Accessibility links

Үкімет үйінде "ереже бұзған" журналисті төрт айға шектеді


Үкімет үйі
Үкімет үйі

Press.kz сайтының тілшісі Жәния Ұранқаеваға биыл желтоқсанның аяғына дейін Астанадағы үкімет үйіне кіруге шектеу қойды. Журналист бұл туралы 6 қыркүйекте Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Ұранқаеваның айтуынша, бүгін таңертең үкіметтің баспасөз қызметінің басшысы Мақсат Төлегеновтен шектеу туралы хат келген.

"Арнайы объект ішіндегі ережелерді бұзған екенмін-мыс. Ретімен айтайын. 27 тамызда үкімет отырысына барғанда баспасөз орталығын үшінші қабаттан екінші қабатқа көшіргенін білдік. Үкімет отырысы өтетін және спикерлер жүретін үшінші қабатқа көтерілуге тыйым салды. Ақпарат құралдары енді үкіметтің баспасөз орталығында ғана жұмыс істейтін болыпты. Төлегеновтен мұндай ереже қайда жазылғанын көрсетуді сұрадым. Бірақ көрсетпеді, бұл ережелер қызмет бабында пайдалануға арналған, ашық деректе жоқ деп жауап берді" деп жазды Ұранқаева.

Журналистің сөзінше, 6 қыркүйекте Төлегенов Press.kz басшысын үкімет үйіне шақырып, Ұранқаеваға қойылған шектеу туралы хатты берген.

Журналист үкіметтің баспасөз қызметінен ережелермен таныстыруды бірнеше рет сұрағанын, бірақ оған құжат қызмет бабында пайдалануға арналған деп жауап қатқанын айтты.

"Сонда бұрын-соңды көрмеген ережелерді бұзды деп айыптап отыр. Бұл цензура емей немене?" деді журналист. Ұранқаеваға бұл шешімге шағым түсіруге ниетті.

Цензура емес пе? Қазақстан шетелдік БАҚ-қа арналған ережені өзгертпек
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:57 0:00

Үкіметтің баспасөз қызметі басшысы Мақсат Төлегенов Ұранқаеваға осы жылдың аяғына дейін шектеу қойылды деп мәлімдеді. Үкіметтің баспасөз қызметі олардың ғимараты "аса маңызды мемлекеттік объект" деп, "қызметкерлер мен келушілерге арнайы бекітілген ережелер бар" деді.

Журналист "сол ережелерді бұзып, бірнеше рет айтылған ескертуді елемегені үшін" 2024 жылғы 5 қыркүйектен 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін үкімет үйіне кіре алмайды.

"Ережелерді бұзу туралы ешқандай жазбаша ескерту болған жоқ. Үшінші қабатқа көтеріле алмайсыз, бұл біздің қызмет бабында пайдалануға арналған ережеде бар дегендей ауызша айтылды. Мұны цензура мен қызметіме тыйым салу дегеннен басқа ештеңе дей алмаймын" деп жазды Жәния Ұранқаеваға желідегі парақшасында.

ҚазТАГ агенттігі журналист Ұранқаева өзекті тақырыптар бойынша шенеуніктерге үнемі "ыңғайсыз сұрақтар" қоятын деп жазды.

Үкімет БАҚ-ты неге төменге түсірді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:29 0:00

Биыл Қазақстанда БАҚ туралы заң өзгеріп, тамызда "Масс-медиа туралы" деп аталған жаңа құжат күшіне енген. Кейін мәдениет және ақпарат министрінің журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілген бұйрығы жарияланды. Министр Аида Балаева қол қойған бұйрыққа сәйкес, әрбір мемлекеттік орган журналистерге арналған ішкі тәртібін бекітеді. Ал оны екі реттен артық бұзған тілші аккредитациядан айырылып, ол органға алты ай бойы кіре алмайды.

"Журналистерді қорғау комитеті" Қазақстандағы БАҚ өкілдерін аккредиттеу ережелеріндегі кейінгі өзгерістер мен шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу ережесіне енгізуге ұсынылған өзгерістер үкіметке сын айтатын журналистердің үнін өшіруге қолданылуы мүмкін деп алаңдаған. Комитет "аккредиттеу ережелеріне жаңадан енгізілген түзетулер шектен тыс, олар цензураға кеңінен жол ашады" деп, Қазақстан билігін оларды қайта қарауға шақырған.

"Құқықтық медиа-орталық" ұйымының өкілі, заңгер Гүлмира Біржанова министр Балаеваның бастамасымен әзірленген құжатта БАҚ өкілдерінің емес, тіркеу жүргізетін мекеменің мүддесі басымырақ әрі оларға берілген құзірет шексіз деп сын айтқан.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың бәрі өз қызметі туралы айтуға мүдделі, сондықтан драма жасаудың қажеті жоқ деді.

"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 142-орында тұр.

"Баспасөзде еркіндігі шектеулі" Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG