Accessibility links

"Жалпыұлттық диалог" па, "автократтың сценариі" ме?


АЭС жөніндегі қоғамдық тыңдауға қатысушылардың бірі "Қазақстан халқы АЭС жөніндегі референдумге қарсы" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 16 тамыз, 2024 жыл.
АЭС жөніндегі қоғамдық тыңдауға қатысушылардың бірі "Қазақстан халқы АЭС жөніндегі референдумге қарсы" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 16 тамыз, 2024 жыл.

Қазақстанда 6 қазанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтті. Алдын ала жарияланған ресми қорытындыға сенсек, дауыс бергендердің 71 пайызы елде АЭС салуды қолдаған. Бұл – Қазақстандағы төртінші, Тоқаев билікке келгелі өткен екінші референдум. Бұл референдум Тоқаевқа не береді? Референдум өткізіп, "халықтың пікірін сұрау" арқылы ол "еститін үкімет" қағидасын орындады ма?

"ЖАҢА САЯСИ МӘДЕНИЕТ" ҚАЛЫПТАСА МА?

Атом электр станциясын салу бойынша референдум өтетін күнді жариялаған биылғы жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл науқан "кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі" болады деген. Бұған қоса ол кейінгі кезде сиректеу айтылып жүрген "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидасын тағы бір еске салып, "осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз" деп мәлімдеген.

Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс берген Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы елде АЭС салуды қолдады деп хабарлады.
Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен жалпыұлттық референдумда дауыс берген Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы елде АЭС салуды қолдады деп хабарлады.

7 қазанда Орталық референдум комиссиясы АЭС салу мәселесі бойынша дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялағаннан кейін парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында елде "жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын" айтты: "Әр азамат қоғам үшін маңызды мәселелерді шешу ісіне тікелей араласып, ел тағдырына өзінің қатысты екенін сезінеді. Бұл – демократияның іс жүзіндегі көрінісі" деді Қошанов. Ол – АЭС салу туралы президент бастамасын қолдаған "Аманат" партиясының жетекшісі.

6 қазандағы референдум мұның алдындағы президент және парламент сайлауларымен салыстырғанда біршама тыныш өткенімен, мұнда да белсенділерді қамау, бақылаушыларға кедергі келтіру жайттары тіркелді. Азаттық сөйлескен сарапшылар осы жайттарға қарап, Қазақстанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезінде қалыптасқан авторитар мемлекетке тән саяси мәдениет әрі қарай жалғасып жатыр деп есептейді.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚАМАУ

Белсенділерді қамау туралы ақпарат бұл референдум қарсаңында да жиі айтылды. "Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның мәліметі бойынша, науқан қарсаңында Қазақстанда 30-ға жуық белсенді қамалды. Олардың ішінде "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды" деген себеппен екі айға қамалғандар да бар. Кейбір құқық қорғаушылар мұны референдум қарсаңында белсенділікті басу, тыныштандыру деп сипаттайды.

Елде АЭС-ке қарсы "митинг жоспарланған жерлерде" күзет күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:24 0:00

Тәуелсіз ұйымдар арасында "АЭС құрылысына қарсымыз" деген пікір айтуға шектеу барын, митинг өткізуге мүмкіндік берілмей жатқанын айтқандар болды. Мәселен белсенді Эльвира Бекзадинаның сөзінше, белсенділер "STOP АЭС" қозғалысын құруға тырысқан, бірақ ресми тіркетуге қол жеткізе алмаған. Ол 5-6 қазанда АЭС құрылысына қарсы митинг өткізуге жергілікті әкімдіктерге 45 рет хабарлама жібергенін, барлығына "келісім берілмейді" деген жауап алғанын айтады.

Белсенділер мен эколог мамандар құрған "АЭС керек емес" деген платформа аясында жария талқы ұйымдастырмақ болғандардың әрекеті сәтсіз аяқталды. Талқы ұйымдастыратын қонақүй соңғы сәтте шараны өткізуден бас тартқан. Ұйымдастырушылар бұған билікке жақын АЭС жақтастары себеп болды деп топшылайды.

