Accessibility links

Кіндіктен төмен түсіп кеткен тәуелсіз Қазақстан рәміздері базардан табылады


Киім-кешек базарында сатылып жатқан ерлерге арналған ішкиімдер. Қарағанды, 12 наурыз 2010 жыл.
Киім-кешек базарында сатылып жатқан ерлерге арналған ішкиімдер. Қарағанды, 12 наурыз 2010 жыл.

Қарағандының киім-кешек сатылатын орталық базарында Қазақстан туындағы кереге қанат қыран бейнеленген ерлерге арналған ішкиімдер сатылып жатыр. Қытайдың трикотаж фабрикаларының өнімдерін сатушы – Қарағанды базарын жаулап алған алыпсатарлар бұл тауарлардың арзандығы мен өтімділігін айтады.


"ДАМБАЛДЫҢ АУЫ МЕН БАУЫН" БЕЗЕНДІРГЕН РӘМІЗДЕР

Базарға бара қалсаңыз: «Тайке, байке, алыңыз! Арзан. Сапалы» деп сұңқылдаған дауыстар құлағыңның құрыш етін жейді. Арзандығын салмақтап сізге тықпалап жатқан ерлер киетін іш киімнің ышқыр қысар тұсына жүргізілген Қазақстан туына түстес көгілдір жолақ бірден назарыңызды аударады.

Жолақтың үстінен тура тудағыдай сары бояумен «Қазақстан» деген сөз ағылшын тілінде баттита жазылыпты. Жан-жағына қыран бейнесі салынған.

Ерлердің балақсыз шолақ-шолтаң іш киімінің сол жақ сан киілер тұсында – Қазақстан картасы да көзге түседі. Ол да сол аспан түстес байрақ бояуымен боялған. Картаның дәл ортасында – алтын күн, оның астында қанат жайған дала қыраны қалықтап тұр.

– Күн астындағы көршілердің қазақстандық қасиетті рәміздерді мазақ қылғандай, намысты нанша турағаны бір бұл емес. Осыдан бірер жыл бұрын ішкі Қытайда бір шағын кәсіпкер тудың суреті салынған эмальды құрылыс бояуларын шығарған. Ал, мынау Арқаның төрінде, жайма базарда жарапазандап сатылып жатыр. Ішкиімді көргенде эмаль бояу қалбырындағы сурет тойдың басы ғана екен дерсің. Рәміздеріміз кіндіктен төмен тұстан табылғанда намысымыз қай деңгейде екенін ойлай беріңіз, – дейді базарда кездескен қарағандылық тұрғын Қайырбай ақсақал.

«БҰЛ ТАУАРЛАР ЖАҚСЫ ӨТЕДІ»

Осыған ұқсас тағы бір көріністі Қарағандыдағы «Бейбарыс» сауда үйлеріндегі аяқ киімдер сатылатын бұрыштан байқадық. «Жұпар иісі аңқыған» қытайлық арзанқол тәпішке сыртында да Қазақстанның көк туы бейнеленіп, оған да «Қазақстан» деп жазылып қойыпты!

Қарағанды қаласындағы орталық базардағы Анар есімді сатушы қыз Қазақстан туы мен елтаңбасы бейнеленген тауарлар сұранысқа ие екенін айтады.

– Біз Алматыдан әр жұманың сәрсенбі күндері мұнда тауар әкелеміз. Тауарды Алматыдағы Барахолкадан аламыз. Қазақстан туы бар трусилерді көптеп аламыз, өйткені ол жақсы өтеді, – дейді Анар.

Ана бір жылдары Батыстың, мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдердің жалпақ жарнамасының арасында қыз-жігіттерінің мемлекеттік туларын дамбал етіп киіп алғанын көріп, мазақ ететін қазақ, он жыл өтпей сол мазаққа өзі де жетіп алғанын аңғарар емес.

Беделді халықаралық спорттық жарыстарда кроссовка, кеды тәріздес аяқкиімдердің сырты шетелдік тулармен безендірілсе, арзанқол қытай аяқкиіміндегі Қазақстан байрағы тауардың өтімділігіне қызмет етіп, әлеміш жарнама жүгін көтеріп тұр.
XS
SM
MD
LG