Accessibility links

Израиль Ливан аумағына әскерін кіргізіп, операция бастады


Израиль тікұшағы Ливанды шабуылдап жатыр. 1 қазан.
Израиль тікұшағы Ливанды шабуылдап жатыр. 1 қазан.

Израиль 1 қазанның таңында Ливан аумағына әскерін кіргізіп, Иран демеп отырған "Хезболлаға" қарсы операция бастағанын мәлімдеді. Тель-Авивтің хабарлауынша, операция Ливанның "Хезболла" тобы бақылап отырған оңтүстік бөлігінде жүріп жатыр. АҚШ Таяу Шығыстағы қақтығыс ұлғайып кетеді деп Израильдің мұндай қадамына қарсы болған.

"Ливанның оңтүстігінде ауыр шайқас жүріп жатыр" деді Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Авихай Адраи Telegram-да араб тілінде жазылған мәлімдемесінде. "Жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін сізден солтүстіктен Ливанның оңтүстігіндегі Литани өзенінің оңтүстік жағына көлікпен шықпауыңызды сұраймыз".

Соның алдында Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы "нақты" операция бастағанын мәлімдеген.

Тель-Авивтің хабарлауынша, операцияны Израиль әскерінің элиталық 98-бөлімі бастаған. Жуырда ғана Газадан Израильдің солтүстігіне шоғырландырылған бұл бөлім Ливанда "Хезболла" бекеттерін нысанаға алмақ.

Әлемнің көптеген елі жағдайды ушықтырмауға үндеген тұста Израиль "Хезболлаға" қысым көрсетуін жалғастыра беретінін айтып, Израильдің солтүстігінде, Ливанмен шекаралас тұста әскери аумақ құратынын мәлімдеген.

АҚШ "Хезболланы" террор ұйымы деп таныса, Еуроодақ "Хезболланың" қарулы тобын қара тізімге қосқан, саяси партиясын санкцияламаған. "Хезболланың" саяси партиясы Ливан парламентінде көптеген мандатқа ие.

"Саяси эшелон шешіміне сәйкес, Израиль қорғаныс күштері бірнеше сағат бұрын Ливанның оңтүстігінде "Хезболланың" террористік бекеттері мен инфрақұрылымдарына қарсы шектеулі құрамда, жергілікті ауқымда нақты нысананы көздейтін құрлықтағы барлау операциясын бастады" делінген Израиль қорғаныс күштерінің 30 қыркүйектің кешінде жарияланған мәлімдемеде.

"Жергілікті ауқымдағы бұл құрлық операциялары Израильдің шекараға жақын қалаларына, кибуцтарына және елдімекендеріне қауіп төндіретін "Хезболла" бекеттерін нысанаға алады" деді әскер баспасөз хатшысы контр-адмирал Дэниель Хагари 1 қазанның таңында.

Кейінгі апталарда Израиль "Хезболлаға" қарсы жойқын әуе соққыларын жасап келген. Сол шабуылдардың бірінде "Хезболлаға" ұзақ жыл жетекшілік еткен Хасан Насралла мен ұйымның көптеген өзге лидерлері, санкцияланған қарулы тобының мүшелері қаза тапқан.

"Хезболланың" ірі лауазымды қызметкерлері өткен күндері "Израиль құрлықпен кіретін болса, жауынгерлеріміз дайын тұр" деген.

Құрлықтағы бұл операция басталардан санаулы сағат бұрын "Израиль Ливанда құрлық операциясын бастайтын болса, оған қалай қарайсыз деген?" сұраққа АҚШ президенті Джо Байден: "Олардың тоқтағанын қалар едім. Бізге қазір атысты тоқтату қажет" деген.

Жағдай ушыққан тұста Ақ үй мәлімдеме жасап, Вашингтон Израиль-Ливан қақтығысын дипломатиялық жолмен тоқтату керегін айтты.

Бейруттің оңтүстігінде Израиль ракетасы түскен жерден шығып жатқан қара түтін. 1 қазан.
Бейруттің оңтүстігінде Израиль ракетасы түскен жерден шығып жатқан қара түтін. 1 қазан.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро 30 қыркүйек күні Ливан астанасы Бейрутте сөйлеген сөзінде Израильді "құрлықтағы операциядан тартынып, атысты тоқтатуға" шақырды. Ол сондай-ақ "Хезболланы" да аймақтағы жағдайды ушықтыратын кез келген әрекеттен бас тартуға үндеген.

Израильдің Ливан мен Йемендегі (Иран қолдауына ие хусит көтерілісшілеріне қарсы) шабуылдары және Тегеран қолдап отырған "Хезболла" қарулы тобының Израильді "Нұр ракетасымен" (сарапшылар бұл баллистикалық ракета болуы мүмкін деген) шабуылдадық деген мәлімдемесі Таяу Шығыста үлкен соғысқа әкелуі мүмкін деген үрейді күшейтті.

30 қыркүйектің кешінде Израиль Бейруттің оңтүстігін әуеден шабуылдап, үлкен жарылыстар болған. Соның алдында Израиль әскері Бейрут түбіндегі халық тығыз орналасқан бұл елдімекендердің тұрғындарына нысанаға алынуы мүмкін үш ғимараттан алшақ жүру қажетін ескерткен.

Израиль Ливанда "Хезболлаға" операция жүргізіп жатқан тұста Иран Ливанға да, Газа секторына әскер жібермейтінін мәлімдеді.

"Иран Ислам Республикасының қосымша және ерікті күштерін жіберудің қажеті жоқ" деді Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нассер Канани 30 қыркүйек күні. Ол Ливан мен Палестина аумағындағы жауынгерлер "агрессияға қарсы күресуге шамасы жетеді" деп нақтылай түсті.

Соның алдында ғана "Хезболла" жетекшісінің орынбасары Наим Кассем Насралланың ізбасары жақын арада белгілі болатынын, сайлау "Хезболланың" ішкі тәртібі бойынша өтетінін хабарлаған. Бірақ одан өзге ақпарат айтпаған.

Насралла өткен аптада Израильдің "Хезболла" басқару орталығын әуеден шабуылдауы кезінде мерт болған. Бұл 1982 жылы Иранның демеуімен құрылған "Хезболла" ұйымына жасалған ең үлкен соққы саналып отыр. Насралла "Хезболла" қосылып, 1992 жылы оның жетекшісі атанды да, ұйымды Ливандағы ең ықпалды әскери әрі саяси күшке айналдырды.

Израиль Ливанда "Хезболланы" шабуылдауымен қатар Йеменде Тегеранға одақтас хусит көтерілісшілерінің бақылауындағы Ходейде қаласын да атқылаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG