Accessibility links

Өзбекстанның 8 алтыны және Орталық Азия жанкүйерлерінің бірлігі


Өзбек боксшысы Абумалик Халоков (сол жақта) Париж олимпиадасы финалындағы жеңісін тойлап жатыр. Күміс медаль қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлына бұйырды.
Өзбек боксшысы Абумалик Халоков (сол жақта) Париж олимпиадасы финалындағы жеңісін тойлап жатыр. Күміс медаль қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлына бұйырды.

Өзбекстан биылғы Олимпиада ойындарында ірі жеңіске жетті. Бірақ Орталық Азияның жанкүйерлеріне жеңістен бұрын рингте өзбек жаттықтырушының қырғыз боксшысына күміс медаль алуға көмектескені ұнады.

2024 жылғы Олимпиада ойындары Өзбекстанның әйелдер арасындағы алғашқы алтын медальді жеңуінен басталып, боксшыларының Кубаның 20 жыл бұрынғы жетістігін қайталап, ең көп жүлде алуымен аяқталды.

Бірақ Орталық Азиядағы кей жанкүйерлер үшін Олимпиада жүлдесімен емес, аймақ мемлекеттері арасындағы достық көңіл-күймен есте қалды.

2014-2015 жылдары білім министрінің орынбасары болған Бермет Тұрсынқұлова 11 тамызда Facebook парақшасына "2024 жылғы Олимпиада кезінде Орталық Азия тұрғындары арасында әдемі бірлік байқалды. Бұрын-соңды мұндайды көрген жоқпыз" деп жазды.

Тұрсынқұлова жазбасының астына желіде кең тараған Орталық Азияның бес туын жамылған өзбектердің қырғыз Мұнарбек Сейітбекұлы бокстан күміс медаль алғанда "Қырғызстан" деп айқайлап, спортшының суретін ұстап тұрған, боксшының өзін финалда жеңген Абумалик Халоковты құшақтаған суреттерін салды.

Өзбек-қырғыз арасындағы аңызға айналған жекпе-жек 10 тамызда өтті. Бұл күні қос мемлекет те Олимпиададан ең құнды медальдеріне қол жеткізді. Бірақ Өзбекстан мен Қырғызстан арасы үнемі дәл бүгінгідей жақсы болған жоқ.

КИКІЛЖІҢНЕН – ӘРІПТЕСТІККЕ

Бәрі геосаяси бірліктен басталды.

8 жыл бұрын Рио Олимпиадасынан кейін Ташкент пен Бішкек арасында шиеленіс болған.

Ол кезде интернетте бірін-бірін қолдап, құттықтаған өзбек-қырғыз жанкүйерлерінің емес, Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы дауға айналған таудың суреті қаптап кеткен еді.

Өзбек дзюдошысы Диёра Келдиёрова 52 келі салмақта чемпион атанып, қуаныштан көзіне ерік беріп тұр.
Өзбек дзюдошысы Диёра Келдиёрова 52 келі салмақта чемпион атанып, қуаныштан көзіне ерік беріп тұр.

Рио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін бір апта ішінде Өзбекстанның бұрынғы авторитар басшысы Ислам Каримов инсульт алып, ауруханаға түсті. Көп ұзамай көз жұмды.

Өзбекстан билігі президенті қайтыс болғанын бір апта бойы құпия ұстап, одан кейін бүкіл әлемге "Каримовтың жағдайы ауыр" деді. Алайда ол 27 тамыздың өзінде-ақ комада жатқан болуы мүмкін еді.

Осыдан Каримов Өзбекстанның Риодағы жеңісін әсіре тойлаймын деп, инсульт алған деген қауесет тарады. Рио Олимпиадасында Өзбекстан жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Өзбекстанның бірінші президенті қайтыс болғаннан кейін билікке Шавкат Мирзияев келді. Басшы ауысқан соң, Өзбекстанның Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасы бірден жақсарды.

Бұл спортқа да әсер етіп, 2016 жылы олимпиада ойындарында қос мемлекет жанкүйерлерінің арасында жылылық сезілді.

Бауырлас мемлекеттер бірлігі мінберден әрі асып, қарапайым халық арасына жетті.

Сейітбекұлы олимпиада ойындарында алтын медальға таласқан алғашқы қырғыз боксшысы болып тарихта қалды.

Ол бұл жетістігіне Өзбекстан құрамасының бокстан жаттықтырушысы Акмаль Хасановтың көмегімен жетті. Ол финалға дейінгі кездесулерде Сейітбекұлына рингтегі жаттықтырушы ретінде қызмет көрсетті. Өйткені қырғыз боксшының өз жаттықтырушысын белгісіз себептермен Қырғызстанның олимпиада делегациясына қоспай қойған.

Өзбек жаттықтырушысы Акмаль Хасанов (оң жақта) қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейілбекұлымен (ортада) бірге.
Өзбек жаттықтырушысы Акмаль Хасанов (оң жақта) қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейілбекұлымен (ортада) бірге.

Мүдделер қайшылығы болмас үшін Хасанов финалда Сейітбекұлына көмектесе алмады.

Бірақ өзбек жаттықтырушысы оған финалда сәттілік тілеп, дәстүрлі өзбек шапаны мен бас киімін сыйлады.

"Мұнарбек, финалға шыққаныңды мақтан тұтамын. Қырғызстан халқы осындай нәтиже көрсетіп жатқанына қуаныштымын. Шын мықты жеңсін!" – деді Хасанов.

ТӘЖІК БАРЛАРЫНДАҒЫ ЖАНКҮЙЕРЛЕР

Өзбекстанның бұл ойындардан 8 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль алуын Орталық Азияның басқа мемлекеттері де қуана қабылдады.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері Душанбедегі спорт барларына жиналған тәжіктер өзбек боксшыларына жанкүйер болды деп хабарлады.

9-10 тамызда өткен ерлер арасындағы бокс финалы эмоцияға толы болды. 8 тамызда Өзбекстан бокстан бірінші алтынын жеңіп алғанда, өзбек құрамасының аты аңызға айналған жаттықтырушысы Тулкин Киличевтің жүрегі тоқтап қалды.

Киличев Өзбекстанның бокстан жоғары нәтиже көрсетуіне көп күш салған. Оған Ұлыбританияның бокс құрамасының дәрігерлері көмек көрсетті, кейін Париж ауруханасында емделді.

Париж олимпиадасында Орталық Азия жанкүйерлері жалауларын бірге ұстап тұр.
Париж олимпиадасында Орталық Азия жанкүйерлері жалауларын бірге ұстап тұр.

Ауыр салмақтағы бокс жұлдызы Баходир Джалолов Киличевті "жай жаттықтырушы емес, туған әкеміз сияқты" деп сипаттайды. Джалолов Олимпиададан алған екінші алтынын жаттықтырушысына арнады.

Бірінші күні дзюдодан алтын алғаннан кейін тынышталып қалған Қазақстан халқы да өзбек бауырлары үшін қатты қуанды.

Бірақ шенеуніктердің 2023 жылы спортқа 660 миллион доллар бөлдік деген ақпаратынан кейін қос мемлекеттің бюджеті мен нәтижесін салыстырушылар көбейді. Мәселен, Өзбекстан спорттың дамуына Қазақстаннан 3 есе аз ақша бөледі.

Өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортқа бөлген қыруар қаржысын көп жүлде жеңуімен ақтап алған.

Бірақ Париж Олимпиадасында Қазақстан 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль ғана алып, жүлде қоры бойынша 43-орынға жайғасты. Астана өзінің 20 жыл бұрынғы Сидней олимпиадасындағы көрсеткішінен 21 сатыға, Өзбекстанның биылғы көрскеткішінен 30 сатыға төмен орын алды.

Қырғызстанды 2 күміс пен 4 қола жүлде ғана алды деп ешкім айыптай алмайды.

100 келіден жоғары салмақта күрескен өзбек дзюдошысы Әлішер Юсупов (оң жақта) пен тәжік дзюдошысы Темур Рахимов қол медаль алғанын тойлап тұр. Париж олимпиадасы, 2 тамыз.
100 келіден жоғары салмақта күрескен өзбек дзюдошысы Әлішер Юсупов (оң жақта) пен тәжік дзюдошысы Темур Рахимов қол медаль алғанын тойлап тұр. Париж олимпиадасы, 2 тамыз.

Грек-рим күресінен қола жүлде алған Узур Джузупбеков журналистерге Қырғызстанның Олимпиада құрамасында диетологтар мен психологтар жоқ деп, үлкен дау туғызды.

Ал Сейітбекұлының жаттықтырушысы финалды Қырғызстанда отбасымен тұратын жатақханадағы бөлмесінен көргені туралы видео көп талқыланды. Желі қолданушылары қырғыз шенеуніктердің жаттықтырушыны елде қалдырып, өздері олимпиаданы Парижге барып көргенін сынады.

Тәжікстан спортшылары олимпиададан дзюдо мен бокстан 3 қола медаль алып қайтты. Бұл – 2012, 2016 және 2020 жылдарды қоса есептегеннен де жақсы нәтиже.

Авторитар Түркіменстан әдеттегідей жүлдесіз оралды. Түркімен спортшылары Токио олимпиадасында ғана медаль алған. Ол кезде ауыр атлетикадан Полина Гурьева күміс медальге ие болған еді.

Президент Сердар Бердімұхамедов Олимпиаданың нәтижесіне көңілі толмай, спорт комитетінің басшысы Аллаберды Сапаровқа "өз қызметін дұрыс атқармағаны үшін" "қатаң сөгіс" жариялады. Бұл туралы 8 тамызда Түркіменстанның мемлекеттік ақпараттық құралдары жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG