Accessibility links

Грузин жолаушылар ұшағы 2008 жылдың тамызынан кейін Ресейге алғаш рет ұшып келді


2008 жылғы 8 тамыздан кейін алғаш рет Мәскеуге ұшқалы тұрған грузин әуе компаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағы. Тбилиси әуежайы. 8 қаңтар 2010 жыл.
2008 жылғы 8 тамыздан кейін алғаш рет Мәскеуге ұшқалы тұрған грузин әуе компаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағы. Тбилиси әуежайы. 8 қаңтар 2010 жыл.

Ресей мен Грузияның арасындағы тікелей әуе қатынасы қайта жалғанды. Әзірге Кремль Грузияның әуе компаниясына 8-10 қаңтар аралығында Ресейге чартерлік қатынаспен 3 рет ұшуға ғана рұқсат берді. Ресей-Грузия әуе қатынасы 2008 жылы тамыз айында үзіліп қалған болатын.


17 АЙҒА СОЗЫЛҒАН ҮЗІЛІС

Жұма, қаңтардың 8-күні 85 жолаушысы бар Грузияның әуе кемесі Мәскеу әуежайына келіп қонды.

Бастапқыда Грузия әуе компаниясы қаңтардың 8, 9 және 10 күндері Тбилисиден Ресейге қарай 5 рет, соның ішінде 3 рет Мәскеуге және 2 рет Санкт-Петерборға жолаушы алып ұшып барып қайтуды жоспарлаған болатын.

Ресейдің Көлік министрлігі грузин әуе компаниясына қаңтардың 8-10 күндері Тбилиси-Мәскеу-Тбилиси бағытында, қаңтардың 9 мен 10 күндері Тбилиси-Петербор-Тбилиси бағытында қатынауға ресми рұқсат берді.

Алайда Грузияның «Airzena-Georgian Airways» әуе компаниясы сұраныстың болмауы себепті Санкт-Петербор бағыты бойынша қатынаудан бас тартатынын мәлімдеді. Әйткенмен, Грузияның ресми өкілдері алдағы уақытта Тбилиси мен Ресей қалаларының арасында тұрақты әуе қатынасы орнайды деп үміттенеді.

Бақылаушылар жұма күнгі әуе қатынасын Ресей мен Грузия арасындағы қарым-қатынастың жыли бастауының нышаны деп жориды.

Кремль Грузиямен арадағы тікелей әуе қатынасын 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы 5 күндік соғыстан кейін үзген болатын. Грузияның сепаратистік Оңтүстік Осетия республикасында болған ол соғыста Ресейдің грузин шабуылына тойтарыс бергені мәлім.

Ресей мен Грузия арасындағы ұшақ қатынасы 2008 жылдың тамыз оқиғасына дейін үзіліп қайта жалғанған болатын. Атап айтқанда, екі жақтың қарым-қатынастың күрт бұзылуы салдарынан 2006 жылы үзілген Ресей-Грузия тікелей әуе қатынасы 2008 жылы уақытша жалғанды. Алайда, 2008 жылдың тамызындағы грузин-орыс соғысының салдарынан тағы да үзілген еді.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Осы күнге дейін Жоғарғы Ларс мекеніндегі орыс-грузин бақылау өткелі – Оңтүстік Осетия мен Грузияның тағы бір сепаратистік республикасы болып табылатын Абхазия жерінен тыс орналасқан жалғыз шекара бекеті болып келді.

Өткен желтоқсан айында Ресей президенті Дмитрий Медведев грузин азаматтарына Ресейге визасыз кіру құқын беріп, грузин шарабының импортына қойылған шектеуді жойды және әуе қатынасын қайта жалғауға ешқандай тосқауылдың жоқтығын мәлімдеді.

Осы аптада орыстың православие шіркеуі өзінің басшысы Патриарх Кирилдың жуырда Грузияға сапарға баратынын хабарлады.

Бірақ сонымен бірге Кремль грузин президенті Михаил Саакашвилимен келіссөзге отырмайтынын мәлімдеді. Әйтсе де аталған екі ел екіжақты дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруге тиіс.

Кремль Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздіктерін ресми түрде мойындаған 2008 жылдың қыркүйегінде Грузия Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген болатын.
XS
SM
MD
LG