Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Гудермес қаласындағы Ресей арнайы күштері университетіне жасалған дрон шабуылынан тұтқында отырған Украина сарбаздары қаза тапты деді.
"Бұған дейін айтқанымдай, шабуылдан бізден құрбан болғандар жоқ. Бірақ! Тұтқындағы Украина сарбаздарынан [қаза тапқандар] бар. Республикадағы әрбір стратегиялық нысанда онға жуық Украина тұтқыны, соның ішінде Ресей арнайы күштері университеті аумағында да отыр. Киев бізге кесірін тигіземін деп, өз сарбаздарын өлтірді", – деп жазды Шешенстан басшысы телеграм-арнасында.
Қадыров сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді. Украина тарабы оның бұл мәлімдемесіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
29 қазанда Шешенстандағы Гудерместе орналасқан Ресей арнайы күштері университеті аумағындағы ғимараттың шатыры өртенді. Қадыров Шешенстандағы нысанға "Киевтің дроны шабуылдады" деп отыр. Азаттықтың Орыс қызметі жариялаған спутниктен түсірілген суреттен оқу орталығы шатырынан әуеге түтін көтерілгені байқалады.
Бұл – Украинада соғыс басталғалы бері Шешенстан аумағындағы нысанға дрон шабуылдағаны белгілі болған алғашқы жайт.
Украина дереккөздері дрон Шешенстанға жақын Дағыстан аумағынан ұшқан, ал шабуыл Қадыров араласқан Wildberries маркетплейсінің айналасындағы дауға байланысты деп айтты. Шешенстан басшысы бұған дейін "маған қастандық жасауға дайындалып жатыр" деп Ресей федерация кеңесінің мүшесі, дағыстандық миллиардер Сүлейман Керімовті және Ресей мемлекеттік думасының екі депутаты – Дағыстанда туған Ризван Құрбанов пен Ингушетиядан шыққан Бекхан Барахоевті айыптаған.
Ресей арнайы күштері университеті Гудерместе 2013 жылы ашылған, биыл оқу орталығына Ресей президенті Владимир Путиннің есімі берілді. Шешенстан билігінің мәліметінше, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін осы университетте мыңдаған адам дайындалып, соғысқа аттанған.
ПІКІРЛЕР