Accessibility links

"Өзіне қол салған", "сапта есінен танып қалған". Әскерде өлім-жітім неге көбейді?


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Ал ресми орындар мұның артында әлеуметтік себеп жатыр деген ойда. Сонымен, мәселе қалай шешілмек?

Қорғаныс министрлігінің тамыздағы мәліметінше, жыл басынан бері төрт сарбаз өзіне қол салып қаза болған, жеті солдат суицидке талпынған, тағы бір жауынгер "сапта тұрғанда есінен танып, көз жұмған". Әскерде өлім жиілеген тұста қорғаныс министрлігі президент Тоқаевтың тапсырмасынан соң өлімді азайту үшін арнайы бағдарлама жасамақ. Ал марқұмдардың жақындары тергеудің нәтижесі мен барысы ашық айтылмайтынына наразы. Әскери психолог пен отставкадағы әскерилер жауынгерлердің өлімін азайту үшін алдымен осыған дейін болған жағдайларды жеке-жеке тексеріп, ашық тергеу жүргізу керек деп санайды.

ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДАҒЫ ЖАУЫНГЕРЛЕР ӨЛІМІ

Ұлттық ұланның Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінің арнайы комендатурасын басқарған аға сержант Абылай Мерғалиев 30 шілдеде Ақтау маңындағы Басқұдық ауылындағы үйінің дәретханасында асылып тұрған күйі табылды. 1 тамызда жақындары 32 жастағы Абылайды Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданына апарып жер қойнына тапсырды. Мерғалиевтің туыстарының сөзінше, ол дәретханаға барамын деп шығып кетіп, ұзақ уақыт оралмаған. Кейін дәретхананың есігін қаққанда ашпаған соң, балтамен бұзып кіргенде асылып тұрғанын көрген.

Марқұмның артында әйелі мен кішкентай қызы қалды. Әйелі Сәуле "ренжуді білмейтін адам еді" деп күйеуінің өзіне қол салуына не себеп болғанын түсінбей дал.

– Үнемі күліп жүретін еді. Тіпті ренжіп тұрса да білдірмейтін. Жұмыстағы әр солдаттың жағдайына алаңдайтын. Басқалар жұмыстан кешкі тоғыздарға қайтып жатса ол түн ортасына дейін жүретін. Банкке баспана үшін ақша жинап жүрдік. Бәрі де жақсы еді. Ол өзінің жұмысын да, өмірді де қатты жақсы көретін. Шәй десіп көрген жоқпыз. "Өзіне қол салуға не себеп болды?" деген сұрақты бірнеше күннен бері Абылайға да ойша қойып келемін, “неге?” деймін. Ештеңе айта алмаймын, өзіне қол салғаны ақылға сыймайды, – деді марқұмның әйелі егіліп.

29 шілдеде Ұлттық ұланның Степногорскідегі 3517 әскери бөлімнің қатардағы жауынгері 27 жастағы Н.Оразбай жұмыс орны – автопаркте өлі табылды.

Ұлттық ұланның ақпаратына қарағанда, 29 шілде түнге қарай автопарк бойынша тәулік кезекшілікте тұрған Оразбай дәретханаға кетіп, кері оралмаған. Кейін оның сол жердегі қоймадан асылып тұрған күйі тапқан. Оразбайды Степногорскідегі орталық ауруханаға жеткізгенімен, көмек көрсетуге тым кеш болған. Жетісу облысының Панфилов ауданында туған Оразбай Ұлттық ұлан қатарына былтыр күзде шақырылған.

Ұлттық ұлан екі жауынгердің суициді туралы тексеру құпиясына сілтеп, өздері жариялаған ресми ақпараттан өзге ештеңе айтпады.

Ұлттық ұланда қызмет еткен екі сарбаздың топырағы әлі кеппеген тұста, 10 тамызда тағы бір сарбаздың қаза тапқаны жайлы хабар тарады. Ұлттық ұлан жауынгері Шахимов Алматы облысы 5574 әскери бөлімінің жаттығу алаңында басына темір тиіп, жараланып, Қонаев қаласындағы ауруханада көз жұмғаны хабарланды. Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс басталған.

