Accessibility links

Киевтегі қастандық, Транскаспий жобасы және сирек металға қызығушылық


Айдос Садықов мінген көлік. Киев полициясы таратқан сурет
Айдос Садықов мінген көлік. Киев полициясы таратқан сурет

Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандық; Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізінің тиімділігін арттыру жолдары; аймақтағы сирек металдарға қызығушылықтың тау-кен техникасына сұранысты арттыруы. Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан мен Орталық Азия аймағы бойынша осы тақырыптарға көбірек тоқталған.

Eurasianet басылымы қазақстандық оппозициялық белсенді, YouTube желісіндегі "Бәсе" арнасының авторы Айдос Садықовқа Киевте жасалған қастандық туралы жазды.

Садықовты 18 маусымда үйінің ауласы маңында көлігінде отырған кезде атып кеткен. Украина прокуратурасы бұл оқиға бойынша тергеу бастады.

Садықовқа Киевтегі ауруханалардың бірінде жатыр, оған ота жасалды. Жансақтау бөліміндегі Садықовтың халі ауыр.

Украинаның бас прокуратурасы бұл қастандықты ұйымдастырды деп күдікке ілінген 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев пен 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев туралы хабарлама жариялады. Екеуі де Қазақстан азаматы.

Мақала авторы Алмаз Куменов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандыққа 19 маусым күні реакция танытып, оны айыптағанын келтіреді. Ол "қоғамдағы барлық қақтығыс пен келіспеушілік" заңды жолмен және "негізгі халықаралық нормаларға сәйкес" шешілуі керек деді. Қазақстан Бас прокуратурасы Тоқаевтың тапсырмасымен Киевте Айдос Садықовқа жасалған қастандықты тергеуді бастады.

Қазақстандағы саяси сарапшылар Садықовқа жасалған қастандық жайлы әрқилы пікір білдірді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Садықовтардың YouТube арнасы қоғамдық пікірге айтарлықтай әсер етпейді, сондықтан шенеуніктерге Садықовқа қастандық жасауға қатысудың мәні жоқ деп есептейді.

"Басқа елдің аумағында мұндай диверсия операциясы – дұшпандық әрекет, Қазақстан жіті сақтайтын халықаралық этика нормаларын өрескел бұзу. Мұндай әрекеттен пайдадан гөрі зиян анағұрлым көп" дейді Әбішев өзінің Telegram-арнасында.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов
Саясаттанушы Димаш Әлжанов

Ал саясаттанушы Димаш Әлжанов қастандық туралы хабар "бүкіл [Қазақстан қоғамына] берілген белгі" дейді. Оның ойынша, бұл оқиға сыртта жүрген қазақ эмигранттарын тежеу мақсатын көздесе, шын мәнінде оның арты мүлде кері нәтижеге әкелуі мүмкін.

"Бұл қоғамды одан бетер ашуландырып, терең жік салатын теріс әрекет. Қарсыластармен және сынға алатындармен келіспеуге болады, бірақ олардың көзін жою − барып тұрған қорқақтық пен ақымақтық" дейді Әлжанов Facebook желісіндегі парақшасында.

Орта дәліздің тиімділігін арттырудың амалдары

Орталық Азияны зерттеуші, Вашингтондағы Second floor Strategies консалтинг компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес АҚШ-та шығатын Diplomat басылымында Ресейді айналып өтетін транспортқа арналған Орта дәліздің тиімділігін арттырудың жолдарын талдайды.

Маусымның ортасында АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Тай Қазақстан мен Өзбекстанға сапарлады. Бұл – АҚШ сауда өкілінің аймаққа жасаған алғашқы сапары. Астанада АҚШ пен Орталық Азияның сауда және инвестиция бойынша негіздеме келісімінің кеңесі өтті. Автордың ойынша, бұл жиынның мақсаты − Қытай мен Еуропаны Орталық Азия, Каспий аймағы мен Кавказ арқылы жалғайтын Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қолдау көрсету. Аймақ бұл бағытта Батыс инвестицияларын тартып, Қытай мен Ресей арасында баланс ұстағысы келеді.

Санчес Орта дәлізбен сауда көлемін 2030 жылға қарай үш есе арттыру үшін Дүниежүзілік банк айқындаған қадамдарға қайырылады. Жақында Вашингтонда өткен Транскаспий конференциясында Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі Винни Ван осы мәселеге тоқталды. Ол үшін қала орталықтарында кептелістерді азайтатын айналма жолдар салу, Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын жаңа теміржол салу және Ақтау портының өткізу қабілетін арттыратын қондырғылар сатып алу жайлы ұсыныс айтылды.

