Accessibility links

Шерзат Полат ісі: Хасан Қасымбаев қылмысқа қатысы жоғын айтты. Желіде жанжал күнгі тағы бір видео тарады


"Қамажай" дүкені алдына кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзаттың суреті қойылған. Жұрт осында гүл әкеліп, плакатқа марқұмға арнау сөздер жазған. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.
"Қамажай" дүкені алдына кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзаттың суреті қойылған. Жұрт осында гүл әкеліп, плакатқа марқұмға арнау сөздер жазған. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.

14 қазанда әлеуметтік желіде өткен аптада Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адаммен жанжалда 16 жастағы Шерзат Полат мерт болғанға дейін дүкен алдындағы алыс-жұлыс кезінде оның әкесі Қаржаубай Нұрымов түсіп қалған қысқа видео тарады. Видеоны көрген кейбіреулер "ол пышақ алып жүрген" деген долбар айтты. Қаржаубай Нұрымов осы видеоға қатысты мәлімдеме таратты.

– Олар пышақпен келді. Мен қалам немесе қағаз алып шықпайтын шығармын. Жалынып, жалбарынып сұрадым, қолдарын алдым. <...> Мен, Шерзат немесе Нұрқанат (Қаржаубай Нұрымовтың туысы – ред.) сол жерде қан төксек, бізді қаралап, "қанішер" десеңіздер болады. Мен қан төккен жоқпын, қан төкпеймін де, – деді Нұрымов TikTok-тағы парақшасында жариялаған видеосында. Ол "өзімді не жақындарымды ақтап тұрған жоқпын, тек сот әділ өткенін қалаймын" деді.

Қаржаубай Нұрымов үй-ішімен бірге Алматы қаласынан, облысынан аман-есен шығып кеткісі келетінін айтты. "Осыны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұраймын, болмаса басқа мемлекетке бала-шағамды алып шығып кетемін" деп мәлімдеді ол.

Бұған дейін бірнеше басылым мен телеграм-арна "Шерзат Полаттың өліміне күдіктілерге "Хутор" қылмыстық тобының қатысы бар" деп жазған. 10 қазанда Алматы облысының полициясы жасөспірімнің қазасына қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін деген деректі жоққа шығарды. Полиция өкілі Талғарда "Хутор бандасы" дейтін құрылым жоқ" деп мәлімдеді. "Хутор" – Талғардағы Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы.

14 қазанда сол ауылдың ондаған тұрғыны жиналып, халыққа үндеу жасады. Олар "Хутор" бандасының басшысы-мыс деп аталып жатқан Хасан Қасымбаевқа араша түсіп, ол осы ауылға көмектесіп жүрген адам деп мәлімдеді.

Хасан Қасымбаевтың өзі де видеосұхбат беріп, желіде айтылып жатқан "банда, ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ – ред.) дегенге қатысым жоқ" деп, өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады.

– Заңға қайшы ешқандай мәселе болған емес, сотталмағанмын. "Інісі сотталған" деп айтып жатыр. Ол 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң органдарына барып арыз жазсын. Болған оқиға бойынша қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазасын алады деп ойлаймын, – деді Қасымбаев видеоүндеуінде. Ол туған бауыры Аслан Қасымбаев қазіргі кезде Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінде екенін растады.

Шерзат Полаттың өліміне байланысты "Адам өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, күдікті жеті адам ұсталып, екі айға қамалған. Марқұмның жақындары бұған дейін "күдіктілердің бәрі ұсталған жоқ" деп, биліктен тергеу әділ әрі ашық болуын талап еткен. Шерзаттың туыстары түрлі қоқан-лоқы, қорқытып-үркіту көріп жатқанын айтып шағынған.

12 қазанға қараған түні Талғар ауданы Азат ауылындағы Шерзаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті. Өрт кезінде үйде ешкім болмаған. Алматы облысының полиция департаменті оқиғаны Қылмыстық кодекстің "Өзгенің мүлкін қасақана жою" бабы бойынша тергейтінін хабарлады. Қара жамылған отбасының үйі өртенген соң Талғарда полиция күзеті күшейді.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні Қаржаубай Нұрымовтың отбасы жалға алып отырған дүкен маңында болған. Дүкенге келген тұтынушылардың бірі алған бір құты сыраның ақшасына бола жанжал шыққан. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы жақынына араша түсіп, әлгі адамның дүкеннен кетуін талап еткен. Бірақ ол таныстарына хабарласып, кейін дүкенге бірнеше көлік келген. Ақпаратқа қарағанда, әлдекімдер жасөспірім мен ағасын алдымен ұрып-соққан, кейін Шерзатқа пышақ сұққан. Туыстары зардап шеккен екеуін ауруханаға апарған, бірақ пышақ жанды жеріне тиіп, өлімші болып жараланған жасөспірім ұл ауруханада көз жұмған.

Талғарды күзету, «Хуторға» араша сұрау, Қаңтарды еске алу – AzatNEWS | 14.10.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:34:29 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG