Орталық Азия елдері Талибан үкіметінің адам, әсіресе, әйел құқықтарын өрескел бұзатын қатаң саясатына қарамастан, оңтүстіктегі көршісімен қарым-қатынасын нығайтуға тырысып жатыр.
Осы айда Қырғызстан Талибанды террористік ұйымдар тізімінен шығарды. Түркіменстан газ құбыры жобасы бойынша Ауғанстанмен жұмысын жандандырды. Ал Өзбекстан Кабулмен құны 2,5 млрд доллар болатын әріптестік жайлы келісімге қол қойды. Тамызда Өзбекстанның премьер-министрі Ауғанстанға ресми сапармен барып қайтқан.
Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев 6 қыркүйекте "Бұл шара өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, диалогты ары қарай дамытуға бағытталады" деп түсіндірген.
11 қыркүйекте Түркіменстан шенеуніктері мен Талибан үкіметінің өкілдері Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (TAPI) газ құбыры жобасын қайта жандандырды. Бұл құбыр арқылы жыл сайын Түркіменстаннан Оңтүстік Азияға
33 миллиард текше метр табиғи газ жіберіледі.
Шекараға жақын Серхетабат қаласында өткен салтанатты рәсімге Түркіменстан парламенті жоғарғы палатасының ("Халық мәслихаты") төрағасы, елдің бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Талибан делегациясын осы ұйым бақылауындағы үкіметті жетекшісі Мұхаммед Хасан Ахунд бастап келді. Ол БҰҰ-ның санкциялық тізіміне ілінген.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов шараға видеобайланыс арқылы қатысты.
Құны 10 миллиард доллар болатын TAPI жобасы 1990-жылдары ұсынылған. Бірақ Ауғанстандағы соғыс пен тұрақсыздыққа байланысты үнемі кейінге қалып отырды.
Түркіменстан 1800 километрлік газ құбыры экономикасы қиын жағдайдағы Ашхабадқа қосымша табыс көзі болады деп үміттенеді.
Ал Ауғанстан жыл сайын транзит төлемдерінен 500 миллион доллар көлемінде пайда көреді.
Бірақ Батыс елдерінің Талибан режиміне қарсы санкциялары мен Кабул үкіметінің халықаралық деңгейде ресми мойындалмауына байланысты TAPI жобасының болашағы күмәнді болып тұр. Талибан режимінің ресми мойындалмауы жобаны қаржыландырып, инвестиция тартуға кедергі келтіреді.
Әлемдегі бірде-бір ел Талибан үкіметін ресми мойындамаған.
ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ САПАР
Тамызда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Орипов Кабулға барды. Ол үш жыл бұрын Талибан режимі билікке келгелі Ауғанстанға барған ең жоғары лауазымды өкілетті тұлға болды.
Сапар барысында Өзбекстан мен Талибан өкілдері энергетика, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласында құны 2,5 миллиард доллар болатын инвестиция және сауда келісімдеріне қол қойған.
2023 жылы тамызда Ауғанстан мен Қазақстан екіжақты сауда көлемін 3 миллиард долларға жеткізетінін мәлімдеген.
Орталық Азиядағы ең ірі экономика саналатын Қазақстан алғашқылардың бірі болып, 2023 жылы желтоқсанда Талибан үкіметін террористік ұйымдар қатарынан шығарды.
Талибан билікке келгелі, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Өзбекстан өкілдері Кабулға барып келсе, Тәжікстан Орталық Азияда Ауғанстанға қатысты қатаң позиция ұстанған жалғыз мемлекет болып қалды.
"ЖАҒДАЙДЫ ҚАБЫЛДАУ"
Душанбенің Ауғанстанның солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде тұратын тәжіктермен мәдени байланысы бар. Ал ауған тәжіктері көбіне пуштундардан тұратын Талибан қарсылас болып келген. Тәжікстанның ұстанымына осы фактор да ықпал еткен болуы мүмкін.
Енді Тәжікстан Талибанға қарсы саясатын жұмсартып жатқан сияқты. Тәжік сарапшылары мұны "жағдайды қабылдау" деп атады.
Тәжікстан Кабулға электр энергиясын экспорттайды. Шекараға жақын қалалардан бірнеше базар ашылған. Онда екі жақтан да жергілікті саудагерлер тауар сатады. Қос тарап Ауғанстан территориясынан Тәжікстанға шабуылдайтын содырларға қарсы күрес саласындағы әріптестік мәселесін талқылады.
Душанбе мен Кабул Тәжікстаннан көп адамды қатарына қосып алған "Хорасан" тобының ("Ислам мемлекеті" террористік ұйымының тармағы) көзін жойғысы келеді.
Ауғанстанның ақпарат құралдары Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Саймуддин Ятимовтың тамыздың соңында Талибан барлау қызметінің басшысы Абдул Хақ Уасиқпен кездескенін жазды. Тәжікстан билігі бұл ақпаратты растамады, жоққа да шығармады.
Аты-жөнін атамауды сұраған душанбелік сарапшы Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында: "Тәжікстан мен Ауғанстанның ортақ шекарасы үлкен екенін, террористік шабуылдар қаупін және экономикалық стимулдарды ескеріп, Душанбеде Талибанмен геосаяси әріптестік орнатудан басқа амал жоқ" деді.
Кей сарапшылар Душанбенің Талибанға қатысты көзқарасын өзгертуге Қытай мен Қазақстан үлес қосты дейді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда маусымда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өкілетті тұлғаларына қарата сөйлеген сөзінде Талибанды "ұзақмерзімді фактор" деп атап, Ауғанстанмен сауда-экономикалық әріптестікті дамытудың маңызына тоқталған.
ПІКІРЛЕР