“БАЛАҢЫЗДЫ ТАБА АЛМАЙ ЖАТЫРМЫЗ”

Биыл 10 сәуірде Жамбыл облысындағы “Андас батыр” шекара бекетіндегі қатардағы жауынгер 19 жастағы Ұлықбек Бердешовтің жартасқа асулы денесі Қырғызстан аумағынан табылған. Шекара қызметі оның ата-анасына "алдын ала нұсқа бойынша, балаларыңыз өзіне қол жұмсаған" деген, медициналық сараптама сарбаздың "ішімдік ішкенін көрсеткен". Тергеу әлі аяқталған жоқ. Алайда марқұмның анасы Орынгүл Мерекова мұнымен үзілді-кесілді келіспейді. Ол баласы туралы ақпаратты бір күн күтіп, ақыры табылмады деген соң туыстарымен бірге өздері іздеуге шыққанын айтады.

– Баламды Қырғызстан жеріндегі таудағы жартаста асылып тұрған жерінен 9 сәуірде өзіміз тауып алдық. Оның жерде жатқан киімдерін сол жерде жүрген қырғыз қойшысы тауып алған. Киімді көрдік, "бушлатында" (жауынгерлер киетін қалың киім – Ред.) баламның аты-жөні жазулы екен. Ал бас киімінде "Макс" де жазылған. "Бушлатты" көріп қуанып кеттім. Күн ыстық болған соң шешіп тастап кеткен шығар, осы маңда ғой деп ойладым. Балам асылған жартастан оның әскери бекеті көрініп тұрды, алыс емес, шамамен екі шақырым ғана, – дейді ол.

Марқұмның анасының қолында әскери тергеу басқармасы жасатқан медициналық сараптама мен қырғыз тарабы жасаған сараптама қорытындысы бар. Екеуінде де баласының “өз денесінің салмағымен асылғаннан буынып өлген, қанында этил спирті бар екені анықталды” деп жазылған.

– Баламды жерлегелі төрт айдан асты. Маған 1414 қызметінен шекара бекеті бастығы мен командирінің қызметі төмендегені туралы ғана ақпарат келді. Ал әскери тергеу басқармасындағылар “балаңыз қашып кетіп, өзі асылып өлген” дегенді айтады. Мен мұнымен мүлде келіспеймін. 28 ақпан күні ғана күні бойы бірнеше рет баламмен сөйлестім. Ол армандарын айтты “үлкен қылып үй саламын, мама, сені бағамын, үйленемін, уайымдама, бәрі де жақсы болады” деген. Сондай арманы бар бала қашып, асылып қалды дегенге қалай сенуге болады? – дейді ол.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚК) шекара қызметі сарбаз Ұлықбек Бердешовтің қазасы туралы ақпарат бермеді. Шекара қызметі бұл оқиғадан соң “алдын ала диагноз: күш қолдану белгілері байқалмаған асфиксия” деген мәлімет таратқан еді.

МАҢҒЫСТАУ МЕН ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ОҚИҒАЛАР

Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімге келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгер жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бастапқыда жауынгердің "таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны", артынша көз жұмғаны хабарланған. Кейін қорғаныс министрлігі "Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ биыл маусым айында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімінде түркістандық 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев қаза тапты. Шекара қызметінің баспасөз бөлімі "Еділ Тешебаев өзіне қол жұмсады, алдын ала ақпарат бойынша, суицидке әскери қызмет емес, отбасылық-тұрмыстық проблемалар себеп болған, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр" деп хабарлаған. Ал сүйекті әкелген әскери қызметкерлер марқұмның жақындарынан кешірім сұраған еді.

Ұлы Еділ Тешебаевтың мәйітін әкелген әскери қызметкерлерге әкесі Бақыт Алтынбеков сұрақ қойып отыр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы. 6-маусым 2022 жыл
Ұлы Еділ Тешебаевтың мәйітін әкелген әскери қызметкерлерге әкесі Бақыт Алтынбеков сұрақ қойып отыр. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы. 6-маусым 2022 жыл

Бірақ марқұмның ата-анасы баласы "жиі ақша сұрағанын", "мәйітін әкелгенде шаты көгеріп, басы қисайғанын" айтқан.

Бейнеу шекара қызметінде қайтыс болған сарбаз Еділ Тешебаев. Сурет отбасынан алынды.
Бейнеу шекара қызметінде қайтыс болған сарбаз Еділ Тешебаев. Сурет отбасынан алынды.

Бұдан бөлек желіде Еділдің "қоштасу хаты" деген сурет те тараған. Хатта "әскери қызметкерлерді кінәламауды өтініп, отбасындағы кедейлікке шыдамай өмірден кетуге бекінгені" жазылған және хатта жақын туыстарының аты аталған. Еділдің жақындары хатты ол жазды дегенге сенбейді.

Әскерде өзіне қол салудан бөлек, әскери борышын өтеп жүріп зардап шеккендер де бар. Мәселен, биыл Маңғыстау облысындағы "Бекет ата" оқу-жаттығу полигонында мина жарылып, облыстағы 99116 әскери бөлімінің қатардағы сарбаздары Нұрлан Асқарұлы мен Нұрсұлтан Сейілбекұлы жараланды. Асқарұлы қазір ауруханадан шығып, Алматыдағы үйінде ем-домын жалғастырып жатыр. Бірақ денесінде мина жарықшақтары әлі қалып қойған.

– Біз оқу-жаттығудан кейін жарылмай қалып қойған миналарды жинаймыз. 28 сәуір күні командир "жарылмайтын миналар, жинаңдар" деген соң бұйрықты орындауға кірістік. Бірақ ол жарылып, бес адам жарақат алдық. Бастысы аман қалдық. Бірақ денемде мина жарықшақтары қалып қойды. Дәрігерлер оның кейбірін алуға болады, ал кейбірін болмайды деп отыр. Жүре алмаймын. Оң қолымның екі саусағын жұлып кетті. Нұрсұлтан Сейілбекұлының жағдай ауыр, мина жарықшағы басына тиген, – дейді ол.

Нұрланның анасы Ботагөз Әбдікәрімова адвокат жалдап, бірнеше мәрте арызданған соң ғана оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады.

Ал қорғаныс министрлігі Азаттыққа берген жауабында "рота командирінің үстінен қызметіне салғырт қарағаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Ал Ақтөбе гарнизонының әскери соты тараптардың келісімге келуіне байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Рота командирі қарулы күштер қатарынан қуылды" деп хабарлады.

"ӘСКЕРДЕГІ ӘР ЖАҒДАЙ АШЫҚ ТЕКСЕРІЛУІ КЕРЕК"

"Батыл тойтарыс-2022" әскери оқу-жаттығуға қатысып жатқан әскери қызметкерлер. Сәуір, 2022. Ортада - министр Руслан Жақсылықов. Қорғаныс министрлігінің Facebook парақшасынан алынды.
"Батыл тойтарыс-2022" әскери оқу-жаттығуға қатысып жатқан әскери қызметкерлер. Сәуір, 2022. Ортада - министр Руслан Жақсылықов. Қорғаныс министрлігінің Facebook парақшасынан алынды.

Маусымда қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов солдаттардың өліміне "әскер ғана кінәлі емес, олар әскерге қоғамнан өздерінің проблемаларымен келді, біздің мақсат – ересек адамға мәселесін шешуге көмектесу, әскери қызметке бейімдеу" деген еді.

Ал қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев 2 тамызда астанадағы брифингте солдаттардың суицид жасауына әлеуметтік жағдай әсер етеді деп, "әскерилер арасындағы өлімге төленбеген несие де себепкер" деген еді. Ахмедиевтің сөзінше, жыл басынан бері төрт әскери өзіне қол салып қаза болған, жеті жауынгер суицидке талпынған.

Қазақстан қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығының бұрынғы бастығы, полковник Мұхтар Қарабеков министр мен вице-министрдің сөзімен келіспейді. Ол әр қаза мен әрбір жағдайды жеке-жеке тергеп-тексеру керек деп санайды.

– Қатардағы жауынгерлер 24 cағат бойы бақылауда. Түнде де бөлімдерде, батальонда міндетті түрде кезекші офицерлер бар. Сондықтан солдаттар өздері кінәлі деу дұрыс емес. Суицид жасаған жауынгер басқа планетадан келген жоқ, ол сол бөлімде өмір сүріп жатыр. Ендеше әр жағдай ашық тексерілуі керек. Оған журналистерді де қатыстырсын, бұл әскери өлім төңірегіндегі дабыраны азайтады, – дейді ол.

Ауған-тәжік шекарасындағы соғыста болған подполковник Мұрат Мұхамеджанов та "Әскери ғимараттарда, казармаларда барлық жерде видеобақылау орнатылған. Ол тіпті дәретханаларда да бар. Сондықтан тексеру оңай" дейді.

“СУИЦИДТІ ЕРТЕ БАЙҚАУҒА БОЛАР ЕДІ”

Медициналық және психологиялық орталық директоры, Қазақстан психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко суицидтің алдын алу үшін әскердегі психологиялық жұмыстарды күшейту керек деп санайды.

– Бұл жерде психологтардың командасы қырағы болуы тиіс, себебі адамдарды бақылау, арнайы тестілеу арқылы мұндай жағдайларды алдын алуға болады. Бұған көп назар аударылмаған сияқты. Біріншіден, суицид жайлы ойы бар адамдар әскерге алынбауы керек. Әскерге психологиясы тұрақты адамдарды алған дұрыс. Марқұмдардың туыстары ақжарқын адам еді дейді. Бірақ олай болмайды, оның мінезінде жай адам байқай бермейтін белгілері болады, оны мамандар анықтауы тиіс. Бұған қоса, командирлер де қарамағындағы адамдарды бақылауы керек, – дейді әскери салада 25 жыл қызмет еткен психолог.

Әскери тақырыпта жазып жүрген журналист Амангелді Құрметұлы.
Әскери тақырыпта жазып жүрген журналист Амангелді Құрметұлы.

Ал әскери тақырыпта жазатын журналист Амангелді Құрметұлы әскерде сарбаздардың оқыс оқиғадан зардап шегуіне офицер, командирлердің салғырттығы мен техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп деп санайды.

– Дауылда басына соққы тию не оқу-жаттығуда мина жинау кезінде сарбаздардың жаралануы, соңы өлімге апарып соқтырған оқиғалардың бәрі осы қауіпсіздік техникасының сақталмауына байланысты. Жалпы армия 30 жылдың ішінде қауіпсіздік техникасын сақтамаудан зардап шегіп келе жатыр. Оған қоймадағы жарылыстар, бүлінетін техникалар мысал. Сондықтан мұндайдың алдын алу үшін қорғаныс министрлігінің, ұлттық ұланның, шекара қызметінің техникалық жарақтануын, мамандардың білігін арнайы комиссия арқылы алдағы үш жылдың ішінде тексеру керек, – дейді ол.

Әскери журналист әскердегі оқыс оқиғалар мен өлімдерді қорғаныс министрлігі тексермеуі керек деп санайды. Ол мұндай оқиғалардың анық-қанығын анықтайтын арнайы комиссия құрылуы тиіс деп есептейді.

– Мысалы, әскерилерді қорғаныс министрлігінің мамандары тексереді. "Қарға қарғаның көзін шұқымайтынын" ескерсек, көп олқылық жасырылуы мүмкін. Сол себепті қорғаныс саласын бақылайтын, әскердегі әлімжеттік, тәртіп-тәрбие сияқты мәселелерді аяқасты тексеруге құзіретті президент жанынан қоғамдық комиссия керек деп санаймын, – дейді Құрметұлы.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа берген жауабында әскердегі адам шығынын азайту үшін "Өміріңді сақта" деген ведомоствоаралық бағдарлама жасап жатқанын хабарлады. Маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әскерде жиілеген адам өлімін тексеру үшін қорғаныс министрлігіне арнайы комиссия құруды тапсырған еді.

Қорғаныс министрлігі әскерилердің моральдық-психологиялық ахуалын бақылау үшін тәрбие жұмыстары, жасырын, әлеуметтану сауалнамалары жүргізілетінін, әскери қызметкерлерді бақылау үшін "Жауынгерлік дос", "Серіктес", "Пирамида" бағдарламалары қолданылатынын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG