікелей байланысты.
Сергеев су торабының бұрынғы директоры Бағлан Қарабеков тасқын бөгенді жарып кететіндей қауіп төніп тұрған жоқ, өйткені ол көп жылдан бері үнемі тексеріліп келеді дейді.
– Бөгенге қауіп төніп тұрған жоқ. Ол секундына 7600 текше метр су өткізетін етіп жасалған. Қазір 3 мыңнан 6 мың текше метрге дейін [су ағып жатыр]. Бас инженер Крюкин 1987-90 жылдарға дейін келіп тұратын, осы жерге жиі табан тіреп, бүкіл аппаратураны бақылап, бәрін тексеріп шығатын. Су жібергеннен кейін ағысты зерттейтін. Бөгеннің беріктігі 25 жыл бойы тексерілді. Одан кейін біз 2012 жылға дейін тексеріп тұрдық, – деді мамандығы инженер Қарабеков.
Бірақ бөгет қанша берік болғанымен, су қойманың кемерінен асып кетсе, Петропавл қаласына қауіп төнеді.
– Су деңгейі 144 см-ге жеткенге дейін шыдас береді деп есептелген. Қазір 142 см болып тұр. 144 см-ге жеткенде топырақ бөгеттен асып, сыртқа төгілуі мүмкін деп жазылған, – дейді Қарабеков.
Биыл қоймадағы су қатты толқыған кезде күн барысында 425 см-ге дейін көтеріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Сәуірдің 10-ына қараған түні су деңгейі сәл төмендеген. 11 сәуірдегі жағдай бойынша Есіл өзенінде су деңгейі 224 см-ге көтеріліпті.
"Алдағы сағаттарда су одан бетер жылдам көтеріледі. Бұлай жалғаса берсе, 3-4 күн ішінде Есіл суы ең жоғарғы деңгейге жетеді. Сергеев су қоймасынан шыққан су жол-жөнекей Покровка мен Новоникольскіге едәуір жайылғанына қарамастан, көп бөлігі Петропавлға ағып барады", – деп жазады жергілікті "Петропавл.news" басылымы.
Бөген кемерінен аса тасыған су қазір үш облысқа қауіп төндіріп тұр. СҚО-да қазір Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау облыстарының және Астана мен Алматының ТЖД қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Бірақ күш әлі жеткіліксіз болып жатыр.
"Елді мекендерімізді қорғау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар атқарылып жатыр. Бірақ ол аздық етуі мүмкін. Петропалвға қарай өте көп мөлшерде су ағып келеді. Тағы айтам, өте көп!" – деді 10 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыста су қаупі бар аймақтардың тұрғындарын эвакуациялау жалғасып жатыр. Одан кейін басқа да мәселелер туады дейді Петропавл қаласының тұрғыны, "Біз біргеміз" консультативтік ситуациялық орталығының басшысы Вадим Курамшин.
– Облысымызға келіп-кеткен Скляр (премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр – ред.) эвакуациядан бас тартқан адамдарға күш қолдануға дейін бару керек деп мәлімдеді, – дейді Курамшин.
Петропавлдағы 270 адамға шақталған әйелдер колониясын тасқын кезінде басқа жаққа көшірген. Курамшин мұны "қисынсыз шара" деп атады.
– Неге екенін қайдам, су басу қаупі бар аймақтан тыс жердегі әйелдер колониясын түгелдей Қарағанды облысына жедел көшіріп тастапты. Маған отбасы мүшелері хабарласып, "бізге ол жөнінде айтпады" деп жатыр, – дейді белсенді.
1941, 2017, 2024 жылдары болған тасқын
Вадим Курамшин өте көп мөлшердегі сумен бірге ірі мұз кесектері де ағып келеді дейді.
– Үлкен мұз кесектері тіпті электр желілерін де үзіп кеткен. Солтүстік Қазақстан облысының төрт ауылы қазір жарықсыз отыр, – деді Курамшин.
Жұрт облыстағы қазіргі жағдайды 2017 жылы болған тасқынмен салыстырады. Ол кезде аймақта өзендер тасып, жүздеген үй суда қалған еді. Сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері биылғыдай тасқын бұрын-соңды болмаған дейді.
– Биыл су деңгейі арнадан асып, рекордтық деңгейге – 425 см-ге дейін көтерілді. Сергеев су қоймасы тарихында мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Бұған дейін 2017 жылы су 338 см-ге жеткен еді, – деді Курамшин.
Ал Бағлан Қарабеков рекорд жайлы айтқанда ескеретін жайттар бар дейді.
– Мұндай тасқын 1941 және 2017 жылдары болған. 2017 жылдан бері шамалы ғана уақыт өтті, міне енді тағы қайталанып отыр. Әдетте мұндай тасқын 50 жылда бір рет болып тұрады. Сондықтан бәрін республика көлемінде салу керек. Атбасарда 2017 жылы темір мен бетоннан бір метрлік бөгет тұрғызды, бірақ су деңгейі одан биік болып шықты. Екі метр етіп салу керек еді. Жобалаушылардың қателігі бұл. Бүкіл су шаруашылығы жоспарын тасқынды ескере отырып қайта қарау керек, – деді Қарабеков.
Бағлан Қарабеков СҚО-да бұл жолы, абырой болғанда, тасқынның екі толқыны қатар келген жоқ, әйтпегенде жағдай өте мүшкіл болар еді дейді.
– Жабай мен Қалқұтаннан тасыған су бізге бір сәтте келмегеніне шүкір. Әйтпегенде апаттың көкесі сонда болар еді. Сәуірдің 7-күні Атбасарда мұз әлі ерімеген-ді, ол жақтан су бізге тек 10 күннен кейін келе бастайды. Ол уақытта біздегі су [деңгейі] бір метрге дейін төмендеуі керек. Ал 2017 жылы [тасқында] екі толқын қатар келген-тін, – деп еске алды сарапшы.
2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысында өзендер тасып қана қоймай, гдиротехникалық нысандар да сыр берген.
"Шарық су торабында апат болу қаупі бар. 2004 жылы оны біздің балансымызға өткізіп берген. 2016 жылдан бері транзит режимінде жұмыс істеп тұр. Су қоймасы қазір бос, тасыған суды ауылдарға қауіп төндірмей ағызып жіберуге жарап тұр. Негізі, Шарық су қоймасы [жер] суару үшін тұрғызылған. Оған сегіз млн текшеметр су сияды. Су торабын қайта ауыл шаруашылық мақсатта қолдану үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы құю керек. Бірақ өңірде ондай қаражат жұмсауға дайын шаруашылықтар жоқ", – деген еді 2023 жылдың ақпанында "Қазсушар" РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин.
2018 жылы жөнделген "Сегізкөз" су өткізуші нысан келесі жылы су қысымына төтеп бере алмады.
Ал Сергеев су торабында автомобиль көпірлері апатты жағдайда тұр. Әкімдіктің көпірмен әрлі-берлі өтіп жатқан көлік қозғалысын тоқтатуға да, көпірдің жай-күйін анықтайтын зерттеу жүргізуге де шамасы жоқ. Сергеев су торабының жағдайы қанағаттанарлық деген баға берілген.
ПІКІРЛЕР