Accessibility links

Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу анықталды. Олар – Қазақстан азаматы


Қазақстандық белсенді Айдос Садықов.
Қазақстандық белсенді Айдос Садықов.

Украина ұлттық полициясы қазақстандық оппозициялық белсенді әрі журналист Айдос Садықовқа қастандық жасаған адамдарды анықтады деп хабарлады оның әйелі Наталья Садықова.

20 маусымда Украинаның Бас прокуратурасы ресми сайтында 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев пен 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев туралы хабарлама жариялады. Екеуі де Қазақстан азаматы.

Тергеу дерегінше, олар Қазақстан азаматы Айдос Жандосұлы Садықовты қасақана өлтіруге тапсырыс алған. Тапсырыс берген кім екені әлі белгісіз, тергеу оны анықтап жатыр.

Жақанбаев пен Қаратаев 2 маусымда Киевке барып, Садықовты аңдуға кіріскен, сол үшін Opel Vectra көлігін сатып алған. Садықовтың күнделікті қайда баратынын, қай жолмен жүретінін, не істейтінін анықтаған.

Booking онлайн-қызметі арқылы 8 маусымда Киевтегі Берестей даңғылы бойындағы, "жәбірленушінің тұрғылықты жеріне жақын" маңдағы үйден жалға алынған пәтерге екеуі 12 маусымда барған.

18 маусым күні 12:14 кезінде М.Қаратаевтың Ярмола көшесіндегі №38А үйге апаратын жолдың бойында "автомобильге жүргізуші отыратын жақтан тез жақын барып көздеп атқан оғы Садықовтың басына тиіп, миын жарақаттаған".

"Садықовты қасақана өлтірмек болып қастандық жасағаннан кейін Қаратаев пен Жақанбаев қылмыс болған жерден із жасырып, кейін, қылмыс құралын жасыру мақсатымен атыс қаруынан – дыбыс шығармайтын арнайы жабдығы бар тапаншадан арылған, оны Киевтегі хайуанаттар бағы қоршауының іргесіне лақтырып кеткен", – деп жазылған құжатта.

Қауіпсіздік органдары Қаратаев пен Жақанбаев ұсталған я ұсталмағанын әзірге хабарлаған жоқ.

"Бұл қылмысты істегендер Қазақстанның екі азаматы – Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев. Олар Киевке осы қылмыс үшін, Айдос Садықовты өлтіруге арнайы келген. Ол адамдар анықталды. Бұл қылмыстың ізі Қазақстанға тіреледі", – деді Наталья Садықова "Бәсе" YouTube-арнасында жарияланған видеода.

Алтай Жақанбаев жөнінде әзірге мардымды ақпарат жоқ. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерде "Мейрам Қаратаев" деген адам Қостанай облыстық ішкі істер департаментінде қызмет атқарғаны жазылған. "Ол қызметкерлер арасында нысана көздеуден өткен жарыстарда бірінші орын алған", – деп жазды Наталья Садықова Facebook’тe жариялаған постында.

21 маусым күні Қазақстан ішкі істер министрлігі аты-жөні аталған күдіктілердің біреуі 2019 жылы қаңтарда ішкі істер органынан жұмыстан босатылған, қазір полицияда қызмет атқармайды деп мәлімдеді.

18 маусымда Украина астанасы Киевте белгісіз біреу қазақстандық оппозициялық белсенді, Youtube желісіндегі "Бәсе" каналының авторы Айдос Садықовты үйінің маңында көлігінде отырған кезде атып кеткен. Айдостың қасында болған әйелі Наталья Садықова зардап шекпеген. Наталья оқ Айдостың самайынан кіріп, миына зақым келтіргенін айтқан.

19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты мәлімдеме жасаған. Тоқаев дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы "оқыс оқиғаға байланысты ресми сауалдар жолдау жөнінде нақты тапсырма бергенін" айтты. Ол Қазақстанның ресми органдары "қажет болса істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеуге қатысуға дайын екенін" де мәлімдеді.

Наталья Садықова бұл шабуылды "саяси қастандық" деп атап, оған "президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырыс берді" деп санайтынын мәлімдеді. Тоқаев Садықованың айыптауына пікір білдірмеді.

Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған ерлі-зайыпты Айдос пен Наталья Садықовтар интернетте "Бәсе" арнасын жүргізіп, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегілерді және Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда кезекті өкілет мерзімі аяқталмай жатып қызметінен кеткенде орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынайтын видеоларды үнемі жариялап келген. "Бәсе" Youtube-арнасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG