Accessibility links

Соғыстан кейін Орталық Азияның болашағы қандай болмақ? Қытай аймақта күшейіп, Ресейді ығыстырып жатыр ма?


Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті. Мәскеу, 16 мамыр 2022 жыл.

Украинадағы соғыс аяқталған соң Орталық Азияның болашағы қандай болмақ және көпвекторлы саясат аяқтала ма? «Пекин аймақта ықпалын күшейтіп, Ресейді ығыстырып жатыр». Каспий аймағындағы елдер Еуроодаққа энергия тасымалдауға мүдделі, «бірақ Мәскеу бұған тосқауыл қоюы мүмкін». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТ МАҢЫЗЫН ЖОҒАЛТА МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat журналы Украинадағы соғыс аяқталған соң Орталық Азияның болашағы қандай болмақ деген сұраққа жауап іздейді. Мақала авторы Ауғанстан сыртқы істер министрлігінде 17 жыл жұмыс тәжірибесі бар бұрынғы дипломат Ахмад Тарик Нурзаде соғыстан кейін аймақтың сыртқы ойыншылармен қарым-қатынасы қалай өзгеретінін талдайды.

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне екі жарым жылға жуықтады, соғыстың ғаламдық әсері экономиканы әлсіретіп, геосаяси өзгерістерге әкелді. Мәскеудің Еуразия аймағында, әсіресе Орталық Азияда ықпалы бұрыннан басым. Нурзаденің жазуынша, соғыс Орталық Азияда Ресей жайлы пікірді өзгертіп, басқа ойыншыларға, әсіресе Қытайға мүмкіндік тудырды. Орталық Азия елдерінің көпшілігі үшін Ресей соғысқа дейін ірі сауда серіктесі болса, қазір оның орнын Қытай басты. 2023 жылы Пекин Қазақстан мен Өзбекстанның ең ірі сауда серіктесіне айналды.

Қытай президенті Си Цзиньпиннің Астанаға сапары. Ақорда, 3 шілде 2024 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпиннің Астанаға сапары. Ақорда, 3 шілде 2024 жыл.

Автор Украинадағы соғыстың алдында Қазақстанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік күштеріне қайырылған соң, көптеген комментаторлар «енді Тоқаев Путинге қарыздар» деп түйгенін еске салды. Алайда соғыстан кейін Қазақстан бұл пікірді жоққа шығарып, Украинаның шығысында Ресей қолдайтын жікшіл аймақтарды Астана мойындамайтынын мәлімдеді. Қазақстанның бейтарап позициясы Ресей депутаттары мен кремльшіл пропагандистердің ашу-ызасын тудырды. «Шиеленісті риторикаға қарамастан, Тоқаев Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасын тұрақты күйде сақтап қала алды».

Өзбекстан Ресеймен жақсы қарым-қатынас ұстанады, бірақ бір мезетте Батыспен байланысты тереңдетуге ұмтылып жатыр. Ташкент Ресейдің соғысын айыптайтын да, қолдайтын да мәлімдеме жасамады. Өзбекстан экономикасы Ресейде жұмыс істейтін бірнеше миллион өзбек еңбек мигранттарының ақша аударымдарына тәуелді.

Мәскеу еш уақытта Түркіменстанның басты сауда серіктесі болған емес. 1995 жылдан бері сыртқы саясатта бейтараптықты ұстанатын Ашғабат сақ позицияны соғыс кезінде де сақтап қалды. Қытай − бұрыннан бері Түркіменстанның басты экономикалық серіктесі.

Аймақтағы басқа елдерге қарағанда, Тәжікстан Ресейге экономикалық және қауіпсіздік жағынан көбірек тәуелді. Тәжікстанда Ресейдің қарулы күштерінің базасы орналасқан. Ауғанстандағы билік басына тәліптердің келуі Ресеймен қауіпсіздік бойынша серікестікті күшейтуді талап етеді. Соғыс басталғалы екі елдің қарым-қатынасы қатты өзгермеді.

Батыстың Қырғызстанда экономикалық мүддесі жоқ, сондықтан Бішкек айтарлықтай қысымға тап болмады. Қырғызстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге ең көп көмектесіп жатқан ел болуы мүмкін.

Автордың жазуынша, Ресей Украинаға басып кірген соң, аймақ елдері соғыста Мәскеу жеңіске жетсе, Украинаға ұқсас сценарий біздің елде де қайталануы мүмкін деп қауіптенеді. «Бұл елдердегі қауіп Украинадан жоғары. Жұрттың диктаторлық билікке көңіл толмауы, террористік, сепаратистік топтардың болуы Орталық Азияның Украинадағыдай соғыс бастала ма деген алаңдаушылығын одан сайын күшейтетін фактор».

Бұрынғы дипломат осы себепті аймақтағы көпвекторлы саясат маңызын жоғалта бастайды деп есептейді. «Орталық Азияға не Батыспен, не Қытай, Ресей, Иран тәрізді басқа елдермен бірігуге тура келеді. Аймақта Батыс түсінігіндегі сөз бостандығы, демократия жоқ. Технология мен инвестиция бойынша Батысқа тәуелдігі күшейіп жатыр, бірақ Мәскеумен қарым-қатынас әлі де терең. Экономикасы мен әскери құрылымы Ресей үлгісіне негізделген посткеңестік елдердің Мәскеудің ықпалынан арылуы қиын, бірақ бұл мүмкін нәрсе».

КАСПИЙ АЙМАҒЫНЫҢ ЕУРОПАҒА ЭНЕРГИЯ ТАСЫМАЛДАУ БАСТАМАСЫНА МӘСКЕУ ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ МА?

Еуроодақ Ресейден энергетикалық тәуелділігін азайтып, мұнай мен газды Каспий аймағы елдерінен тасымалдауға мүдделі. Мәскеу Каспий жағалауындағы елдердің энергетикалық хабқа айналу ұмтылысына алаңдаулы, дейді АҚШ-тағы Gulf State Analytics зерттеу компаниясының сарапшысы Сергей Суханкин Jamestown қорының сайтында.

Аймақтың Каспий теңізімен Еуропаға энергия тасымалдау ұмтылысы көптеген кедергіге тап болып жатыр. Суханкиннің жазуынша, Ресей саясаткерлері Каспий аймағы Еуроодақ үшін энергия көзіне айналуы ықтимал дегенге алаңдайды, себебі бұл екі аймақтың әскери-саяси серіктестігін күшейтеді. «Халықаралық істер жөніндегі Ресей кеңесі» үкіметтік емес ұйымының есебінде 2022 жылдың ақпанынан бері пайда болған екі маңызды проблема келтірілген. Біріншіден, есепте «Ресейге қарсы» саясат жүргізіп жатқан АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің «ықпалын төмендетуі мүмкін» екені айтылады. Екіншіден, аймақтағы ойыншылардың Ресейге балама ретінде Еуропа мен Қытайға көмірсутегіні көптеп тасымалдау мүмкіндіктерін зерттеп жатқанына Кремль алаңдайды. Дәлірек айтқанда, Ресей Қазақстан, Әзербайжан мен Түркіменстанның энерготасымалдағыштарды барлау мен экспорттау әлеуетінен және үш елдің бірлескен бастамаларынан қауіптенеді.

Суханкиннің пайымдауынша, Ресей Каспий аймағының Еуроодақтың энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету ұмтылысына тосқауыл қоюға тырысады. Мәскеу Каспий аймағын барынша оқшаулап, аймақтағы диалог теңіз жағалауындағы бес елдің арасында жүруі керек дегенді алға тартады. 2022 жылдың маусымында өткен алтыншы Каспий саммитінде Ресейдің ресми тұлғалары аймақтағы мәселелер өз ішімізде, сырттағы ойыншылардың қатысуынсыз шешілуі қажет деген. Бұл тезисті Мәскеу 2023 жылдың наурызында қабылдаған сыртқы саясат тұжырымдамасында қайталады. Сонымен қатар Тегеранның табиғи газ экспорттау бойынша амбициясын ескерсек, Ресей Иранмен байланысты күшейтуі ықтимал.

Каспий аймағының Еуроодаққа энергия тасымалдау жоспарына жұмсақ жолмен кедергі келтіру нәтиже бермесе, «Мәскеу өктем қадамдарға көшуі мүмкін». 1990 жылдар мен 2000 жылдар басында Кремль аймақта әскери күшін күшейткеніне байланысты Ресей мен Қазақстан арасында шиеленіс өсті.

Каспий аймағы Еуроодақтың энергетикалық қауіпсіздігін күшейте алады. Бірақ Ресей мен Иран бұл бастаманы құптамайды немесе Каспий байлығын бөлуден сырт қалғысы келмейді. Мәскеу мен Тегеран аймақтағы ықпалы мен бақылауды сақтап қалуға тырысып жатқандықтан, Каспий елдерінің энергетикалық орталыққа айналу бастамасы кедергіге ұшырайды.

"ҚЫТАЙ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТІП, РЕСЕЙДІ ЫҒЫСТЫРЫП ЖАТЫР"

АҚШ-тағы Diplomat басылымы Қытай Орталық Азияда өз ықпалын күшейтіп, Ресейді ығыстырып жатқанын жазды. Мақала авторы Үндістандағы Такшашила институтының Үнді-Тынық мұхиты аймағын зерттеу бағдарламасының сарапшысы Ракшит Шетти Қытай басшысы Си Цзиньпиннің таяуда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысуы Орталық Азияның геосаясатындағы өзгерісті көрсетті дейді. ШЫҰ саммитінде қабылданған Астана декларациясы мен энергетика, қауіпсіздік, сауда, қаржы, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы құжаттар Қытай ықпалы өсіп, Ресей ықпалы әлсірегенін әйгіледі.

Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының суретке түсу рәсімінде тұрған Қытай, Қазақстан және Ресей басшылары. Астана, 4 шілде 2023 жыл.
Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының суретке түсу рәсімінде тұрған Қытай, Қазақстан және Ресей басшылары. Астана, 4 шілде 2023 жыл.

Қытай әрбір күн панелі мен желден энергия өндіретін қондырғыны орнатқан сайын Орталық Азия елдерін өзінің ықпал аймағына тартып қоймай, Ресей газына тәуелділікті азайтып жатыр. Си Цзиньпин сапарынан бір күн бұрын Қытай мемлекеттік кеңесінің ақпараттық бюросы жариялаған мақалада Пекин мен Орталық Азияның жасыл энергетика саласында серіктестігі сөз етіледі. Мақалаға қарағанда, Қытайдың Goldwind Sci & Tech Co., Ltd тәрізді компаниялары аймаққа біршама инвестиция құйған, Goldwind биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, аймақ елдерінде 319 мың киловатт жел энергиясын өндіретін қондырғылар орнатты.

Сондай-ақ Пекин Орталық Азияны өзінің ықпал ету аймағына тартып, Ресей ықпалын әлсіретіп жатыр. Автор жақында АҚШ-тағы Wall Street Journal басылымы Ша Хуаның мақаласына қайырылады. Онда Ша Хуа Өзбекстанда ресейлік «Лада» көліктерінің орнын Қытайдың Geely және BYD автомобильдері басқанын жазды. Қытайдың Қырғызстанға экспорты 2021 жылы 7,5 миллиард доллар болса, 2023 жылы ол 20 миллиард долларға жетті, бұл тауардың көп бөлігі Ресейге реэкспортталды. Қазақстанның сыртқы саудасындағы Қытайдың үлесі 2023 жылы 21,3 пайызға жетіп, Ресейді басып озды. Қытайдың экономикалық ықпалы тек саудамен шектелмейді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Қазақстанды Еуропа мен Қытайды жалғайтын Еуразияның инфрақұрылым орталығына айналдырды. Қытай мен Еуропаның Орталық Азия арқылы саудасы төрт есе өсті.

Дей тұрғанмен Еуроодақ, Парсы шығанағындағы елдер тәрізді басқа державалармен бәсеке, жергілікті халықтың Қытайдың басымдығына қарсылығы Пекин ықпалының күшеюіне кедергі келтіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG