Accessibility links

Қарағандылық ғалымның еңбегі Ресейде жоғары бағаланып, арнайы сыйлықпен марапатталды


Нүркен Мырзаханов, биология ғылымдарының докторы, профессор. Қарағанды, 2 наурыз 2010 жыл.
Нүркен Мырзаханов, биология ғылымдарының докторы, профессор. Қарағанды, 2 наурыз 2010 жыл.

Нүркен Мырзахановтың адам және жануар ағзасының лимфа жүйелерін зерттеу жөніндегі ғылыми жұмысы Ресейдегі халықаралық ғалымдар қауымдастығының жоғарғы бағасына ие болды. Оған биология және медицинаға сіңірген еңбегі үшін арнайы сыйлық тапсырылды.


ҒАЛЫМДАР БӘЙГЕСІ

Қарағандылық ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Нүркен Мырзахановтың адам және жануар ағзасының лимфа жүйелерін жақсарту арқылы организмді түрлі дерттерден тиімді қорғауға болатыны жөнінде жасаған зерттеу жұмысы халықаралық ғалымдар қауымдастығының жоғарғы бағасын алды.

Нүркен Мырзаханов аталған ұйымның қолдауына ие болған қазақстандық алғашқы ғалым. Оның ғылыми еңбегі «Өмірім – кәсібім» атты байқауының билогия және медицинаға сіңірген еңбегі үшін номинациясында үздік деп танылды.

– 2009 жылдың күзінде Ресей астанасы Мәскеуде үлкен ғылыми конференция өтті. Сол жиында адам және жануарлар ағзаларының лимфа жүйелерін реабилитация жасау туралы жазған еңбегім бойынша баяндама жасадым. Содан соң сарапшылар ол баяндаманы халықаралық байқауға жолдайтындарын айтқан еді. Ол байқауға 57 елдің ғалымдарының еңбектері қатысады екен.

Содан кейін сол былтырғы жылы желтоқсан айында маған хат келді. Онда халықаралық байқаудың лауреаты атанғаным хабарланып, 2010 жылдың ақпан айының 13-күні Мәскеу қаласында өтетін марапаттау рәсіміне шақырту жіберіпті, – дейді Нүркен Мырзаханов.

Қарағандылық ғалым аталған күні Ресей астанасында «Космос» концерттік залында өткен марапаттауға қатысып қайтты. Өз есебінен Мәскеуге барып-қайту да ғалым үшін ежәптеуір шығынға түскен.

– Берген сыйлықтары 4 түрлі заттан тұрады екен. Біріншісі, рубин мантиясы, шапан сияқты екен, соны жапты, екіншісі – орден. Ол «намыс, ерлік, жасампаздық» деп аталады. Үшіншісі – қоғамдық тану серификаты, ал соңғысы халықаралық ғалымдар қауымдастығының эмблемасы құйылған мүсін болды. Сыйлықты табыстау салтанатына Ресей және шет мемлекеттердің үлкен ғалымдары мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Бір айта кететіні, мұның алдында түрлі номинациялар бойынша осындай сыйлықтарды Ресейдегі православ діні қауымының бұрынғы жетекшісі, марқұм ІІ Алексий, әйгілі кардиохирург Евгений Чазов, мәдениет қайраткері Елена Образцова сияқты ұлы тұлғалар иемденген көрінеді. Мен бұл сыйлықты алған қазақстандық алғашқы адам болдым, – дейді Нүркен Мырзаханов.

ЗЕРТТЕУ ТАҚЫРЫБЫ

Қарағандылық биолог-ғалым туған жерінде де түрлі ғылыми еңбектері арқылы танылып, көптің қолдауын тауып жүрген адам. Нүркен Мырзахановтың айтуынша, адам ағзасында 420-ға жуық түрлі бездер болады. Олардың түрлі жағдайларда алған әсерлерге қарай жиырылатынын ғалым осыдан 20 жыл бұрын анықтаған екен. Ол ресми, обьективті түрде қабылданып жаңалық ретінде тіркелген.

Мәскеуде жасаған баяндамаға негіз болған да осы ағзаның лимфа жүйесі. Ғалымның дәлелдеуге тырысқаны – ағзаның ішіндегі иммундық жүйеге тікелей әсер етіп, оның өміршеңдігін қамтамасыз ететін заты лимфа бездері.

– Сол лимфа бездеріне назар аударып, олардың функциясын жақсарту арқылы бүкіл ағзаның иммундық жүйесін үнемі қалыпты деңгейде ұстауға болады. Ал ағзадағы иммундық жүйенің жұмыс істеуі түрлі ауруларға төтеп беруге және ағзада анықталған дерттен тазаруға үлкен ықпал етеді. Түрлі сұйықтық бөлетін бездерді үнемі тазалып отыру үшін құрамы өзгертілген суды пайдалану осы ғылыми зерттеу жұмысының мәйегі болып табылады, – дейді ғалым.

Нүркен Мырзаханов құрамы өзгертілген суды қолдану мәселесі бойынша зерттеу жұмысының жалғасып жатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG