Accessibility links

Өзін "жаңа құдай" деп атаған Арыстанбек Алай неден көз жұмды?


Балалары Арыстанбек Абдылдаевтың өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
Балалары Арыстанбек Абдылдаевтың өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

Ресей президентін "биоробот", өзін Қырғызстанның "жаңа құдайы" деп атаған, "қыс болмайды" деп болжаған Арыстан Абдылдаев немесе Арыстан Алай 5 қаңтарда түрме асханасында асылып өлді деп хабарланды. Ол – президент Садыр Жапаровтың тұсында қамауда көз жұмған соңғы белсенді.

Ол сұхбат алдында басына массаж жасатты.

Қырғызстанда 2017 жылы өткен сайлауда президенттіктен үміткер болып тіркелген Арыстан Абдылдаев немесе Арыстан Алай сондай өтініш жасады.

Көпшілік оны "қыс болмайды", "Ресей президенті – биоробот" деген сөздері мен көріпкелдігі арқылы танитын.

"Мен арқылы өтіп жатқан әлемнің энергиясын сезіп отырсыз ба?" деп сұрады. "Жоқ" дедім. Бірақ ол ренжіген жоқ.

– Кей адам бірден сезеді, басқалар үшін жылдар қажет, – деді Арыстан Алай.

Массаждан кейін кандидат әріптесіміз екеуіміздің жанымызға жайғасып, өзінің және Қырғызстанның адамзатты құтқарудағы рөлі туралы әңгімесін бастады. Ол кезде Арыстан Алай президенттікке екінші рет кандидатурасын ұсынып жатыр еді.

Сайлау нәтижесінде Арыстан Алай 0,1 пайыз дауыс жинады. 2011 жылғы сайлауда 0,5 пайыз қолдауға ие болған. Сол кезде оның баспасөз конференциясында айтқан "болашақтың кодын білемін", "қыс болмайды" деген сөздері ел аузына тарап кеткен.

2021 жылы Арыстан Алай тағы да президент сайлауына түсіп, Қырғызстанның қазіргі басшысы Садыр Жапаровтан жеңілді. Енді ол төртінші рет сайлауға түспейді.

Арыстанбек Абдылдаев президентті сайлау науқаны кезінде. 2020 жылғы желтоқсан.
Арыстанбек Абдылдаев президентті сайлау науқаны кезінде. 2020 жылғы желтоқсан.

Былтыр 15 желтоқсанда туыстары Арыстан үйге келмеді деп дабыл қағып жатқанда, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті оның діни араздық туғызды деген айыппен ұсталғанын мәлімдеді.

5 қаңтарда комитет Абдылдаев Бішкек іргесіндегі арнаулы емдеу-түзету мекемесінің асханасында асылып өлгенін хабарлады. Түрме басшылығы Арыстанның ақыл-есі өзгеріп, "галлюцинация" басталғанын сылтауратып, адвокатына хабар берместен оны емдеу мекемесіне жатқызған.

Абдылдаев – Жапаров билікте болған үш жылда қамауда қаза тапқан белсенділердің бірі. Жапаров билікке келген соң Қырғызстан демократия индексінде "еркін емес" елдер тізіміне кіріп, авторитар көршілерінің қатарына қосылды.

Абдылдаевтың қазасының символикалық мәні бар.

Қырғызстан бір кездері Абдылдаев сияқты тәуелсіз кандидат президенттік бәсекеге түсе алатын еркін мемлекеттен түрмедегі адамдары қамаудан тірі шығатынына сенбейтін елге айналды.

"СЕНІ КІМ АСЫП ӨЛТІРДІ?"

Абдылдаевтың қазасын бас прокуратура мен әділет министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссия зерттеп жатыр. 5 қаңтарда әділет министрі Аяз Баетов Facebook парақшасына "Бейнебақылау камерасынан алынған кадрлар тұтқында суицидиалды мінез-құлық белгілері болғанын көрсетті" деп жазды. Министр бұдан өзге ақпарат бермеді.

Абдылдаевтың балалары оның өзіне қол салғанына сенбейді.

7 қаңтарда Торо Абдылдаев әкесі ұзақ жыл қайырымдылық жобаларына қолдау көрсетіп келгенін, жас кәсіпкерлерге пайызсыз несие бергенін еске алды.

– Бір тілегім орындалатын болса, әкемнен "Қалайсың? Сені кім асып өлтірді?" деп сұрар едім, – деді Торо Абдылдаев Бішкектің іргесіндегі Орок ауылында өткен жаназада тұрып.

Марқұмның әпкесі Ақсана Арыстанбекова інісімен соңғы рет сөйлескенде көңіл-күйі жақсы болғанын, жақында түрмеден шығамын деп үміттеніп жүргенін айтады.

Жақындарының сөзінше, марқұмның денесінен асылу белгілеріне ұқсамайтын көгерген іздер табылған. Биліктің Абдылдаевты неге ұстағаны – бөлек әңгіме.

Абдылдаев Жапаров билікке келмей тұрып, өзін құдайға теңеп, "әлемді қырғыздар билейтін болашақты көрдім" деген кезден бастап қудалау көрді. Ол кезде де билік діни араздық туғызу бабы бойынша іс қозғады.

Қамшыбек Тәшиев пен Садыр Жапаров (оң жақта) Бішкектегі салтанатты шарада. 2022 жылғы наурыз.
Қамшыбек Тәшиев пен Садыр Жапаров (оң жақта) Бішкектегі салтанатты шарада. 2022 жылғы наурыз.

Абдылдаевтың жақтастары баспасөз конференциясын өткізіп, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырды.

– Қырғыздың бәрі – құдай. Ата-бабамыз құдай болған, біз де құдаймыз. Онда бәрімізге қарсы іс қозғасын, – деді жиналғандар.

Көп ұзамай Абдылдаевқа қарсы іс тоқтады.

Бірақ бұл жолы ол оңай құтылып кете алмады.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің 15 желтоқсандағы мәлімдемесінде "Ол өзін "жаңа құдай", "құтқарушы" деп атайды. Басқа діндер мен наным-сенім өкілдерін кемсітіп, адасқандарға балайды" делінген.

Дәл сол аптада Абдылдаевтың жақтасы Азаттыққа аноним сұхбат беріп, комитеттің мәлімдемесін және Арыстан өзін қолдайтын әйелдермен жақын қарым-қатынаста болған деген айыпты жоққа шығарды.

– Жасы мен кәрісі, ері мен әйелі бар, аптасына үш рет жиналамыз. Арыстан Алайды тыңдау үшін шалғай өңірден де кісілер келетін. Ол өз дәрістерінде жаңа дәуір, жаңа ғылым өркениеті туралы айтатын. Дін туралы сөз қозғаған емес. Керісінше, жаңа дәуірде барлық дін өкілдері бірігеді дейтін, – деді ол.

"САДЫР ЖАПАРОВТЫ СЫНАҒАН"

Абдылдаев арасында саяси мәселе көтеретін.

Былтырғы екі сұхбатында Жапаровтың билікке келуін "қырғыз халқының трагедиясы" деп бағалаған. Ол президент төртінші революция кезінде биліктен қуылады деп болжады.

Қырғызстанда жүргенде соңғы сұхбатымды Абдылдаевтан алдым.

Ең алғашқы сұхбатыма Қырғыз-Ресей университетінің оқытушысы Марат Қазақпаев келіп еді. Оның телефон нөмірін азаматтық қоғам басшысы берген.

– Оған тәуліктің кез келген сағатында хабарлассаңыз болады. Әңгімелескенді жақсы көреді, – деді телефон нөмірін берген кісі.

Қазақпаев шынымен көсіліп сөйледі. 2021 жылы сәуірде саясаттанушыға мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылып, түрмеге жабылды.

Марат Қазақпаев
Марат Қазақпаев

Жапаровтың серіктесі, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Тәшиев Қазақпаевқа қарсы тергеу бұрынғы президенттің тұсында басталғанын айтты. Бірақ Жапаров пен Тәшиевтің кезінде – 2022 жылы 10 маусымда Қазақпаев түрмеде отырған жерінен комаға түсіп, ауруханада көз жұмды.

Қайтыс боларынан бір жыл бұрын Қазақпаев комитет қызметкерлері қоқан-лоқы көрсетіп жатыр деп шағынған, бірақ Тәшиев мұны жоққа шығарды. 2022 жылы сәуірде Қазақпаевтың әйелі Анара Қазақпаева азаптаудың алдын-алу жөніндегі ұлттық орталыққа күйеуінің денсаулығына қауіп төніп тұрғанын айтқан.

Медициналық тексерістен кейін Қазақпаевта гипертонияның (жоғары қан қысымы) ауыр түрі анықталған. Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық орталық Қазақпаевты түрмеден босатып, емдеуге жіберуге шақырды. Бірақ комитет бұл өтінішке құлақ аспады.

Қазақпаевтың қазасынан кейін бір аптадан соң жемқорлық бабымен айыпталған белгілі банкир түрмеде көз жұмды. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет Бақыт Асанбаев өзіне қол салды деп мәлімдеді.

Қырғызстанның сол кездегі омбудсмені Әтір Абдрахматова қайғылы жағдайдың алдында Асанбаев адвокаттың қатысуынсыз тергелгенін айтып, суицид нұсқасына күмән келтірді.

– Онда Асанбаевты неге басқа камераға ауыстырған? Камерада неге ұзартқыш (удлинитель) сияқты заттар болған? – дейді омбудсмен.

Садыр Жапаров билігі тұсында қызметінен айырылған Қырғызстан омбудсмені Әтір Абдрахматова.
Садыр Жапаров билігі тұсында қызметінен айырылған Қырғызстан омбудсмені Әтір Абдрахматова.

Үкімет тарапынан жүргізілген зерттеулер биліктің кінәсі жоқ деп тапты. Есесіне билік Абдрахмановаға шүйліге бастады. 2023 жылы мамырда парламент Абдрахманованың орнына басқа адамды тағайындады.

10 қаңтар – Жапаровтың билікке келген күні. Бұрынғы оппозициялық тұлға конституциялық өзгерістер енгізіп, парламенттің билігін әлсіретіп, өз құзыретін күшейтіп алды. Қырғызстанның туын ауыстырып, өз сыншыларын қудалап, елді өз ырқына қарай бейімдей бастады.

2021 жылғы сайлауда Жапаровпен бірге сынға түскен 16 кандидаттың 9-ы түрмеде отырып шықты, бір тұтқын қамауда қаза тапты.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG