10 қыркүйекте Алматы қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты YouTube-арнасында АЭС жайлы референдумға байланысты сауалнама жарияланған белсенді Абзал Достияровқа 15 айлық есептік көрсеткіш (55 380 теңге) көлемінде айыппұл салды. Сот белсендіні "сайлау заңнамасы талаптарын сақтамай, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізді" (Әкімшілік кодекстің 120-бабының 3-бөлігі) деп айыптады. Достияров атом электр станциясына байланысты "көрермен көзқарасын білгеніміз үшін жазықты болдық" деді.
– YouTube-арна менің атыма ашылған. Бірақ оны әйелім Дана Сәрсенбай жүргізеді. Видеоларда мен сөйлеймін, бірақ оларды әйелім монтаждап, желіге жүктейді, таратады. Хаттама толтырар кезде соны айттық, әйелім "маған толтырыңыздар" деді. Бірақ бізді тыңдамады, – деді Достияров сотта. Достияров бірнеше рет әкімшілік қамауда отырғанын, сол уақытта да арнаны әйелі жүргізгенін айтты.
Белсенді YouTube-арнасындағы сауалнаманы "бүкіл халықтың пікірі деп айтқан жоқпын" деді. Ол айыпты заңсыз, негізсіз деп есептейді.
"Сайлау туралы" заңда "қоғамдық пікірді зерттеп сауалнама жүргізуді Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттар көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы" деп жазылған. Достияровтың үстінен іс қозғаған Әуезов ауданы прокуратурасы бұған дейін комиссия жауабына сілтеп, белсендіден хабарлама келмеген деді.
Судья Ғалия Қасымова белсенді Достияров заңды тұлға болмаса да, жеке тұлға ретінде YouTube-арнасында алдағы сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізді деді. Соттан кейін Достияров қалалық сотқа шағым береміз деп мәлімдеді.
Абзал Достияров – Қазақстан билігін сынап танылған азаматтық белсенді. Ол саясаткер Жанболат Мамайдың жанында жүріп, түрлі митингіге қатысып көзге түсті. Бірнеше мәрте әкімшілік жазаға тартылып, түрлі мерзімге қамалған.
2 қыркүйекте парламент сенаты мен мәжілістің бірлескен отырысында халыққа жолдауын жариялаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты референдум биыл 6 қазанда өтеді деп мәлімдеді. Референдумда "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады. Орталық референдум комиссиясы АЭС бойынша референдум өткізуге 15,5 млрд теңге керек деді.
Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан билігінде төрт ел – Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея әзірлеген ұсыныстар бар екені хабарланған. Сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түседі деп қауіптенеді.
2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС салу тақырыбына қоғам талқысы ұйымдастырылып өткізілді. Үкімет сарапшылары ядролық энергия көмірмен жұмыс істейтін станциямен салыстырғанда таза қуаты көзі деп мәлімдеген.
Қоғамда АЭС салуға қарсылар мұндай жоба тым қымбатқа түсетінін, оған шетелдік технологиялар қажет болатынын айтып жүр. Олар бұл кейін Қазақстанды АЭС салған шет мемлекетке кіріптар етіп қоюы мүмкін деп ескертеді.
ПІКІРЛЕР