2022 жылы Ленин атындағы шахтаның бес қызметкері қаза тапқан апат бойынша сот айыптау үкімімен аяқталды. Бұл шахта апат болған кезде "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясына қараған. Кейінгі 18 жылда осыған ұқсас істер алғаш рет соңына дейін қаралып, сот үкімі шықты. Үкімге қос тараптың да көңілі толған жоқ: айыпталушылар үкім әділетсіз дейді, ал жәбірленушілер жаза жеңіл болды деп отыр.
СОТ ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?
"Баламның зиратының басында тұрып, істі соңына дейін жеткізуге, кінәлілерді заң бойынша жауапқа тартуға уәде бергенмін. Бірақ қолымнан келмеді, ары қарай күресуге күшім мен денсаулығым жоқ", — дейді Галина Инкина маусымның басында Шахтинскіде аяқталған сот жайлы ой бөлісіп. Оның ұлы — 2022 жылы 3 қарашада Ленин шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан бес кеншінің бірі. Марқұм 38 жаста болған. Тағы төрт адам қатты жараланып, жұмысқа жарамсыз болып қалды.
69 жастағы зейнеткердің денсаулығы да сыр бере бастаған. Ол сот процесінің аяқталуын зарыға күтті. Тергеу мен сот бір жарым жылға созылды.
Төтенше жағдайды тексерген үкімет комиссиясы "аса қауіпті жерді қазғанда тиісті бақылау болмаған" деп мәлімдеді. Сарапшылар "апаттан бұрын бірнеше күн бойы метан мөлшері жоғары болғанына қарамастан, учаскеде бұрғылау жұмыстарын тоқтатпаған, жұмыс ереже бойынша жүргізілмеген" деп топшылады.
Комиссия жауапты тұлғалар тізімін жасап, оған Ленин атындағы шахта мен кен орнына иелік етуші компания басшыларын да қосты. Апатқа жауаптылар қатарында барлығы 26 адам бар. Соңында төрт адамға айып тағылды. Бәрі өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.
Жәбірленушілер оларды заң бойынша, қатаң жазалауды талап етті (заңда "Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабымен 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған). Прокурор 6-7 жыл сұрады.
Маусымның басында сот төртеуін де кінәлі деп тауып, жеңілдеу жазаға кесті.
Судья Исламхан Есенбаев Шахтадағы техникалық қызметтің бас инженері Петр Лиді 5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол көмір өнеркәсібінде 1987 жылдан бері істеген. Бас инженер қызметіне келгеніне бір жылдан енді асқан. Сотта Ли Ленин шахтасында 200-ден астам нысан барын, бір тәулікте бәрін бірдей аралап үлгермейтінін айтты.
Тағы бір айыпталушы — желдету учаскесі мен қауіпсіздік техникасы бойынша басшы, 52 жастағы Дмитрий Аблов. Сот оны 4 жылға соттады. Ол бұл қызметке 2022 жылы қазанда тағайындалған. Шахтада 1999 жылдан бері істеген. Аблов апат болған жердегі дренажды скважинаны бұрғылау төлқұжатымен танысып үлгермедім деді.
Уақытша қауіпті заттар бөлінуі мүмкін учаскелерді болжау қызметі бастығы орынбасарының міндетін атқарып жүрген 60 жастағы Талғат Баякенов 4,5 жылға сотталды. Ол апатқа дейін жаңа қызметінде бір күн ғана істеген. Шахтаға 1996 жылы келген. Сотта Баякенов метан көрсеткіші жоғары деген ақпарат кен орнына иелік етуші компанияның көмір департаментіне берілгенін айтты.
56 жастағы Андрей Завьялов та 4,5 жылға бостандығынан айырылды. Ол Ленин атындағы шахтада 1992 жылдан бері істеген, 2011 жылдан бастап өндірістік қызмет ауысымының басшысы болған. Завьялов та кінәсін мойындаған жоқ.
Төртеуі де сот үкімі оқылғаннан кейін бірден қамауға алынды. Сот олардан 20 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы өтінішті қанағаттандырмады.
— Жаза мерзімі төмен. Сот тергеуді заңсыз түрде қайта бастап, үкімге келгенде жәбірленушілерге өтемақы өндіру туралы өтінішті қанағаттандырмады. Бұл заңсыз. Босқа жүйкемізді жұқартты, — дейді қаза тапқан кеншінің анасы Галина Инкина.
Үкіммен сотталған азаматтардың жақындары да келіспейді. Олар айыпталушыларға қатаң әрі әділетсіз жаза берілді деп есептейді. Сотта айыпталушылар, олардың жақындары мен адвокаттар бірнеше рет компанияның бар кінәні өздеріне аудара салғанын айтып шағынды.
Олар әлі де солай ойлайды.
— Қазақстанға ақша табуға келген инвестор кінәлі. Ол өндірісті толық модернизациядан өткізгенше, қаза тапқан кеншілерге өтемақы төлей салу арзанға түседі деген принциппен жұмыс істеген. Инвестор мен оған осындай еркіндік беріп қойған үкіметтегі адамдар кінәлі, — дейді сотталған Петр Лидің әйелі Елена Ли.
"АЙҒАҚ ЖОҚ"
Ленин атындағы шахта 30 жылдан бері "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының көп кен орнының бірі болған. 2023 жылға дейін компания британдық миллиардер Лакшми Митталға тиесілі еді.
Қазақстанда жұмыс істеген жылдары кәсіпорында 180 жұмысшы қаза тапты. 2021–2023 жылдары "Абай", "Қазақстан", "Ленин", "Костенко" шахталарында ірі жарылыс пен өрт болды.
Былтыр желтоқсанда АМТ компаниясының иегері ауысты. Компанияны қазақстандық кәсіпкер Александр Лаврентьев қолға алып, компания атауын Qarmet деп өзгертті. Осы өзгерістерден кейін кәсіпорында апат тағы қайталанды, тіпті кісі өлімі де болды.
Ленин атындағы шахтада болған жарылыс бойынша сот – АМТ кәсіпорындарында кейінгі 18 жылда кеншілер қазасынан кейін қозғалып, айыптау үкімімен аяқталған бірінші іс. Жәбірленушілер мен айыпталушылардың ойы бір жерден шықты: қос тарап та шахтаға иелік ететін компания басшыларын да жауапқа тарту керек дейді.
Жәбірленушілер АМТ компаниясының бас директоры Биджу Наирды да жауапқа тартуға шақырды. Ол 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 2 желтоқсаны арасында осы қызметте болған. Оны куәгер ретінде тергеді. Наир АМТ кәсіпорындарындағы апатты жағдайлардан кейін үкімет комиссиясы бекіткен іс-шаралар жоспарын жүзеге асырғанын, қажетті техника сатып алып, жұмысқа жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасағанын айтып ақталды. Наирдың сөзінше, құрал-жабдықты пайдалану жауапкершілігі ішкі бұйрықпен бекітіледі. Ол өз кінәсін жоққа шығарды.
Куәгер ретінде тергелген тағы бір менеджер Джелсон Батиста 2021 жылдың 15 тамызынан 2022 жылы қарашаның соңына дейін АМТ атқарушы директоры болып істеген. Ол компанияның Люксембургтегі жоғарғы басшылығының шешімдерін жүзеге асырумен айналысқанын айтты. Батиста АМТ өндірістік мәселелерін шешу үшін техникалық және басқа да қызметтер барын ескертті.
Куәгер ретінде тергелген АМТ көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый "қолымнан келгенннің бәрін жасадым, күнделікті бас инженерлермен сөйлестім, олар ешқандай мәселе көтермеді" дейді.
АМТ менеджерлері куәгер болған іс "Өз жауапкершілігіне салғырт қарау" бабы бойынша жеке қарауға алынып, прокуратураға жіберілген. Бірнеше айдан кейін тергеу тоқтады, құқық қорғау органдары мұны қылмыстық іс болғанын дәлелдейтін айғақ табылмады деп түсіндірді.
"Басшылықтың іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ", - деп жазды прокуратура.
Ленин шахтасындағы апаттан кейін АМТ компаниясында басшылар ауысты. Кейбірі елден кетіп қалды.
Прокуратура шахта менеджерлері мен АМТ басшыларының кінәсі жоқ дегенімен, сот бұл пікірмен келіспеді. Судья жарылысқа кей басшылардың қызметтік міндетін дұрыс атқармауы себеп болған деді.
Соттың Қарағанды облысы прокурорына қарсы шығарылған қаулысында "Сотқа дейінгі тергеу органы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы департаментінің өкілетті тұлғаларына қарсы тек қылмыстық іс қозғаумен және бұл істерді негізсіз түрде жеке өндіріске тіркеумен ғана шектелді" делінген.
Судьяның пікірінше, прокурорлар айыпталушыларға заңсыз және негізсіз түрде қатаң жаза сұраған. Осыдан жәбірленушілер мен қоғамда жазалау шарасы бойынша қате пікір қалыптасқан. Судья Исламхан Есенбаев прокуратура соңына дейін шахтадағы қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылу себебін анықтай алмады деді.
Бұған дейін Қарағанды облысында кеншілер қазасына байланысты айыптау үкімі 2006 жылы шыққан. Ол кезде Ленин атындағы шахтада 41 кенші қаза тапқан. Марқұмдардың туыстары кеншілер құқығын қорғаумен айналысатын "Шахтерлар отбасы" деген қоғамдық ұйым құрды.
Ұйым өкілдері 2022 жылы Ленин атындағы шахтада болған жарылыс бойынша жаңа айыпталушылар табылып, сот қайта өтеді дегенге сенбейді.
— Бірінші кезекте, жұмыс беруші жауап беруі керек. Бар жауапкершілік соған артылуы тиіс. Бірде-бір директорды түрмеге жаппайды, олардың "қорғауы" күшті. Бұл жай демонстративті жазалау деп ойлаймын. Ал қауіпсіздік техникасы екінші орында қалады. Көмір өндіру жоспары әдеттегідей бірінші орында, — дейді "Шахтерская семья" мүшесі Наталья Томилова.
Бұл пікірге Галина Инкина да қосылады.
— Істі ешкім енді қазбаламайды, ешкімге керек емес, — дейді қаза тапқан кеншінің анасы.
Үкім оқылғаннан кейін сот "Қазақстан" шахтасында кеншілердің қаза табуына байланысты тағы бір істі қарауға көшті. 2023 жылы тамызда өрттен 5 адам қаза тауып, 16 кісі жараланды. Алда Костенко шахтасындағы апат бойынша сот басталуы тиіс. 2023 жылы қазанда шахтадағы жарылыстан 46 адам ажал құшты.
2022 жылы Ленин атындағы шахтада болған жарылыс бойынша сотталған азаматтар мен олардың адвокаттары апелляцияға береміз деді. Жәбірленушілер үкімге қарсы шағым беруге ниетті емес.
ПІКІРЛЕР