Ал билік өкілдері Азаттықтың бұл жөніндегі сұрақтарына үнемі бір сарында жауап береді. 6 қазанда ұсталып жатқандар туралы Азаттық сауалына сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: "Менің білуімше, ол азаматтар саяси бір көзқарасы үшін емес, заңды бұзғаны үшін сондай мәселелер көтеріліп жатыр. Қазақстан азаматтарының құқықтары, саяси құқықтары шектелмейді. олардың саяси көзқарасын айтуға барлық мүмкіндігі бар. Бірақ мұның барлығы заң аясында болу керек" деп жауап берді. Ал мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: "Бізде заң бар, бізде тәртіп бар. Сондықтан сол заңды ешкім бұзбауы керек, тәртіпті сақтауы керек. Сондай кезде ешқандай әңгіме болмайды деп ойлаймын" деді.

ЖАРИЯ ТАЛҚЫ ШЫНАЙЫ БОЛДЫ МА?

Қазақстан үкіметі кейінгі бір жылда өңірлерде АЭС салу мәселесі бойынша 20 жария талқы өткізген. Тоқаев қыркүйектегі жолдауында қазақстандықтар АЭС салу мәселесін бір жыл бойы егжей-тегжейлі талқылағанын айтқан. Десе де, кей сарапшылар қоғамдық пікірді анықтайтындай көп әрі ашық талқылау жеткілікті деңгейде өткізілмегенін айтып жүр.

"Жиын - АЭС-тің жарнамасы". Алматыда қоғамдық талқы қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:27 0:00

Астанадағы жария талқының қалған қалаларда өткен жария талқылаулардан айырмашылығы аз болды: мұнда да АЭС-ке қарсы спикерлер баяндама оқуға шақырылмаған; баяндамаларда тек атом станцияларының "артықшылықтары" туралы ғана айтылды; спикерлер шамамен он минут сөйлеп, ал сұрақ қойғысы келгендер ой-пікірін екі минуттың ішіне сыйдыра алмай қиналды. Екі минутта сөйлеп бітпеген тұрғындардың микрофоны өшіріліп, кейбірін микрофон тұрған жерден тықсырып тастады.

Шалқар Нұрсейіт бұл жиындарды жария талқы деп атауға болмайды дейді. "Бір жыл бойы [Қазақстан үкіметі өткізген АЭС бойынша жиындарды] жария талқы деуге келмейді. Бір жыл бойы насихаттау, біржақты пропаганда жұмысы жүрді" деді саясаттанушы.

АЭС туралы референдум учаскесінде дауыс бергеннен кейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.
АЭС туралы референдум учаскесінде дауыс бергеннен кейін мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 6 қазан, 2024 жыл.

Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл талқыларды "қоғам мен билік арасындағы диалогтың" көрінісі деп сипаттады.

– Негізінен сарапшылар арасында [талқы] өтіп жатты. Себебі бұл – өзіндік ерекшелігі бар мәселе. Сол үшін де бұл ұзақ өтті. Бірақ мүмкіндігінше азаматтарға бар ақпаратты бердік. Барлық сарапшылардың, барлық тараптардың пікірін жеткізу үшін талқылар бір жылдан астам уақыт алды, – деді Қарин 6 қазанда дауыс беріп шыққан соң.

СӨЗ ЕРКІНДІГІ ШЕКТЕЛЕ ТҮСТІ МЕ?

Сайлау, референдум қарсаңында әлеуметтік сауалнама жүргізуге бұрыннан талап күшті болатын. Алдыңғы сайлау, референдум кезінде біршама әлеуметтану институттары қойылатын талаптарға сай болса да, Орталық сайлау комиссиясының рұқсатын ала алмағанын айтқан. Бұл жолы да солай болды. Бір жаңалығы – енді ақпарат құралдары халық арасында жүргізетін журналистік сұрақ-жауаптың өзі әлеуметтік сауалнамаға теңестірілді ме деген қауіп бар.

АЭС пен жаза, БАҚ-тағы үгіт, үнсіздік күні – AzatNEWS | 04.10.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:03 0:00

3 қазан күні Орал соты "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Есләмоваға "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп айыппұл салды. Журналист YouTube-те халықтың референдумға қатысты пікірін сұраған видеолар жариялағаны үшін айыппұл салынғанын айтты. Бұл жайт журналистер қауымы арасында "сайлау не референдум қарсаңында халық арасында сауалнама жүргізуге болмай ма?" деген заңды сұрақ туғызды.

"Аманат" партиясының мәжілістегі фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсембаевтың Азаттыққа айтуынша, "Уральская неделя" басылымы журналистік сұрақ-жауаптан бөлек, "өздеріне тиесілі сайтта "Атом электр станциясын салуды қолдайсыз ба, қолдамайсыз ба? "Иә" не "жоқ" деп жауап беріңіз" деп әлеуметтік сауалнама жүргізген". Депутаттың пікірінше, бұл жерде әңгіме ғылыми әлеуметтік сауалнама туралы болып отыр. Бұл салада бес жыл тәжірибесі бар ұйым ОСК-ға алдын ала ескерту жіберсе, үш күн ішінде рұқсат алып, жұмыс істей береді деді ол.

КІМДЕР САУАЛНАМА ЖҮРГІЗДІ?

Алайда, Азаттық сөйлескен сарапшылар мұндай сауалнама жүргізуге тек билікке ыңғайлы ұйымдар ғана рұқсат алады деп біледі. PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев билік "балама көзқарастағы медиада көрсетпеудің амалын" жасап отыр деп есептейді.

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев

"[Қазақстан билігінде] референдумға қатысты барлық тәуелсіз ақпарат көзі мен тәуелсіз зерттеу орталықтарынің мәліметін мейлінше шығартпау мақсаты болған секілді" деді сарапшы.

Бейсембаев жетекшілік ететін PaperLab зерттеу орталығы референдум қарсаңында сауалнама жүргізу мақсатында Орталық референдум комиссиясына өтініш берген. Бірақ комиссия рұқсат етпеген. Ондағы себеп – зерттеу орталығы халықаралық көздерден қаржы алады.

MediaNet халықаралық журналистика орталығы жанындағы Demoscope қоғам пікірінің экспресс-мониторинг бюросының өткен айда берген өтінішін де билік кері қайтарған.

Айта кеткен жөн, бұл екі институт былтыр қазанда АЭС салу бойынша қоғам пікірін анықтауға мүмкіндік алған. Ол кезде зерттеуге қатысқандардың 46,6 пайызы АЭС салуды қолдайтынын, ал 37,7 пайызы қарсы екенін білдірген.

Әлеуметтанушы Бейсембаев Орталық референдум комиссиясы бір институтқа "бір рет рұқсат бергеннен кейін екінші рет те рұқсат беруі керек еді" дейді.

АЭС бойынша жария талқыға қатысушылардың бірі "АЭС-ке иә деп айт" деген жазу көтеріп отыр. Астана, 20 тамыз, 2024 жыл.
АЭС бойынша жария талқыға қатысушылардың бірі "АЭС-ке иә деп айт" деген жазу көтеріп отыр. Астана, 20 тамыз, 2024 жыл.

Референдум қарсаңында құрылтайшысы үкімет болған әрі билікке жақын партия еншісіндегі институттар өткізген сауалнамалар АЭС құрылысын қолдайтындар көбейгенін көрсетті. Мысалы, Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты тамызда және қыркүйекте сауалнама жүргізіп, елде АЭС салу идеясын қолдайтын қазақстандықтар қатары 53-тен 60 пайызға өскен деп мәлімдеді.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайтын Қазақстандық қоғамдық даму институты (67%) мен "Аманат" партиясының Қоғамдық саясат институты (59,3%) жүргізген жалпыұлттық сауалнама нәтижесі де осыған ұқсас.

"[Қазақстанда] сайлау кезінде exit poll-ды билік өзі алдын ала келіскен ұйымдар ғана өткізе алады. Олардың нәтижелері де ресми нәтижені 2-3 пайыз айырмашылықпен қайталайды. Бұл да бір пропаганда құралына айналған. Сондықтан олар [жүргізген зерттеулер] шынайы жағдайды көрсетеді деп айту өте қиын", – деді Бейсембаев.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл референдум Тоқаев айтқандай "жалпыұлттық диалогқа" ұқсамайды деген пікір айтты. "Тоқаев классикалық мағынадағы автократ ретінде өзіне керек нәтижені өзі қалаған сценарий бойынша өткізіп алды" деді ол.

"Қаншама азаматтың [АЭС құрылысына] қарсы екенін көріп жатырмыз. Олардың АЭС-ке байланысты үні еш естілген жоқ" – деді Шалқар Нұрсейіт.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG