Accessibility links

Орталық Азияда Өзбекстанның ықпалы үздіксіз өсіп келеді


Арнайы полиция жасағы Ташкенттің шеткі көшелерін бақылап жүр. Ташкент, 31 наурыз 2004 жыл
Арнайы полиция жасағы Ташкенттің шеткі көшелерін бақылап жүр. Ташкент, 31 наурыз 2004 жыл

Орталық Азиядағы әр түрлі этносаралық қақтығыстар советтік ұлт саясатының ұзаққа созылатын салдары екеніне Қырғызстандағы ахуал куә. Дегенмен аймақтағы мемлекеттердің бір-біріне қарсы ашық соғыс қимылдарына бара қояды деу тым артық. Әйтсе де Орталық Азияда Өзбекстанның ықпалы үздіксіз артып келе жатыр.


ЖЕМҚОР БАСШЫНЫҢ ҚАТЕСІ ҮШІН ХАЛЫҚ ҚАН ҚАҚСАЙДЫ

«Бастапқыда сыртқы бақылаушылар Қырғызстанда биліктің өзгеруі бейбіт түрде өтіп, аймақтағы тыныштық бұзылмайды деп үміттенген еді» деп жазады «Official Wire».

Алайда мұндай үміт ақталмады. Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, шілде айының 20-на қарай, республикадағы қақтығыс кезінде қаза тапқан адам саны 355 жетіп, мыңнан аса адам жарақат алып, ауруханаға түсіпті.

Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Әзімбек Бекназаров өлген адам саны тоғыз жүздің маңына барады дейді.

Шілде айының 21-іне қарай, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы туған жерінен сыртқа босып кеткен жетпіс бес мыңдай адам әлі де өз шаңырағына орала алмай, жат өңірде жүр деген мәлімдеме таратты.

Қырғызстандағы зорлық-зомбылық оқиғалары этникалық сипатта болды.

Халық орнынан күштеп тайдырған бұрынғы президент елдің оңтүстігінің тумасы болатын, ал ол өңірдегі тұрғындардың жартысы өзбектер деп есептеледі.

СТАЛИН САЯСАТЫНЫҢ ТАУҚЫМЕТІ

«БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Бас комиссары Нэйви Пилэй өзбектерге жүйелі түрде шабуыл жасалып отырғанын және олардың көбісіне Қырғызстаннан кетуі үшін қысым көрсетіліп жатқанын тілге тиек етеді» деп атап көрсетеді сайт.

Орталық Азияның бес республикасының барлығы да бұрын Совет Одағының құрамдас бөлігі болды. Ол уақытта халықаралық қауымдастық этностар арасындағы түсініспестік пен жанжалдарды ССРО-ның ішкі ісі деп қарастырып келген еді. Сталин ұлттық республикалар арасындағы мемлекеттік шекараларды «бөліп ал да билей бер» саясатын оңай түрде іс жүзіне асыра алуы үшін әдейі қалай болса, солай жүргізді.

Енді міне, осы аталған шекаралар жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында түсініспестік пен жанжал тууының ықтималдығын өсіріп отырған қауіп-қатер ошақтарына айналды.

Қырғызстан (биыл елдің оңтүстігінде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде ) Ресейден әскери көмек сұраған еді. «Дегенмен, Қырғызстан өзінің жақын одақтасы болса да, Ресей аталған жанжалға килікпеуді жөн көрді.

Құрманбек Бақиев тақтан құлатылғаннан кейін Ресей жаңа режимді ресми таныған бірінші ел болды» деп атап көрсетеді онлайн-басылым. Ресей мұның орнына Орталық Азияда өзінің мүдделерінің тепе-теңдігін сақтап қалуды артық көреді.

Бұл мемлекет, мәселен, Өзбекстанмен қарым-қатынасын дамытып, тығыз байланыс орнатуға құлшынып отыр. Аталған екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар өткен бірнеше жыл ішінде әлдеқайда салқындап кеткен еді.

ИСЛАМ КАРИМОВ МҰНДАЙҒА РИЗА БОЛМАЙДЫ

Бір қарағанда, Өзбекстан Қырғызстандағы өзбектерді қорғауға бағытталған әрбір әрекетке қолдау білдіруі керек боп көрінуі мүмкін. Дегенмен Ислам Каримов Ресей армиясы бөлімшелерінің Өзбекстан шекарасының дәл іргесіне келіп қоныс тебуін құп көрмес еді.

Аймақта ахуал шиеленісті болып қалып отырса да, оқта-текте зорлық-зомбылық жайттары бой көрсетіп қалса да, Орталық Азиядағы дәл бүгін Қырғызстаннан басқа елдерде де билік режимі өзгереді деу бос сөз болар еді. Сонымен қатар аталған себепке сәйкес аймақ мемлекеттері өзара қарулы қақтығыстарға барады деу де орынсыз болады.

«Кез-келген әлеуетті қоғамдық толқулардың артында ислам экстремизмі тұруы әбден мүмкін» деп түсіндіреді «Official Wire».

Батыстық мамандар Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанды өзара бөліп тұрған Ферғана аңғарын исламистік экстремизмнің өршуіне дем берер басты мекен деп есептейді.

«Таблиғи Джамаат» пен «Байаат» тәрізді топтар осы бір кедей, тағдыр тауқыметін әбден тартқан аймақта кеңінен қолдау тауып отыр. Ал Ауғанстанда соғыс жүріп жатқанын есепке алғанда, мұндағы ахуалдың маңыздылығы одан әрмен арта түсуі тиіс деп жазады онлайн-басылым.
XS
SM
MD
LG