Берік Уәли Тоқаев "Бәсе" каналын қарамайды дейді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Наталья Садықованың "Бәсе" арнасы Тоқаев үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген сөзіне қатысты Tengrinews.kz сайтына пікір білдірді.
"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді" дейді Тоқаевтың баспасөз хатшысы.
Киевте қастандыққа ұшырап, қазір ауруханада жатқан Айдос Садықов пен оның әйелі Наталья Садықова ашқан "Бәсе" Youtube-арнасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігін ашық сынайтын видеолар жариялайды. Арнаға бір миллионнан аса адам жазылған. Видеолары мыңдап, миллиондап қаралым жинайды. Садықовтар бұл каналды өздері босқын мәртебесін алған Украинадан жүргізеді.
Қазақстан Украинаға нота жолдады
Оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандықтан кейін Қазақстан Украинаға ресми нота жолдады. Бұл ақпаратты Азаттыққа Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархат Қалетаев айтты.
"Біз Украина сыртқы істер министрлігіне осы жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін ресми нота жолдадық. Әлі жауап келмеді. Украина тарабынан бізге ешкім хабарласқан жоқ" деді елші.
Депутат Бапи: Үшінші күштердің от салу әрекеті
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Киевтегі қазақстандық оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандықты "әлдебір үшінші күштердің Қазақстан мен басқа елдердің арасына от салу әрекеті" деп ойлайды.
"Қазақстан тарапы Украинаның тергеу және басқа орындарына шығып, істің мән-жайын анықтауды сұрауы керек деп ойлаймын. Талап етуіне де болады. Себебі Айдос – Қазақстан азаматы. Ел билігі өз азаматын қай жерде жүрсе де қорғауы керек, оның мүддесін жақтауы керек қой", – деді Бапи.
Журналистердің бірі "Садықовтар көзқарасына байланысты елден қашты, Қазақстан олардың сөзін сөйлей ме?" деп сұрады.
Бапи "бұл жерде Садықовтардың саяси-кәсіби көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы – ол Қазақстан азаматы", – деді.
Ерлі-зайыпты Садықовтар: белсенділігі, Қазақстаннан Украинаға кетуі
2014 жылы Қазақстан парламентінің экс-депутаты Марат Итеғұловтың шағымы бойынша Наталья Садықованың үстінен қылмыстық іс қозғалған соң ерлі-зайыпты Айдос және Наталья Садықовтар Ақтөбеден Киевке кеткен. Итеғұлов журналист Садықова лақап атпен оппозициялық газетке жазған мақаласында "жала жапты" деп, сотқа арызданған.
Былтыр Қазақстан үкіметі Айдос пен Наталья Садықовтарды "араздық қоздырды" деп айыптап, екеуіне іздеу жариялаған. Айдос Садықов Азаттыққа берген сұхбатында әйелі екеуіне жарияланған іздеудің "саяси астары" барын айтқан. Ерлі-зайыпты Садықовтар 2014 жылдан бері интернетте "Бәсе" арнасын тұрақты түрде жүргізіп, Қазақстан билігін сынайтын видеолар жариялап жүр.
Қазақстан билігі Айдос Садықовтың үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғаған. 2010 жылы оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, белсенді екі жылға сотталған. Айдос жазасын қамау мекемесінде өтеп, 2012 жылы рақымшылықпен бостандыққа шыққан. Садықов пен жақтастары ол істі билік қолдан ұйымдастырды деген еді.
Айдос Садықов 2010 жылға дейін "Азат" жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалының жетекшісі болды. Сол жылы ол бұл партиядан шығып, "Гастат" атты қоғамдық қозғалыс құрды. Ол қозғалыс қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында тәуелсіз кәсіподақ ұйымы құрылуына мұрындық болды. Садықов мұнайшылар құқығы бұзылмауын талап еткен акциялар өткізіп көзге түскен.
Украинада босқын мәртебесін алған Айдос пен Наталья Садықовтар 2014 жылдан бері балаларымен бірге Киевте тұрып жатыр.
ПІКІРЛЕР