Accessibility links

Польша президенті отырған ұшақтағылардың барлығы апаттан қаза тапты


Смоленск облысында апатқа ұшыраған Польша үкіметі ұшағының қирандысы, 10 сәуір 2010 жыл.
Смоленск облысында апатқа ұшыраған Польша үкіметі ұшағының қирандысы, 10 сәуір 2010 жыл.

Сенбі күні Ресей елінің аумағында апатқа ұшыраған Ту-154 ұшағында Польша президенті Лех Качиньский зайыбымен, сондай-ақ елдің бірқатар лауазымды тұлғалары болған. Польша халқы ұшақ апатында қаза болғандарды жоқтап, бір апта бойы аза тұтатындығын жариялады.


Польша президенті Лех Качиньский отырған Ту 154 ұшағы Смоленскіге бара жатқан болатын. Апат салдарынан ондағылардың бәрі – 132 адам түгелдей қаза болғаны туралы Ресейдің Смоленск облысының губернаторы Сергей Антуфиев хабарлады.

Оның айтуынша, ұшақ жергілікті уақытпен сағат 10.50 кезінде Смоленск облысындағы Печерск қаласының түбіндегі «Северный» әуежайына қонуға бет алған кезде апатқа ұшыраған.

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының хабарлауынша, Лех Качиньскиймен бірге ұшақта оның әйелі Мария, мемлекет
Польша президенті Лех Качиньский және оның зайыбы Мария. Чикаго, 25 қыркүйек 2007 жыл.
басшысы қызметіне кандидат Ежи Шмайдзинский, Ұлттық еске алу институтының жетекшісі Ян Куртыка және өзге де ресми тұлғалар болған.

Бұған дейін Польша сырты істер мекемесіне сілтеме жасап таратылған ақпаратта президент Качиньскиймен бірге Ресейге ұшып бара жатқандардың арасында Польша бас штабының бастығы, сыртқы істер министрінің орынбасары Анджей Кремер, Польша орталық банкінің басшысы, парламент депутаттары мен бірқатар қоғамдық қайраткерлердің болғандығы айтылған еді.

Лех Качиньский бастаған делегация ,1940 жылы Катынь орманында НКВД-ның қолынан мыңдаған поляктың қаза болғанына 70 жыл толуына орай, Ресейдің Смоленск аймағындағы Катынь құрбандарын еске алу кешеніне марқұм отандастарының рухына тағзым ету үшін ұшып бара жатқан болатын. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара биыл сәуірдің 10-да өтеді деп жоспарланған-ды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, ел президентінің оқыс қазасына байланысты мемлекет басшысының қызметін уақытша атқару
Польша халқы ел астанасындағы президент сарайының алдына келіп, дәл осы күні Ресейдің Смоленск облысында ұшақ апатында қаза тапқандарды жоқтауда. Варшава, 10 сәуір 2010 жыл.
міндеттемесі Польша парламентінің спикері Борислав Коморовскиге жүктелген.

«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Польшадағы тілшісі Михаел Хиршман Варшавадағы жағдайды былай жеткізді:

– Бұл суық хабар жеткенде, мен президенттік сарайға жақын жерде жүрген едім. Адамдар бірден бұл жерге жиналып, гүлдер мен шырақтар әкеліп жатты. Барлық ақпарат құралдары көліктерімен қаптап кетті.

Ақпарат агенттіктеріні хабарлауынша, Польшадағы кейбір үйлердің терезесін қара перделер жапқан.

Президенттік сарай маңына жиналған Варшава тұрғындары қаралы хабарға қабырғалары қайысып отырғанын айтты:

– Мен мұнда шырақ жағуға келдім, өйткені біздің бұрын соңды болмаған ең жақсы президентіміз қаза болды. Шынымен, өкінішті.

– Менің жүрегім бүгін қайғыдан қақ айрылайын деп тұр.

Ресейдің «Россия-24» телеарнасы Катынь ескерткіші жанында қолдарына Польшаның туын ұстаған жүздеген адамның қайғырып, жылап жатқанын көрсетті.

60 жастағы Лех Качиньский 2005 жылы Польшаның президенті болып сайланған еді. Ол өзінің президенттік орынға екінші қайтара түсетінін айтқан. Онда Дональд Туск жетекшілік ететін партияның кандидаты Коморовскимен бәсекелестік күшті болады деп күтілген.

Польша президенті мінген Ту-154 ұшағы Совет кезінде жасалған әрі бұл ұшақ 20 жыл пайдаланылып келген.

Авиациялық қауіпсіздік жүйесінің деректеріне қарағанда, Ту-154 ұшағына қатысты 66 апатты оқиға тіркелген. Оның алтауы соңғы бес жылдың ішінде болған. Ресейдің «Аэрофлот» компаниясы жақында Ту-154 ұшағын пайдаланудан шығарып тастаған-ды.

Сенбі күні Польша премьер-министрі Дональд Туск ел президентінің ұшақ апатынан қаза болғаны туралы суыт хабардан кейін Варшавада үкіметтің төтенше жиынын өткізді.

Польша халқы ұшақ апатында опат болғандарды жоқтап, жеті күн бойы аза тұтады. Сондай-ақ Ресей президенті Дмитрий Медведевтің жарлығы бойынша, 12-сәуірде Ресейде ұлттық аза тұту күні жарияланды.
XS
SM
MD
LG