Бұдан бөлек заманауи кеден жүйесі маңызды. Дүниежүзілік банк пен басқа ұйымдар кеден арқылы жүк өткізуді барынша тездету үшін аймақтағы институттарды үйлестіріп, жүйені цифрлардыруға ұмтылып жатыр.

Автордың пайымдауынша, Орта дәліз бойындағы елдердің тығыз серіктестігі маңызды, бірақ басқа ойыншылар дәлізге бәсекелес бағыттарды дамытқан сайын Транскаспий дәлізіне кіретін мемлекеттердің серіктестігі қиындай түспек. Мәселен, Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол бағыты Орта дәлізбен бәсекелес болып, сауданы Батыстан Қытайға бағыттамақ.

Автор Орта дәлізді қолдауға келгенде Еуроодақпен салыстырғанда АҚШ артта қалып жатыр деп түйеді. 12 маусым күні Астанада Орта дәлізді "тиімді, бәсекеге қабілетті және тұрақты дәлізге айналдыруды" көздейтін жаңа үйлестіру платформасы іске қосылды. Бұл платформаны іске қосу жайлы шешім биыл қаңтарда Брюссельде өткен Еуроодақ пен Орталық Азияның көлік байланысын күшейтуге арналған инвесторлар форумында қабылданды.

Транскаспий дәлізін қолдауға келгенде АҚШ-тың Еуроодақтан қалыс қалып жатқанының себебі, Вашингтонның аймақпен сауда көлемі аз әрі АҚШ бұл дәліздің негізгі бенефициары емес. Бірақ дәліз толыққанды жұмыс істесе, АҚШ пен аймақ арасындағы сауда артар еді.

Дүниежүзілік банктің топшылауынша, Батыстан Орталық Азияға көбірек тауар тасымалдау үшін инфрақұрылымды жақсартып, ведомствоаралық серіктестікті күшейтіп, заманауи кеден жүйесін енгізу керек. "Қазақстан тәрізді елдердің әлем нарығына шығаратын тауары көп. АҚШ пен Еуроодақтың халықаралық компаниялары, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі мен басқа халықаралық қаржы институттары Орта дәліздің тиімділігін арттыру үшін инвестиция құйып, саяси ұсыныстарын айтып жатыр".

Аймақтағы сирек металдарға қызығушылық тау-кен техникасына сұранысты арттырды

Жапонияда шығатын Nikkei Asia басылымы өндіріс, тау-кен, әскери техника жабдықтары мен ауыр машина жасаушы Жапонияның Komatsu трансұлттық корпорациясы Қазақстанда логистикалық орталық ашқанын жазды.

Басылымның жазуынша, Komatsu Қазақстандағы логистикалық орталық арқылы Орталық Азияға тау-кен қондырғыларын жеткізіп, литий мен никель тәрізді электромобиль жасауға қажет материалдардың қорына назар аударады.

Қазақстанда ашылған бөлшектерді тарату орталығында Қытайда құрастырылған көлік рамалары мен Жапониядан жеткізілген бөлшектер сақталады. Komatsu 2023 жылы аймақта тау-кен жабдықтарын сату үшін қазақстандық бөлімше ашқан.

Мақала авторы Арато Шигеноның пайымдауынша, Қытай сирек жер металдары мен өнеркәсіп үшін маңызды материалдардың экспортын шектегендіктен, Орталық Азияда тау-кен қондырғыларына сұраныс артады. Себебі электромобиль нарығы өскен сайын көптеген компания Орталық Азияда сирек жер металдарының кен орнын іздеп жүр.

Сирек жер металдарын геологиялық барлау Совет одағы ыдыраған соң тоқтаған. Бірақ соңғы кездері бұл кен орындарына қызығушылық қайта жанданды. Қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті маңызды шикізатты өндіру үшін серіктестікке шақырды.

Шығыс Қазақстан қалайы, тантал, литий мен стронцийдің қорына бай. Ақпан айында жарияланған жоспарға сәйкес, Қазақстан үкіметі 2029 жылға қарай маңызды минералдардың өндірісін 40 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Тергеу, тінту, қамау. Алтын фабрикасына қарсы Маралды халқының күресі
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:23 0:00

Komatsu мәліметінше, аймақта құрылыс және тау-кен техникасына сұраныс артқан. 2017 жылы аймақ елдері 2 мың бірлік техника сатып алса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 5 мыңға жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG