Украина әскері Ресейдің Курск облысы Сейм өзеніндегі маңызды үш көпірді қиратқанын мәлімдеді. Ал Украина президенті Зеленский "Курскіге операция Ресей қорғанысы мен экономикасына зардап тигізіп жатыр" дейді. 18-19 тамыздағы жағдайды шолып шықтық.
КУРСК ОБЛЫСЫНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Бүгін, 19 тамызда бірнеше медиа Украина әскері Ресейдің Курск облысы Сейм өзеніндегі үшінші көпірді қиратқанын хабарлады. Түс ауа Мәскеу Курск облысы Карыж елдімекеніндегі көпірдің қирағанын растады. Кремлшіл журналист Владимир Соловьев телеграм-каналында жариялаған видеода Ресей тергеу комитеті өкілі Украина көпірге бір күн бұрын соққы жасағанын айтады.
Ал 18 тамызда Украина әуе күштерінің командирі Ресейдің Курск облысы Сейм өзенінен өтетін екінші көпірді бұзғанын мәлімдеген. Бұл көпір Званное елдімекені маңында орналасқан.
"Минус бір көпір. Әуе күштері дәл соққысымен жауды логистикалық мүмкіндіктерден айырып жатыр. Бұл соғыстың ауанына үлкен әсерін тигізеді" деді Украина әуе күштенінің командирі Николай Олещук телеграмда.
16 тамызда Украина әскері Курск облысы Глушков ауданындағы бірінші көпірді де бұзған. Бұл көпір де Сейм өзенінен өтеді. Ресей қарулы күштері "Званное ауданындағы көпірдің қирағаны бейбіт тұрғындарды эвакуациялау қиындатқанын" айтады.
Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Украина Глушков ауданындағы көпірді америкалық ракеталармен атқылап, бейбіт тұрғындарды эвакуациялап жүрген "еріктілерді" өлтірді деп айыптады.
Сарапшылар Сейм бойындағы көпірлерді қирату Украина әскеріне қауіпсіз шеп құруға көмектесетінін, Мәскеу Курск облысындағы әскеріне қару-жарақ жеткізуді қиындататынын айтады.
Украинаның Курск облысына шабуылы жалғасып жатқан тұста Украина президенті Владимир Зеленский жиі мәлімдеме жасап, жағдайды баяндап отыр.
Ол 19 тамызда телеграмда "Бас штабтың басшысы Курск облысындағы операцияның қалай жүріп жатқанын баяндады. Біз алға қойған мақсатқа жетіп жатырмыз" деді және тағы да ресейлік әскерилер тұтқынға түскенін айтты.
Зеленский 18 тамыздағы мәлімдемесінде Курск облысындағы операция "Ресей әскеріне, Ресей мемлекетіне, Ресей қорғаныс өндірісіне және эконмикасына зиян келтіріп жатыр" деген еді.
Ол "Украина қарулы күштерінің бас командиры Александр Сырский майданның барлық бағытында нәтиже жақсы екенін айтты" деп отыр.
"Қазір [Донецк облысындағы] Торецк қаласындағы Ресейдің әскери техникаларын жойдық. Бұл – біз үшін керекті әрі маңызды нәтиже. Мақсатымыз – Ресейдің барынша көп әскери мүмкіндігін, соғысу мүмкіндігін азайтып, барынша қарымта шабуылға шығу. Яғни, Курск облысындағы операциямыз – агрессордың аумағында буфер аймағын құру" деді Украина басшысы 18 тамызда.
Украина 6 тамызда Ресейдің Курск облысына шабуыл бастаған еді. Бұл шабуылдан соң облыстан 120 мың адам эвакуацияланған.
БАСҚА АЙМАҚТАРДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Қазір Украинаның шығысында қақтығыс та жалғасып жатыр. Украина вице-премьері, уақытша оккупацияланған аймақтарды реинтеграция жасау мәселесі бойынша министр Ирина Верещук Покровска, Мирноград және Селидово елдімекендерінің тұрғындарын басқа жаққа көшуге шақырды.
"Покровска ауданында жағдай қиын. Майданға жақын жердегі ауылдарда тұратын тұрғындарды басқа жаққа кетуі керек" деді ол.
Бұған қоса, Украина мен Ресей бір-бірінің аймақтарын да оқтын-оқтын дромен шабуылдап жатыр.
Reuters агенттігінің жазуынша, Ресей оккупациялап алған Донецк қаласының Мәскеу тағайындаған мэрі Алексей Кулемзин 18 тамызда Украинаның шабуылынан екі адам қаза тапқанын айтқан.
18 тамызда Ресейдің Ростов облысында дронның жанармай сақтау қоймасына түсіп, өрт шыққан. Бұл туралы аймақ губернаторы Василий Голубев телеграмда жазды. Оның сөзінше, өрт сөндірушілер бұл өртті сөндірген және зардап шеккендер жоқ.
Украина қарулы күштерінің бас штабы Ростов облысындағы мұнай сақтау қоймасына шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бас штаб аумақта кемі екі жер өртенгенін айтады. Украина Ростов облысындағы бұл қоймада Ресей әскері пайдаланған мұнай өнімдері бар деп санайды.
Ресей қорғаныс министрлігі ракетаға қарсы құрылғылар 19 тамызға қараған түні Белгород, Курск және Ростов облысында бес дронды қағып түсіргенін айтады. Киев бұл мәлімдемеге қатысты ештеңе демеді.
Украина тарабы Ресей Харьков облысын атқылап, тұрғын үйлер бүлініп, Купяснкіде 52 жастағы әйел жараланғанын айтады.
Ал Киевтің әскери билігінің 18 тамызда Ресей қалаға баллистикалық ракета және қанатты ракета жібергенін мәлімдеді. Киев әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Попко Ресей Киевке солтүстік кореялық KN-23 баллистикалық ракетасын пайдалануы мүмкін деп санайды.
Бұған дейін Украина әуе күштері Киев, Сумы, Полтава облысында сегіз дрон, бес ракета құлатқанын айтқан.
Соғыс уақытында тараптардың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөз арқылы тексеру қиын.
ПІКІРЛЕР